Оқи қалар оқиғалар

«Шипач» айтқан шындық

Бір әңгімешіл қариямен отырғанда мен оған: «Өзіңізді ерекше толқытқан бір әңгімеңізді айтыңызшы, – дедім. Сәл үнсіз ойланып қалған қария:

– Мені емес, ауданның бірінші басшысы тәнті болған бір оқиғаны айтайын, – деді әңгімесін сабақтап. – Ол кезде мен керамикалық зауыты бар аудан орталығындағы ауруханада хирург болып істейтінмін. Бұл жерде істі болып қамауға алынғандар да, сотталған мерзімінің жартысынан астамын өтеп, химияға шыққандар да көп болатын. Менің жақсы хирург деген атым шыға бастаған болуы керек, бір күні кабинетіме тазалықтан ұяттылау, сақал-шашы өсіп кеткен, орта жастағы бір орыс кіріп келгені.

– Олег Исаевич сіз боласыз ба? – деді мені арнайы іздеп келгенін аңғартып. Мен туылған күні соғысқа кеткен жалғыз ұлы Олегінен қара қағаз алып қайғырып отырған досы, Артешков деген кісінің өтінуімен әкем Иса менің атымды Олег деп қойыпты. Кейін соғыс бітіп, әкем жарықтық та өмірден озған соң, маған туу туралы куәлігімді алған анам атымды «Сапарәлі» деп өзгертіпті. Оны мектепті бітірген кезде бір-ақ білдім ғой. Бірақ бала кезден атанған Олег атым, қартайып қажы атансам да, артымнан қалмай келеді. Оған несіне ренжиін. Қимас достардың шынайы ықыласымен қойған есімдерін періштелер «әумин» деген болса керек, – деп ойлаймын осы күндері.

– Иә, іздеген Олег Исаевичіңіз мен боламын деген соң, бетіме қарап сәл тұрды да келген шаруасына көшті.

– Менің өкпем көптен бері ауырады. Дәрігерлер ота жасамай болмайды деп жатыр. Бірақ менің оған беретін қалтамда көк тиыным да жоқ. Өзім жолы болмаған жалғызбасты тюремщикпін. Кейінгі уақытта аурудың әбден әлсіреткені соншалық, осы жерге қиналып әрең жеттім. Вижу, что мне недолго осталось жить. Ең соңғы үмітім сізде. Мен өлсем қайғырып, артымнан жылайтын да ешкімім жоқ. Сондықтан маған жасар операцияңызды батыл жасай беруіңізге әбден болады. Барым осы. Ал енді маған не дейсіз? – деген жаннан арақтың иісі мүңкіп тұр. Ішке барған ішкіліктің күшімен батылданып келгенін де шамалап тұрмын.

– Жарайды, мен сізге операция жасайын. Бірақ қояр бір шартым бар, – дегенінен-ақ шоршып кеткен орысым:

– Тфу! бл… Қалтамда көк тиыным да жоқ дедім ғой мен саған. Түсінбейтін не деген адамсың? – деді ашуланып.

– Жо-жоқ, сіз мені түсінбедіңіз. Менің шартым мынау. Ол үшін сіз, мына балшыққа баттасқан етігіңізді жақсылап тазалап жуып, майлап, сақал шашыңызды да алып, сау жүретін болыңыз, – дедім өзіме аңтарыла қарап қалған жанға жылы сөйлеп.

– Базар нету, – деген жан менен шығысымен ординаторға қоңырау шалдым. Оған қазір өзіне баратын, құлақшынының бір құлағы бүктеліп, бауы үзілген екінші құлағы төбесінде салақтап жүрген орта жастағы орысты көп әурелемей, тез ауруханаға жатқызу керектігін тапсырдым.

Арада көп өтпей ауруы асқынып кеткен оған күрделі операция жасалып, онымыз сәтті шықты. Науқастарды аралаған сайын оған баса көңіл бөліп, жастайынан жетім қалып тағдырдың тақсыретін тартқан жанға әрдайым жылы сөзімді айтып жүрдім. Өзіне құрметпен қарағанымды сезіп жүрген жан кейде түнгі кезекшілігімде кабинетіме келіп, әңгімесін айтып шерін тарқататын.

– Талай рет бір күнде миллионер болып, келесі күні тас кедей болып қалғанмын, – деген жанның негізгі «кәсібі картожник» екен. Ондайда «екінші мамандығыммен» нанымды тауып жейтінмін дегенде:

– Ол қандай мамандығыңыз еді? – дедім қызығушылық танытып.

– Біздерді «шипач» дейді. Яғни қалта ұрысымын, – деді міз бақпай. Менің өзіне тыжырына қарағанымды бірден сезе қойған жан елбелектеп:

– Мен ұрлық жасайтын обьектімді, яғни қалтасын тазалайтын адамымды ұзақ таңдаймын. Шырттай киініп, айналасындағыларды менсінбей паңдана қарайтын адамға өшіге ұмтыламын. Әсіресе жолаушылары көп автобус іші, немесе адамдар тығыз жүретін базар іші біздер үшін ең қолайлы жер, – деп біраз әңгімесін айтты. Оған оңай олжаның орға жығатынын айтып, адал кәсіпке көшуі керектігін пысықтап жүрдім. Сондай күндердің бірінде, ауруынан құлан-таза айыққан оны ауруханадан шығаратын да кез келді.

– Сіз енді аурудан толық айыққан адамсыз. Бүгін түстен кейін ауруханадан шығасыз. Ішкілік ішпей күтініп сау жүрсеңіз, Құдай қаласа, әлі талай жыл алаңсыз өмір сүресіз, – дедім оны алдағы күндеріне үміттендіріп.

Түс қайта мені арнайы іздеп, осы ауданның бірінші басшысы Жукова Валентина Ивановна келіпті. Сол кісімен сөйлесіп отырғанымда, кабинетіме кіріп келген «ота жасалған орысым» сәл абдырап тұрып қалды. Аймаққа танымал аудан басшысын оның да танып тұрғаны белгілі. Бір кезде оған қарай қолын бір сермеген жан батылданып:

– Жуковасың ба, әлде тарақановасың ба, маған бәрібір, – деген қалпы маған таяп келіп, алғысын айтты. Әйтсе де өз сөзіне өзі қанағаттанбаса керек, айтқан алғысын азырқанғандай екі тізесіне дік етіп отырды да:

– Век не забуду. За вас буду молиться – дей келе, бір кезде басындағы құлақшынын алды да ызалана жерге бір ұрды.

– Мен әлемдегі ең жаман адаммын. Өзімді ажалдан аман алып қалған адамды риза қылатындай, қолымнан ештеңе келмейтіні қандай қорлық, – дегенді айтты да басын иіп, тұрып жүре берді. Шығып бара жатып есікті сарт еткізіп қатты жапқан жанның өз тағдырына нала боп бара жатқаны белгілі болатын. Арадағы орнаған үнсіздікті аудан басшысы бұзды.

– Мен талай нәрсені естіп және көре жүріп, жаңағы кісі сізге сыйлаған мынандай бақытқа бірінші рет куә болып тұрмын. Я не узнала, что на земле существует такое счастье, – деген еді риза кейіпте басын шайқай қатты толқып. Манағы өзін тарақанға теңеген жанға деген өкпе-реніштен жұрнақ та қалмай, елжіреп отырған жанға мен де риза болып қалдым, – деді отырғандарды да тәнті қылған қария әңгімесін аяқтап.

Бөріхан ТӘМЕН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button