Оқи қалар оқиғалар

Шын иесін таппаған хат

Қазақтан гөрі өзге ұлт өкілдеріне көбірек ұқсайтын бұйра шашты, шүңірек көзді, қошқар  тұмсық бұл кісіні көптен бері білемін. Менен бар-жоғы екі-үш жас үлкендеу болса да мен Тастайбек ағаны барынша сыйлап, сіз деп сөйлеймін.

Ол да мені онша жеккөрмейтін сияқты. Өйткені, көрген жерде жалпылдай амандасып, жағдайымды сұрап, жылы қабақ танытып тұрады. Бірақ соңғы кездері ол кісіні көп көрмейтін болып кеттім. Ауылда ма, басқа жақта жүр ме, әйтеуір хабарсыз болып кетті.

Ұзынқұлақтан есітуімше, ағамның соңғы кездері  отбасылық жағдайы онша болмай жүрген көрінеді. Содан мына қымбатшылық билеген заманда балапан басымен, тұрымтай тұсымен дегендей күнкөрістің қамымен әркім өз арбасын өздері сүйреуге көшкен жоқ па? Мен де кейінгі кездері өз нәпақамды құрылыс саласынан тауып жүрдім.

Содан кеше үйге келсем, келіншегім үйге түрікке ұқсаған бір кісінің мені іздеп  келгенін, әйтсе де үйде  жоқ болғандықтан, пакетіне салып әкелген  қалың дәптерін күйеуіңізге беріңіз деп  аманат етіп қалдырып кеткенін жеткізді. Ендеше, қалдырып кетсе ешқайда кете қоймас дедім де жуынып-шайынып, тамақтанып алған соң әлгі менің атыма келген дәптерді қолға алдым.

«Осы хатты жазбас бұрын бір шешімге келе алмай қатты қиналдым. Басымнан өткен  ащылау өмірімнің қайта оралмас бөлшектерін ақ қағазға түсіріп, бір жағынан  көпшілік қауымның пікірлерін білгім де  келді. Жетпіске жақындаған  жасымның отыз үш жылын бірге өткізген өзіңе хат жазуға (қағазға түсірмесем сенің менің айтар уәжімді аяғына дейін тыңдауға төзіміңнің жетпейтінін жақсы білемін)  мәжбүр болып отырмын.

Әттеген-ай, қанша талпынып көрсем  де, ол әрекетімнен  түк шықпады. Ең өкініштісі, отбасымды сақтап қала алмадым. Баршаңызға түсінікті болу үшін әңгімемді әріректен бастайын.

Мен асқар таудай әкемнен жеті жасымда айырылдым. Қайтыс болғанда ол кісі  бар-жоғы 32 жаста ғана екен. Анам 27 жасында бір ұл, бір қызбен жесір қалды. Қарындасым небары үш жаста еді. Сонымен, тірі адам тіршілігін жасайды ғой. Анамның төркіндері оның екінші мәрте тұрмыс құруына себепкер болды. Мені әкемнің туған інісі өз қамқорлығына алды. Ал қарындасым болса анамның қолында кете барды…

Мен жетінші сыныпта оқып жүрген кезімде әкемнің анасы, алтын  әжем: «Көзімнің тірісінде сені  анаңмен табыстырып қояйын. Әйтпесе жат болып кетерсің», – деп мені қасына ертіп, Қоғалы ауданына тұрмысқа шыққан анамды іздестіре жүріп, тауып алды. Ол жердегі анаммен сағына қауышып, өз  ризашылығымен қарындасымды өзімізбен бірге елге алып кеттік.

Арада уақыт зымырап өтіп жатты. Мен мектепті ойдағыдай бітіріп, арнаулы оқу орнына түсіп, қалаған техникалық  мамандығымды алып шықтым. Одан әрі әскерге кетіп, өзімнің Отан алдындағы борышымды атқарып қайттым. 1977 жылы көктемде бас екеу болмай, мал екеу болмайды дегендей, өз алдыма шаңырақ көтердім. Қалай үйленгенім туралы тәптіштеп айтпай-ақ қояйын. Оның құпиясы өзіме ғана аян. Тағдырыма жазғаны осы болса көндім дедім. Босаға аттамай тұрып, жаза басып қателескен шығар. Бәрі уақыт өте келе  жақсы болып кетер деген ойда болдым. Обалы не керек, көкем (әкемнің інісі), жеңгем екеуі тойымызды дүркіретіп өткізіп берді.

Сол жылы  Жаңатас  қаласына барып, немере ағамның көмегімен жұмысқа тұрдым. Бір жылдай келіншегім екеуіміз сол ағамның үйінде (ауласындағы екі бөлмелі времянкада) тұрдық. Тұңғышымыз дүниеге келгенде өз алдымызға екі бөлмелі пәтер алдық. Ол да әжемнің тыным таппай біздің жайымызды ойлағанының арқасында жүзеге асқан еді. Әке орнына әке, шеше орнына шеше бола білген асыл әжем-ай! Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!

Бір-екі балалы болған бізге әжемнің қыдырып келгені әлі есімде. Әрине, ауылдан келген соң, құр келмей үлкен кісінің артынып-тартынып , құрт-майын, қазы-қартасы мен етін көтеріп келетіні белгілі жағдай ғой. Мен жұмыстан келгенше тамақ дайындатып, барынша бәйек болып, өзінің ыстық ықыласын біздерге арнап жүрген әжеме екі-үш күн өтпей-ақ сенің айтқан сөздеріңнің  жүрегіне мірдің оғындай қадалғанын мен кейінірек есіттім ғой. Әжем:

– Балам жұмыстан келгенше дайын болсын, қазанға ет сал, – десе керек. Сонда сен сазарып:

– Не, өзің әкелген еттің бәрін өзің жеп кетпексің бе? – деген ғой. Бұл үлкен кісіге қаншалықты ауыр сөз екенін сол кезде ойландың ба, екен? Әйелім екеуіміздің арамызда, әрине, жетіспеушілік, кіші-гірім ұрыс-керістер болып тұратын. Кім біледі, менің де қателескен жерлерім болған шығар. Бірақ көбінесе ұрыстың іргетасын өзің қалағанды ұнатып тұрушы едің ғой.

Уақыт өткен сайын Жуалыдағы анамды ойлайтын болдым. Ол кісімен қарым-қатынас орнатып, байланысып тұрғым келді. Балаларымызды сүндетке отырғызып, ағайындардың бастарын қосып, атап өттік. Сол қуанышымызға анамды және туған бөлемді қоса шақырдық. Осылайша, бәрі жақсы болып келе жатты.

Анамның кейінгі күйеуі қайтыс болып, қарындасым тұрмысқа шыққан соң анам бір үйде жалғыз қалды. Тұрмысқа шыққан кенже қарындасым анамды өзі тұрып жатқан  сол ауылға  көшіріп алды. Анам өз алдына бір үй болып тұрып жатты.

Міне, сол жылдары сен: «енемді қолыма алғым келеді. Кейбіреулер енесін жақтырмайды, жамандайды. Ал, мен енеме қол жеткізе алмай жүрмін. Енеме қолым жетсе бар құрметті көрсетіп, сыйлап өтер едім» дегенді  жиі айтып жүрдің. Қаладан ауылға бара қалсақ туыстарыма да осы әңгімені айтып, мені көнбей жүр деп айтады екен. Мен болсам, екеуің сыйыса алмайсыңдар, сен қазан-ошаққа, үйге  кірер табысқа, шығар шығысқа ие болып үйреніп қалдың. Ертеңгі күні менің шешем осы тірлікке араласар болса қиын болады деп екі жылдай ойлы болып жүрдім емес пе? Сен анамды алақаныңа салып жағдайын жасайтындығыңды айтып қоймаған соң ойлана келе келістім.

Ондағы ойым, қалған өмірімізде толыққанды жанұя болып анаммен бірге тұрсақ деген ниет болатын. Қаншама жылдар бірге бола алмай, бірге қуана алмай келдік. Аз да болса соның орны толсын. Әрі десе анама бір жағдай болса мені кінәлайсың, сен анаңа қарамай қойдың деп.

Сонымен, анаммен сөйлесіп, көптен бері көкейде жүрген  ойымды айтқанда, әрине, ол кісі қуанып қалды. Бірақ қалада тұрғысы келмейтінін де жасырмады. Өмір бойы ауылда тұрып, қолына мал ұстаған анамның жағдайын түсіндім. Сондықтан да 1991 жылы жұмыспен есеп айырысып, ауылға көшіп келдік. Келесі жылы анамызды қолымызға көшіріп алдық. Шешем байғұс қуанып, қолындағы екі сиырымен, он шақты қой-ешкісімен, азын-аулақ жиған дүниесімен келді. Анамның алғашқы  қадамы жаман болған жоқ. Сен қуанып, құлағыңдағы алтын сырғаны анама сыйладың. Бұл ниетіңе ағайын-туыс, дос-жарандар риза болып, саған алғыстарын жаудырып жатты. Анамның үйін сатқан ақшаны өз үйіміздің жылу жүйесіне және сыртының күрделі сыбағына жұмсадық. Үйіміздің іші-сырты осылайша бір сәтте реңденіп шыға келді.

Анам ақкөңіл кісі болатын. Замандастарымен бас қоса қалса немесе қонақта болса ән айтқанды жақсы көретін. Әйтсе де біздің отбасылық бақытты күндеріміз ұзаққа созылмады. «Апам маған бір ауыз айтпай қыдыра береді», – деп сен оны ұнатпадың. Есіңде болар, үйге бір досым әйелімен қыдырып келіп, ертесіне мен оларды мотоциклмен шығарып саларда анам  бір жаққа баруға дайындалып,  қақпадан шығып бара жатты. Сонда сен: «Әне, тағы кетіп барады. Қайда барарын айтуды да білмейді. Оның бары не, жоғы не?» – деп досымның әйеліне айтып жаттың. Қонақтардың алдында, кейін де мен саған ештеңе айтпадым. Өйткені, сенің мінезің маған белгілі еді. «Неге бәле іздеп тұрсың?» – деп шаптығып  шыға келер едің.

Сонымен не керек, анам мен сенің ара қатынасың аз ғана уақытта  тіпті ушығып кетті. Көп ұзамай анамның  өзінің бұрынғы ескі сырғасын тағып жүргенін көрдім. Мұның себебін өзіңнен сұрағанда: «Ол сырға маған сыйға берілген болатын. Оны ешкімге беруге, сыйлауға болмайды екен», – дедің міз бақпай. Бұл екі жүзді сұрқия  қылығың менің анама қалай ауыр соққы болып тигенін білмедің. Білгің де келген жоқ. Ене мен келін арасындағы сыйластық күннен күнге нашарлап бара жатқан соң мен қайын атама барып бар жағдайды айттым. Аталық ақылыңызды айтыңызшы деп өтіндім. Әйтсе де ол қызының сөзін сөйлеп, менің шешемді ақымақ қой ол деп,  барынша кінәлаумен болды.

Негізі анам табиғатынан жуас адам болатын. Келінімен араларындағы салқындықты маған ешқашан да білдірген емес. Түсіне білсең менің анам – сенің де анаң емес пе еді? Ана қадірін білмесең, оны сыйламасаң өз  балаларыңа ананы сыйлауды қалай үйретпексің? Ана сүтін ақтамағанды Алла да жақтамайды. Отбасы бақыты үшін, некені сақтап қалу үшін не істедің?

Менің анама істегендерің, жүрегін қари айтқан сөздерің маған да жетті ғой. «Кемпірдің дүние- мүлкінің бәрі менің қолымда. Енді ешқайда да кете алмайды,  балаң әлі менің табанымды жалайды», – деген сөздеріңді қалай түсінуге болады? Ең сорақысы, анамның өзімен алып келген сиырларын сатуға базарға алып шыққанда, балдарыңды артынан арнайы жіберіп: бұл малдар ұрлықы, алмаңдар деп айқайлатып сатқызбай қойғаның анамның жанына қалай ауыр тигенін білсең ғой? «Атыңа ауыр жүк артпа, атаңа ауыр сөз айтпа», – деген ғой.

Ақыры сенің шектен тыс озбырлығыңа анам шыдай алмады. Қатты қапа болып, қолына ілінген киім-кешегін алып, кіші қызының қолына кетіп қалды. Кетерінде екі көзі жасқа толып маған: «Шырағым, жердің бетімен келіп, енді жердің астымен кетіп барамын ғой», – деді-ау. Қайран анашым, көп нәрсені маған айтпастан, амандығымды тілеп кете барды. Осы жағдайдың маған, бес баланың әкесіне қандай ауыр болғанын сен қайдан ұғарсың? Өзім әкесіз жетім өскендіктен, балаларымның да әкесіз өскенін қаламадым. Сол үшін сенің бар қылығыңа төзуіме тура келді емес пе?

Көп ұзамай үйден қапа болып кеткен анамнан хабар келді. Анам ауыр халде Жуалыдағы ауруханаға түсіпті. Ота жасатпаса болмайтын көрінеді. Мен алқына жеткен кезде анама әлі ота жасалмаған екен. Отадан кейін хирург бізге бар жағдайды ашық айтты. Анамыздың бауыры ауырған екен. Таза сауығып кетуіне мүмкіндігі жоқ көрінеді. Дәрігердің айтуынша, анамның бар-жоғы бір, бір жарым айдай ғана ғұмыры  қалыпты. Жаны көп қиналмауы үшін мына дәрі-дәрмектерді аларсыздар деп қажетті дәрілерді қағазға жазып берді. Мен көмегім болсын деп қарындасымның қолына екі мың теңге ұстатып кеттім. Үйге келген соң бар жағдайды айтып, анама дәрі алуға екі мың беріп кеткенімді айттым. Сол сол-ақ екен, сен бірден: «Неменеге бересің ақшаны, не анаң өліп қалады деп қорқып отырсың ба? Оның жаны сірі, ол өлмейді. Ал біз болсақ азық-түліктен тарығып отырмыз», – деп айқайлап шыға келдің. Менің күткенім мүлде олай емес еді. Қатты айқайлаудың орнына «Апамның жағдайы қалай?» деп сұрасаң жараспас па еді?

Бір айға жетпей анам қайтыс болды. Анамның қазасына балаларым, әпке- жеңгелеріммен  қатысып қайттық. Ал сен бір сөз айтпай сазарып, үйде қала бердің. Анамды жерлеу рәсіміне келген елдің алдында мен нағашымнан қандай ұрыс естідім десеңізші? «Бір қатынға сөзің өтпей, туған анаңды сыйғызбадың. Бұл қай қылығың, жиен-ау… Қатты уайымнан бауыры езіліп кетті ғой», – деп  ашына айтқанда не істерімді білмей дел-сал жағдайда болдым емес пе? Анамды жер қойнына тапсырып, үйге оралғанымда көңіл айтуға да жарамадың ғой. Керісінше «Мені жаман, жаман деп кетіп еді. Ақыры не болды, әне», – деп табаладың – ау…

«Ажырасуға арызыңды бере бер.  Жүдә қорықпадым. Менің кез – келген еркекке сөзім өтеді», – деп соқыр кеудеңе нан піскенде шыдай алмадым.

Алдап – арбаумен анама үйін сатқызып, дүние мүлкіне ие болған соң болды енді, бұл кемпір менің уысымда. Енді ешқайда кете алмайды деген екенсің, сенің бұл қылығың нағыз жоғары дәрежелі алаяқтық екен ғой. Анам сыймаған жерде менің де сыйып кетуім мүмкін емес.  Сондықтан, мен сенен бір жолата  кеттім деп үйден шығып жүре  бердім. Бір бас артық зат та алмадым, үйімдегі бар киіммен  құжаттарымды алдым, болды. Заңды түрде соттасып, дүние бөлісуді қажет деп таппадым. Өйткені ол үйде сенен өзге балам, қызым, келінім және немерем тұрады емес пе? Бірақ тым алысқа кеткен де  жоқпын. Бір ауылда тұрсақ та неге бұлай болды деген сұраққа жауап іздеген де емессің. Қазақ бір малы жоғалса да іздеу салмай ма? Себебі, сен өз қатеңді  мойындауға қорқасың.

Мен сені қалай кешіре аламын, ол тіпті мүмкін емес қой. Анамды менімен, немерелерімен бірге көрер қызығынан, қуанышынан, бақытынан айырдың. Менің ар-намысымды аяқ асты етіп, балаларымның, немерелерімнің қызығынан айырып отырсың. Саған жөн сілтеп, ақыл айтар бір туысың да жоқ. Сенің ойыңша мен бала-шағамды, Құдай қосқан қатынымды  тастап, өзге жас әйелмен рахат өмір сүріп жатқандаймын. Неге мұндай қадамға барды екен, оған не себеп болды деп ойлаған жан бар ма?  Маскүнем болса да күйеуі үйіне келмей қалса, қандай әйел болса да іздейді емес пе? Ал мені ешбір адам іздемеді. Енді іздемей-ақ қойсын. Мен де ешкімге жалына қоймаспын. Бойымда әлі күш-қуатым сарқылған жоқ. Атқарып жатқан жұмысым да  бар. Зейнетақымды да уақтылы алып тұрмын.

Бірақ өкінішпен өткен ғұмырымды еске алсам, өзегім өртеніп кетеді. Оның басты кейіпкері – өзің екенін іштей ұғып отырған боларсың. Сондықтан да, саған айтарым, дүние – кезек дегендей кезінде жасаған жағымсыз қылықтарың, адам баласына (анам екеуімізге) жасаған қиянаттарың сырт айналып өтпей, өзіңді адаспай тапсын деу ғана. Басқа айтарым жоқ менің…»

Адамды терең мұңға батыратын, отбасылық жағдайы шайқалған жазба иесін көзім көрмесе де оның күрделі  тағдырын  бірден танығандай болдым. Дәптерде жазылған көңілсіз жағдайлар Тастайбек ағаның қазіргі аянышты ғұмырынан сыр шертіп тұрғандай.  Ішке сыймаған жан сырын, мұңын, өкінішпен  ақ қағазға түсіргенін де анық  аңғарып отырмын.

Бірақ менің қолымнан не келеді? Ерлі-зайыптылардың арасына есі кеткен түседі дегендей жазбаны оқи отырып, Шығыстың ұлы ойшылы Ә. Науайдың: «Үйде бақытты адам – ең бақытты адам» деген қанатты сөзін  қаперіме ала бердім…

Шерубай АЙДАПКЕЛ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button