Оқи қалар оқиғалар

Тайлақтың тағдыры

Ауылда тұрған соң қолымызда азын-аулық мал ұстаймыз. Жалғыз сауынды түйем болатын. Ол да өте жай, маусым айында боталады. Әлгі түйе ботасына бірде келіп, бірде келмей, далада түнеп қалып жүрді. Тамыз айының ортасында түйе жоғалып кетті. Ботаны қорадан далаға шығармай, қыс бойы қолда ұстадық. Алдына жемін, суын, шөбін үзбей бердік.

Қыс кетіп, жаз шықты. Әлгі жетім бота жарылардай семіріп, тайлақ болды. Ел қорадағы малдың бәрін далаға шығарды. Біз де жеті ай қорада қамалып тұрған тайлаққа еркіндік беріп, бостандыққа шығардық. Түйеге қосып далаға айдадық, бірақ әлгі тайлақ түйеге ермей, қорадан шыр айналып шықпай қойды. Тамақ бермей, қораның есігін жауып қойдық. Сонда да тайлақ қораның алдына келіп, шөгіп жатып алды. Үйдің есігінен адам шықса болды, тұра ұмтылады. «Жуынды құяр ма екен» деп артыңнан қалмайды.

Тайлағымның жағдайын айтып, көрші шалдан кеңес сұрадым. Көпті көрген көнекөз қария ұзақ жыл мал баққан кісі еді.

– Шырағым, тайлағыңды бота кезінен қараңғы қорада ұстапсың. Сондықтан екі көзі алысты көрмей қалған. Далаға шықпағасын, еркіндікте жүрмегесін аяғы да маймақ болыпты. Керек десең, тайлағыңның мойны шөпті жұлып жеуге жерге жетпейді. Қараңғы қорадан бірден жарыққа шыққан соң еркіндікке үйрене алмай, басы айналып, әбден мәңгүрт болып қалған ғой, – деді.

– Ақсақал, енді мен не істейін? – деп сұрадым.

– Еркіндікке үйрену үшін біраз уақыт керек. Сен тайлағыңды шөбі шүйгіндеу, жусаны қалыңдау жерге апарып, арқандап қой. Бір айға дейін солай істесең үйреніп кетеді, не дегенмен түз малы ғой, – деп кеңесін айтты қария.

Біз қарияның ақылын тыңдап, күнде таңертең ауылдың алдына шығарып, арқандап қойып жүрдік. Сөйтіп жүргенде, бір күні ауылға аудан орталығы Шетпеден орыстың жер қазатын тракторы келе қалды. Әркім ақшасын төлеп, қорасының айналасын тазартып жатыр. Мен қораның дәл іргесінен күл-қоқыс төгетін үлкен шұңқыр қаздырдым. Әлгі көрші қария келіп:

– Балам, қораның түбінен шұңқыр қазып жатқаның не? Ертең малың түсіп кетеді ғой, күбірді елге ұқсап көлікке тиетіп, далаға төкпейсің бе? – деп ескерту жасады.

– Ой, ақсақал, қоқыс үшін көлік жалдап, екі шығынға қалып жатамын ба? Керек болса сіз де күбіріңізді осыған төге беріңіз, әдейі терең қылып қаздырып жатырмын, – дедім.

Арада үш аптадай уақыт өтті. Күнде таңертең балаларым әлгі тайлақты бақыртып-шақыртып жетектеп бара жатады. Бұл тірліктен олар да әбден жалықты. 21 күн дегенде тайлақты «үйренген шығар» деп, босатып жіберіпті. Әлгі тайлақ «қора қайдасың?» деп тапырақтап, ауылға қарай шаба жөнеледі.

Иә, не боларын ішіңіз сезіп отырған болар? Аяқ жолын ғана көретін соқыр тайлақ әңгірлеп келіп, қораның іргесіндегі терең шұңқырға күмп ете түсті. Сол жерде мойын омыртқасы үзіліп, пышаққа ілінбестен жан тапсырды. Ірі, семіз тайлақты шұңқырдан тартып шығара алмадық. «Топырағы сол жерден бұйырған болар» деп, әлгі шұңқырға тайлақты көме салдық.

Міне, жетім тайлақ 7 ай 21 күн ғана өмір сүрді. Оның 7 айында қараңғы қорада қамаулы тұрды. Қамаудан шыққанына 21 күн ғана уақыт болатын. Өзге түйелер сияқты өріске ұзап шығып көрген емес. Өз аузымен бір түп жусанды жұлып жеген жоқ. Мейірі қанып, еркінше су да ішпеді. Ең соңында көзін соқыр, аяғын маймақ, өзін мәңгүрт қылған қораға қайтып кіремін деп апанға , опат болды.

Осы тайлақтың тағдыры қазақтың тағдырына көбірек ұқсайтын сыңайлы. Тайлақтың тағдыры қазақтың тағдыры болмағай.

Жәнібек ҚОЖЫҚ.

(Желідегі жазбасы).

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button