Қызық хикаяларОқи қалар оқиғалар

Текетіреспен өткен өмір

Бірер жұмыстарым болып, ауданнан келе жатқам. Ауылға жарты сағаттан соң автобус болады. Алдын-ала билет алып, автобекет алдына қойылған ұзын орындықтардың біріне отыра кеттім.

Күн суықтау еді, мезгіл – қазан  айының ортасы. Сарғыш жапырақтар саудырап ағаштардың басынан қалықтап түсіп жатыр. Шақпақтың  өңменіңнен қарып өтер қара суық желі өршелене тұрып тұр. Сол кезде:

– Өй, сен Өміртай емессің бе? – деген дауыс ту сыртымнан шықты. «Бұл кім еді?» – деп онша назар аудармай бұрылсам,беті бұжыр-бұжыр, қарасұрлау келген жігіт екен. Көнелеу малақайының арасынан ағы-қарасы аралас сиректеу шаштары тікірейіп шығып тұр. Жүзі, даусы таныс сияқты. Бірақ онша жыға тани алмай тұрмын.

– Сен не, мені шынымен-ақ танымай тұрсың ба? Нығметпін ғой…Есіңде ме, 9-10 класта интернатта бірге жатқанымыз? Мен «Жаңа жол» ауылынан  болам.

– Ә, есіме енді түсті. Нығмет, жағдайың қалай, достым? – деп екеуіміз құшақтасып қайта көрістік.

– Алмен сені бірден таныдым. Сол баяғы қалпың. Ауруханада жатып шықтым,енді ауылға кетіп барам, – деді ол даусы  дірілдей. Күтпеген кездесу оны да толқытып жіберсе керек.

Менің көз алдыма бұдан қырық жылдай  бұрынғы Нығмет елестеді. Үсті-басын мұнтаздай таза ұстайтын, өткір қара көзді бала сабаққа өте үздік болатын. Мектеп қабырғасында жүргеннің өзінде-ақ оның жүрегін жарып шыққан балауса өлеңдері аудандық газетке шығып тұратын. Ол кездегі Нығмет қандай, қазіргі Нығмет қандай? Шашы мынау мезгілінен ерте   ағарған. Киген киімдері де олпы-солпы. Жоқ әлде жағдайы онша болыңқырамай жүр ме?

– Темекі шекпейсің бе, Өміртай? – деді Нығмет қалтасынан бір қорап «Астра» темекісін шығарып жатып. Мен «шекпеймін» дегендей басымды шайқадым.

– Темекімен достасып келе жатқаныма жиырма  шақты жыл болды. Бұрын тартпайтынмын. Өміртай,егер жалықпасаң, мен саған өз өмірім жайлы біраз сыр шертсем қалай болады? Саған іште мұз болып қатып қалған сырымды айтсам, мүмкін жеңілденіп қалармын… – деп Нығмет менің жүзіме барлай қарады.

– Неге жалығайын? Айтам десең мына екі қалқан құлағым  тыңдауға әр қашан да әзір емес пе? – дедім қалжыңдап. Нығмет темекісін сол жердегі күл-қоқыс тастайтын темір қорапқа тастады да жаныма келіп  отырды. Одан әрі тамағын бір кенеп алды да әңгімесін бастай жөнелді.

– Мектеп бітірген соң жоғары оқу орындарының біріне барған ем, жолым болмады. Содан салым суға кетіп, ауылға келдім. Ауылда жүріп, әр жұмыстың басын шалған болдым. Күзде Қарабұлақ ауылындағы механизаторлар даярлайтын курсқа оқуға бардым. Осындаоқып жүргенімде Рауза есімді татар қызымен таныстым. Алдымен біз айнымас дос болдық. Оның арты кіршіксіз шынайы махаббатқа айналды. Арамызда ашылмаған сырлар қалмады. Оқу бітіп, қоштасар сәт те  туындады. Біз үйленбекші болдық. Бірақ анам көнбеді, «ол басқа ұлттың қызы, болмайды» деп. Анамның сөзін ағайындарым да қостады…

Мен жылағандай болып оны Раузаға айттым. Оның да жәудіреген көздерінде мөлдір тамшы тұнып тұрды. Біз сонда да болса бір-бірімізді қимай хат жазысып тұрдық. Осылай қамкөңіл болып жүргенде Рауза көлік апатына ұшырады. Жеңіл машинада отырғандардың бәрі тірі қалады да, айла таптырмас сұм ажал менің Раузамды өзімен бірге ала кетті.

Шынымды айтсам,бұдан кейінгі өмір маған бұлыңғыр болып кетті. Көз алдыма үнемі Раузаның сүйкімді жүзі елестейді де тұрады. Өзімнен-өзім сөйлеп, түнімен күңіреніп шығатын болдым. Ағайындарым менің бұл әрекетіме шамданып, сыртымнан «есуас» деп ат тағыпты. Өздерінше жандары ашыған болып, «осы есуасты тезірек үйлендірейік. Жалғыз шешесіне обал болды байғұстың», – деп Құланды ауылының бір қызымен таныстырмақшы болады. «Бір үйді еркін меңгеріп кетеді, өзі пысық. Сені адам етеді», – десті. Әйтеуір адамзат баласына бір үйлену керек шығар, «маған енді бәрібір, қыз көнсе, мен көндім», – дедім.Олар маған болашақ  жарымды  көрсетті, есімі Салиха екен.Менің көзіме ол көп сөйлемейтін тұйықтау жан болып көрінді.

Ақыры ол біздің үйге келін болып түсті. Құтты болсын айтысып ауыл-аймақ, үй-іші мәре-сәре болысты. Салиха ә дегеннен-ақ үй билігін өз қолына ала бастады. Жаратылысы сол ма, әлде маған ерегісе ме білмеймін, әйтеуір қабағы бір  ашылмайды. «Шаршап тұрмын, су әкеле салшы, ауырып тұрмын, үйді сыпыра салшы» деп мені ә дегеннен үй жұмысына жегіп тастады. Мен оның тілін алып жүрдім. Осылайша ол адам жұмсағыш болып алды. Таңертең кеш тұрады. Сиырды апамның өзі сауып, өріске айдайды. Өзі шәниіп жатып маған «газға шай қоя салшы» деп бұйырып тұрады. Апам онысын есітіп:

– Оның болмайды, шырағым. Еркекті үйдің ұсақ тірлігіне тықпалай берме. Ондай жұмыс өзіңнен-ақ артылмайды ғой, – деп бірде қатты  айтып тастады. Салиха сазарып үндемей қалды. Бірақ бұл алдамшы көрініс екен. Күндер өте келе ол енді  апаммен де сөз қағыстыратынды шығарды. Апамды «қақпас», мені «сүмелек» деп ашық айтатын болды. Осындай сөздерін есіткен соң менің де тілім шығып жатты. Осылайша біздің үйдің берекесі кете бастады.

Бір үйде үш жан болсақ та алты  бөлмелі үлкен үйге сыймадық. Арада екі жыл өткенде Мұрат есімді сәби дүниеге келді. Жас нәресте біздің үйге енді шаттық әкеле ме деп ек, ол да болмады. «Бетінен сүйме, ауруың жұғады», – деп Мұратты апама жолатпауды әдетке айналдырды…

Сонымен қойшы, кәрі анамды жалғыз қалдырып…Біз қақаған қыста бөлек шықтық. Мен Салихамен сол кезде ажыраспақ та болдым. Сізден ешқайда да кетпеймін деп те жыладым. Анам көнбеді. «Мұратыңды әкесіз қалай өсірмексің, қой, балам, мен өлмеспін. Алдарыңнан жарылқасын», – деп қоймады. Әйтсе де, бөлек шықсақ та біз тату-тәтті тұрып кете алмадық. Оның ұрысының ішінде ылғи менің туысқандарым да қоса жүреді. Сонымен береке кеткен үйге жан баласы басын сұқпайтын болды.

Өткен жолы құрылыста бірге істейтін жолдасымды үйге ертіп келдім. Салиха мұнымды, әрине, жақтырмай қалды. Дайын дастарханды жаймай, жалпақ үстелге жыртық газет төсеп, тамақты соның үстіне қойып берді. Жанымызда отырған Мұрат абайсызда шайын төгіп қойып еді, оны сол мезет  шырқырата ұрды. Сосын  сыпырғымен паластың шаңын бұрқырата сыпырды…Ал біз шай ішіп отырмыз. Қасымдағы жігіттен өлердей ұялғаным-ай.

Қарап тұрсам, үйленгенімізге жиырма  бес жыл болыпты. Осы аралықта мен Салиханың аузынан «о, сүмелек, кеңкелес, жарымес» дегеннен басқа, жақсы сөз есітіп көрмеппін. Бір жолы қатты ұрыс кезінде шыдай алмай, қушиған жағынан шапалақпен тартып кеп  жіберіппін…

Сол сол-ақ екен, шыңғырып, көшеге жүгіріп шықты. «Ойбай, өлтірді,өлтірді.Құтқарыңдар, ойбай!»– деп айқайға басты. Одан әрі жер тырмалап аунап, үстіне, шашына топырақ шашқанда өзімнің де иманым қалмады…

Жасыратын несі бар, талай рет ажырасып та кетпек болдым. Ондайда жалғыз ұлым Мұратымды қимаймын. Үйде жанжал болғанда ол менің бауырыма тығылып отырады. Мойнымнан құшақтай түсіп, кәдімгі ересек адамдарша күрсінетінін қайтерсің.

Шіркін-ай, өзіммен қатар жүрген достарымның тату-тәтті отбасыларын көріп, қатты қызығамын. Менің де солардай өмір сүргім келеді. Бірақ ондай атты күн қайда? Осылайша ұрыс-керіс, текетіреспен өміріміз өтіп барады.

Әрине, мұның бәріне Салиха ғана емес, мен өзімді де кінәлімін деп білем. Өйткені аурудың алдын алғанда мұндай жағдай болмас па еді. Өз бақытым үшін күресе алмағаныма өкінемін. Сенен сұранатыным, біздің осы мәнсіз, текетіреспен өткен өмірімізді  жарыққа шығаршы. Мүмкін санасы болса газет бетінен оқып түсінер. Өз қылығынан өзі ұялар. Тек атымызды өзгертіп жазсаң болғаны.

…Нығмет осылайша әңгімесін аяқтады. Мен не дейін? Сол кезде автобекеттегі кезекші диспетчер  дауыс күшейткіш арқылы біздің автобустың жолға шыққалы тұрғанын  хабарлады. Мен Нығметпен асығыс қоштасып, автобусқа қарай асықтым. Содан жолаушыларға лық толған автобус та орнынан қозғала берді. Көңілім өзінен-өзі жабырқай түсіп, көліктің терезесінен сыртқа көз тастаймын. Онда шашын ақ қырау басқан, жұпыны киінген Нығмет досым қалып барады…

Орынтай  КӨМЕКОВ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button