Оқи қалар оқиғалар

Сылқымдармен «жүздетемін» деп жүз мың теңгеден айырылған

Таң азанда дедектеп жұмысқа келе жатқам. Жерде қар жұқа  бол­ғанмен сықырлаған  сары  аяз  адамды тітіркендіріп өлтіріп барады. Басымды төмен қарай  салбыратыңқырап орташа  жылдамдықпен безектеп  келемін. Кенет:

– Арын! – деген  дауыс  дәл  желке  тұсымнан  шықты. Алақтап  жан-жағыма қарасам, ешкім көрінбейді. Сосын «скоростты» тағы қосып қозғала беріп ем, менің атымды атаған дауыс қайта шықты. Сөйтсем, мені шақырып тұрған көшенің қарсы бетінде тұрған жеңіл машинаның ішіндегі адам екен. Қолын бұлғап бері кел деп тұр. Жыға танымасам да жолдың арғы шетінде тоқтап тұрған машинаға жақындадым. Көнелеу «Жигулидің» есігі ашылып, ішке кірсейші деген дауысты да есіттім.

– Не, танымай қалдың ба, Арын? Қалай жағдайың? Помнишь, баяғыда стройкада бірге істеп едік қой. Басқаны білмесең де Нышан деген кісіні білетін шығарсың, – деп бастырмалатып қоя берді.

Нышан дейді… Көз алдыма бұдан бірнеше жыл бұрынғы әдемі костюм-шалбар киетін, үнемі мойнынан сәнді галстугі түспейтін, қашан көрсең де үсті-басын мұнтаздай таза ұстайтын кісі елестеді. Техникалық байқаудың қызметкері ме, жоқ әлде есеп-қисап жұмыстарына бақылау жасайтын ревизор ма, әйтеуір жылы жерде, кеңседе қызмет атқаратын кісі көңілімде жатталып қалыпты.

Шынын айтқанда, ол кездегі Ны­шан қандай, қазіргі Нышан қандай? Қақаған аязда басы жалаңбас, үстіне көнетоздау жемпір киген, аяғына жұқа бәтіңкені іле са­­лыпты. Сақал-мұрты көптен алынбағандықтан кірпінің инесіндей тікірейіп тұр. Аузынан самопал арақтың сасық иісі аңқып тұрған Нышанды әрең таныдым. Амандық-саулық сұрастық. Нышанның айтуына қарағанда баяғы жұмақ дәурен келмеске кеткен сияқты. Қазір бір мекемеде ілдалап қарауыл болып жүрген көрінеді.

– Менің түсінбей тұрғаным, неліктен жұқа киінгенсіз, Нышеке? – деймін оған деген таңданысымды жасыра алмай. – Күн болса суық, аяз қысып тұр.

– Інішек, сен маған бір азаматтық жасашы, – деді сосын жылдамдата сөйлеп. – Маған, егер бар болса, 500 теңге қарыз бере тұрмайсың ба?

– Жарайды, берейін. Бірақ,  араққа жұмсайтын болсаңыз, онда менен ешнәрсе де дәметпей-ақ қо­йыңыз, – де­дім ол кісіден сыр тар­тқым келіп.

– Неге болмасын? Үш жүз теңгені осы екеуіміз отырған таксиге беремін. Қалғанына темекі аламын. Ой, құдай-ай, кеше ғана мына қалтамда жүз мың теңге болғанын айтсам сенесің бе, сенбейсің бе? – деп Нышан ауыр күрсінді. Мен қалтамнан бүтін бес жүз теңгені шығарып, оған ұсын­дым.

– Нышан аға, мен сізден қайтып ақшаны алмаймын. Бірақ бір шартым бар. Ол ақшаны қайда жібердіңіз және неге жеңіл киініп шыққансыз? Осы сұрағыма жауап беріңізші алдымен.

Нышан менен алған ақшаны жоғалтып алмайын дегендей қалтасына мұқият салып қойды да, әңгімесін бастай жөнелді.

– Өз мамандығым экономист болса да құрылыс тарқаған соң лайықты жұмыс табылмай, үш-төрт жылдай үйде бос жүріп қалдым. Осы былтыр ғана бір мекемеге әрең дегенде қарауыл болып орналастым. Бір тәулік жұмыста, екі тәулік үйде болатын бұл жұмыс, әрине, маған ұнады.

Содан бес-алты айдан бері айлық алмай жүргенбіз. Кеше екі айдың айлығын берді. Қалтам әжептәуір томпайып, үйге ұн, мектепке бара алмай жүрген қызыма етік алатын болдым деп қуанып қалдым.

Кешке сменімді тезірек тапсырып, үйге ертерек қайтайын деп автобекетке келдім. Әшейінде қарақұрым болып тұратын таксилер де көрінбейді. Осылай тұрғанымда Наташа дейтін баяғыда құрылыста бірге істеген, өзі де түлкінің баласындай әдемі келген сұлу келіншек жолыға кетті. Бұрын талдырмаштау, арақ еді, енді әжептәуір толып, ажарланып кетіпті. Өзгермегені тек ойнақшыған көздері ғана. Бұрыннан әмпей-жәмпейіміз бір, талай маевкаларда құшағымыз ажырамаған сиқырлы келіншек мені сол жерде  арбай жөнелді. Өзі ұзақ та емес, автобекеттің маңында тұра­ды екен. Қылымсып, сөзбен тиісіп дегендей оған деген еркектік қабілетімді қоздыра түсті. Жарайды дедім ішімнен, бір жартылық алайын да, оны Наташа екеуіміз тезірек ішіп, одан әрі  қарамды батырайын деп шештім.

Содан мырзасынып, ең тәуір деген, ең таза деген шетелдің арағын алдым. Оған қосымша қымбат бағалы шоколад қорабы да естен шыққан жоқ. Екеуіміз кәдімгі ерлі-зайыптыларша қолтықтасып, үйіне келдік. Бір өзі тұрады екен, күйеуі мен ұлы Ресейге қонаққа кетіпті.

Мен асай-мүсейімді  дастархан­ға қойғанша ол картоп қуыруға кірісті. Сонымен не керек, екеуіміз дастархан басында бас қостық. Таза арақ пен семіз шошқаның саласын кезек-кезек ауызға апарамыз. Сумаңдаған қолымды қағып, алғаш қанша шоршыса да сұлу келіншек бірте-бірте икемге келе берді…

Бір жарты ішіп қайтамын дегенім бос сөз болып шықты. Наташа екеуіміз сырласа отырып екі жарты­ның басына су құйыппыз. Осы ара­лықта оның «спальныйына» да екі рет барып үлгердік. Осылай отыр­­ғанда үстімізге сау етіп екі келіншек кіріп келді.

Сонымен дастархан қайта жа­йылды. Мен, әрине, мырза жігіт мұндайда қалай шыдап отырайын. Екі бөтелке араққа, тағы басқа да шөп-шаламға ақша  шығардым. Зина, Рая деп аталатын келіншектермен би биледім, өлең айттым. Әйтеуір, отырысымыз тым ұзаққа созылып кетті. Бұл келіншектер де ішкіліктен онша кет әрі емес екен. Одан әрі тағы екі бөтелкеге ақша шығарғаным есімде. Сосын мен сендерді шығарып саламын деп қос келіншек­пен сыртқа шық­қа­нымды білем.

Есімді бір жинағанымда бөтен үй­де, екі келіншектің ортасында жа­тырмын. Төсіме басын қойып алған  Зина болса қорылдап ұйықтап жатыр. Орнымнан тұрғым келеді, бірақ тұра алмаймын. Осылайша есеңгіреп жатып тағы ұйықтап кетіппін. Көп жаттым ба, аз жаттым ба, есімде жоқ…

Үстіме біреу мұздай суды шашып жібергендей болды. Басымды  көтерсем, Наташа екен.

– Қалай, джигит, екі салдақының хош иісін иіскеп, мауқыңды бастың ба? – дейді зілденіп.

– Не айтып тұрсың? Салдақың не? – деймін мәңгірген басымды көтере алмай.

– Оңбаған екенсің. Вообще еркектерге сенудің қажеті жоқ екен. Тұр орныңнан, кеттік, нағашыңның үйінде жатқан жоқсың, – деді  Наташа одан әрі тепсініп. Сонда ғана байқадым, менің жанымда ешкім де қалмапты. Киімдерім әр жерде шашылып жатыр. Қалың күртешем, шалбарым мен шәпкім көрінбейді.

– Шалбарым қайда? – деймін Наташаға міңгірлеп.

– Мен қайдан білейін сенің шалбарыңды? – деп Наташа күйіп-піседі. Басым зілдей, оның үстіне үстімнен жағымсыз иіс мүңкіп тұр.

– Түнде қайда болдың? Сені мүлде таппай қалдым емес пе? – деп Наташа әлі ашуын баса алмай келеді. Мең-зең қалпы бұтымдағы жеңіл трикомен дедектеп, Наташаның үйіне келе жаттық.

– Айтпақшы, мына шарбақтағы асулы тұрған сенің шалбарың ба?

Бажайлап қарасам, ұзын шарбақтың биіктеу жеріне шалбарымды іліп кетіпті. Ауы, екі балағы ұзынынан айырылып кеткен. Мұз болып сіресіп қалған шалбарды алып, қалтасына қол жүгірткенде жүрегім су ете қалды. Ақша тұрмақ бәле де жоқ.

– Ол екеуі де бұл жерден баяғыда-ақ көшіп кеткен. Бірақ анда-санда таныстарына  келіп тұрады. Сенің ақшаң мен білсем солардың қалтасында кетті, – деп күрсінеді Наташа. Ал менің сол кездегі  пұшайман халімді ешкімнің де басына бермесін.

Өкінгенмен не пайда? Наташаның үйінен қалған-құтқан арақтан ішіп, бас жазып алдым да ешкімнің көзіне түспей тұрғанымда жөнімді табайын деп келе жатқан бетім осы еді. Алайда әкем ақша әкеледі деп күтіп отырған қызым мен әйеліме не бетімді айтарымды білмеймін. Бұған не дейсің, бауырым?

Не дейін? Болар іс болып қалған соң не айтам Нышан ағаға? Әйтеуір аман болайық деймін де.

Орынтай КӨМЕКОВ.

Автордың байланыс телефоны: 8-775-327-81-69.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button