Оқи қалар оқиғалар

Өз үйінен безгендер

Кейінгі кездері кей әйелдердің отбасын, балаларын тастап, өз үйінен безіп кеткен оқиғалары туралы жиі еститін болдық. Таяуда әріптесіміз, журналист Гүлмира Әбіқай осындай бір жағдай туралы жазды.

Сандуғаш бес күн бойы қайда жүрген?

«Бес күннен бері бәріміз шарқ ұрып іздеген Сандуғашымыз табылды. Бес баланың анасы (екеуі ауылда мектепте) кішкентай үшеуін сыртынан құлыптап, ұшты-күйлі жоқ болды. Туған-туыс, ағайын, көрші бір-бірінен сұрап таппаған соң полицияға арызданды. Астана маңындағы Қосшы ауылының еріктілері әйелді аяғынан тік тұрып іздеді. Маған жазған ауылдағы абысыны Кямранға шығыңызшы деп өтінді. Ойпырмай-ә, есі дұрыс әйел үйге он айлық нәресте мен екі-үш жасар балаларды қамап қайда кетуі мүмкін деген жұрт аң-таң.

Сөйткен Сандуғашымыз 12 тәуліктен соң астанадан аман-есен табылды. Үйіне полиция ертіп келген.

Сонымен қайда болыпты, не жағдай деген сауалыма жоқ іздеген туыстары еріндерін сылп еткізді. Табылды, болды.

Сол жердегі дүкенші әйел Сандуғаштың өткен шілде айында да бес күнге жоғалып кетіп, бәрі сабылып іздегенін айтты. Келіншекті тағы бір жақсы танитын оқырманым: «Сандуғаш сол күні балаларды сыртынан жауып, банкоматтан ақша алуға кеткен, и пропала», – деді. Жоғалды деп уайымдап шарқ ұрып іздеген адамның жай қыдырып кетуі бір қасірет.

Қазір Сандуғаштың өзімен сөйлестім. «Бес баланы тастап, 12 күн бойы қайда жүрдің, Сандуғаш?» «Білмеймін. Шайтан азғырған шығар. Бір жерде от жақтым, сол жақта тұрдым. Білмеймін, сыртқа шықсам, басым істемей, осыны істе деп тұрады. Жын кірген», – дейді.

Соңғы кездері 30-40 жастағы әйелдер арасында жиі кездесетін жайт. Ауылда, қалада тұра ма, бәрібір, балаларын бір-ақ сәтте тастап ғайып болады. Табылғанда бәрінің айтатыны бір жауап – «жын кірді».

Меніңше, бұл жауапкершіліктен қашудың бір сылтауы сияқты. Мен сенбеймін. Ал сіз ше?

Қазақ әйелдерінің басына үш қасірет төнді: жартысы күйеулерінен зорлық көруде, бір бөлігіне жын кірді, қалғаны босанудан кейінгі депрессияда.

Не болып кетті?

Қоғам дерті. Үн қосыңыз!» – деп жазды журналист.

Жұрт не дейді?

Әріптесіміз әңгімелеген бұл мәселеге қатысты үн қатушылар көп. Соның ішінде бірқатар пікірлерді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

«Жын кіргенін біліп отырса, жындыханаға отырғызу керек. Есін жиып, енді бармастай болады. Жазаны осылай жасау керек. Немен ауырса, сонымен емдеу керек. Сабасына сонда келеді», – деп жазыпты, мысалы, Қуаныш Жұмашев. Ал Айжан Албан есімді оқырман: «Тұрмыс тауқыметі, психиканың шаршауы. Өз үйімізде солай стреске ұшыраған адам бар. Негізі бала-шағамен төрт қабырғада қамалып отырғандар жарты жылда, 1 жылда бір демалып тұрулары керек екен», – дейді.

Өз аты-жөнін «Мен Қазақтың Баласы» деп көрсеткен желі қолданушысы болса: «Негізі келіншекте басқа бір жай болған сияқты. Қазір интернет арқылы танысып, күйеуі бар келіншектерді азғыратын жас балалар бар. Жас бала құмары қанған соң тайып тұрады. Келіншек «жын кіріпті, жаздым-жаңылдым» деп қайтып келеді. Баяғы сегіз өрім қамшы керек. Бірақ олай етсе, «тұрмыстық зорлық көрдім» деп шағынады. Екі жағдайда да қорлық көретін – ер адам. Бірақ әр адамдар оны намыс көріп, қоғамға ашып айтпайды. Әйелдер шауып отырып телеарнадан атып шығады. Гүлмира Әбіқай, отбасылық мәселелерді дайындағанда біржақты қарамай, осы жағын да ескеріңіз», – деп жазған.

Ал Айнұр Сабыр: «Үйінен жетектеп кететін ауру түрі бар. Жын-мын дегенді білмеймін, негізі психикалық ауру түрі. Күзде, көктемде құстың келуі-кетуімен байланыстырады. Білмей жатып күйе жақпайық. Жас ана күтімсіз қалса, психикалық ауруға жиі ұшырайды. Оны қазақ жас босанған әйелді бір жыл жын-пері күзетеді деп сыртқа жалғыз шығармай, ерекше күткен ғой. Қазір әсіре діншіл болып кетіп, қазақтың ырымдары мен тыйымдарын жоққа шығаратын болдық қой. Ауыл арасында мұндай мысалдар көп. Шағын ауылда интернет болмаған кезде де ешкім азғырмай, үйінен шығып кете беретін оқиғалар болған. Гүлмира Әбіқай, мындағы жазылған пікірлер жас ананы одан сайын ауру қылмаса ештеңе емес…» – депті.

«Босанғаннан кейінгі депрессия ғой. Бізде жын кірді деп адамды одан әрі жынды қылады. Психологқа барса псих болады деген көзқарастан арылмайтын шығармыз», – дейді Жазира Бегалы. «Әлеуметтік жағдайы төмен, жылма-жыл туған баладан қашатын болар. Бізде көбіне қыздар жастай алып қашудың не мәжбүрлеп күйеуге берудің (не оқу, не жұмыс жоқ болған соң кейбір пысықай туыссымақтың азғыруымен) құрбаны болып жатады. Жақсы көрмесе де жылда бала туып, баладан миы ашып, сүймей қосылған соң (әйтеуір жұбайлық міндеттерін орындап) ерінен тез жалығуы не көңілі толмауы мүмкін. Баласынан да, байынан да жерінулерінің түпкі себебі сол деп ойлаймын», – дейді Зейнеп Базарбайқызы.

Ерке Жазенқызы: «Жын кірген» деген бір жақсы сылтау болды осындай безбүйрек әйелдерге. («Жыны» үйіне аман-есен жеткізіп тастаған екен). Өз басым ондайға сенбеймін. Жақсылап тергесе, талай нәрсе ашылар ма еді?..» – деп бір күдіктің ұшын шығарады. Дәрігүл Бектасова: «Ондай болады. Бір еркекті де (үш баласы бар, алды мектеп бітірген, 1977-жылғы) бір күн, бір түн бойы іздеп таппай жүрсек, табылды. «Білмеймін. Бір әйел шай берді, соны ғана білемін», – деген. Молда оқығанда «жын кірген» деп оқыды. Ауылда тау-тоғайды аралап жүрген болуы керек. Іздеп жүргендер пал аштырғанда жандарыңда жүр деген екен», – деп жазыпты.

Ләззат Тұрмағанбетова: «Аналық жүрек қайда… Адам мысық пен күшікті де қараусыз аш тастай алмайды ғой. Өзі жүрмеген болар. Ешқандай да жын емес, жеңіл жүріске түскен қазіргі келіншектер. Жатырын жарып шыққан баладан гөрі екі минуттық ләззат қымбат оларға», – дейді. Гүлнәр Мырзахметова: «Әйел азғындаған заман болды. Жылулықты даладан іздеген. Есі дұрыс әйел баласын тастап он екі күнге кете ме? Күйеуіне кінә тағайын десең, бала туып отыр. Сыртта танысқан еркектердің жылы сөзіне алданып кеткен шығар. Есі дұрыс әйел кетпейді», – дейді.

«Әлеуметтік теңсіздік әйелдерді шаршатып жіберді. «Инстаграмда» гүл-гүл жайнаған, үлде мен бүлдеге оранып, жегені алдында, жемегені артында қыдырып жүрген күйеуімен бақытты немесе «свободная женщиналарды» көріп басқа әйелдер өздерінің жағдайына қарап бәрінен баз кешеді. Өзін басқалармен салыстырады, қор болады, күйінеді. Сосын жылуды, бақытты басқа жақтан іздейді», – деп жазыпты Beglan Sharinbai.

«Мұндайларға жын кірмейді, бұлар сау адамды жынды қып жібереді. Жынның өзінің шәпкісін теріс айналдырып жіберсе керек», – дейді Ғазиза Қойлыбаева. Сәуле Сейдалина: «Біздің ауданда да екі баласы бар келіншек жоғалып, табылды. Тоғыз айлық баласын тастап кеткен үйіне. Бұл не сұмдық болып жатыр?!» – деп жазған.

Арнайы зерттелуі керек сияқты

Міне, журналист жариялаған жайға байланысты жұрт осылай деп жатыр. Кейінгі кездері телеарна жаңалықтарынан, түрлі бағдарламалардан жиі айтылатын мұндай оқиғаларды жалғанға балап, жұрттың назарын басқа жаққа аудару мақсатында тапсырыспен жасалады деп жүргендер де жоқ емес. Дегенмен қалай болғанда да бұл бүгінгі қоғамда бар құбылыс.

Мысалы, осыдан біраз бұрын Түркістан облысында бір жас келіншек күйеуімен ренжісіп, үйінен кетіп қалған, бірнеше күннен кейін Шымкентте жүрген жерінен табылған еді.

Вахталық әдіспен жұмыс істейтін жердегі бір тазалықшы әйелді сондағы басшысымақ біреудің азғырып, «жұмыстағы әйелі» етіп алғаны, оны білген күйеуі мен ата-енесінің әлгі әйелге ештеңе істей алмай, іштен тынып жүргені туралы да естігенбіз.

Тіпті күйеуі, бала-шағасы бар әйелдің өзге еркекпен көңіл қосып, соның үйіне кіріп алған оқиғалары да жоқ емес. Осындай, осыған ұқсас жайлар жөнінде полиция ақпарларында, ел ішінде аз айтылмайды. Үйінен кетіп қалған әйелдер туралы хабарлар, іздеу салулар еліміздің әр аумақтарынан айтылып жататыны рас.

Жалпы, әйелдің үйден кетіп қалуына көп жағдайда оның тұрмыс таршылығынан, жетіспеушіліктен, отбасындағы түсіністіктің жоғынан шаршауы себеп сияқты. Ал «жын кіріпті» дегенге көпшілік жұрт сенбейді, оны үйінен кеткен әйелдің өзін ақтау үшін тапқан сылтауы ғана деп есептейді.

Осы орайда белгілі журналист Сәуле Әбединова осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында жазған бір оқиға еске түсіп отыр. Ол Жетісай жаққа барған сапарында жолда қол көтерген бір қызды Шымкентке ала кеткендері, кейін оны қайтадан өзінің үйіне дейін жеткізіп салғандары туралы жазған болатын. Сәуле әлгі қыздың әрекеттері, сөздері өзіне түсініксіз, күдікті, тіпті үрейлі көрінгені жөнінде, оның көзі адамның өңменінен өтердей суық, көзқарасы мағынасыз екенін айтқан еді. Кейін үйіне апарып салғанда әжесі әлгі қыздың кей кездері осылай еліріп, үйден кетіп қалатыны туралы баяндаған екен. Яғни «жын кірген» деген осындай болатын сияқты. Адамды жын айналдыратыны туралы Құранда айтылған дейді, бүгінде жын иектеген деп танылған адамды ілімі жоғары дін өкілі емдеп жазды дегенді де естіп жататынымыз рас.

Осыдан бірер жыл бұрын жоғалып табылған бір ер адамның өзінің ес-түсін білмей лағып кеткен себебін түсіндіріп айта алмағаны туралы да жарияланғаны есте. «Таксиде біреу нан үзіп беріп еді, соны жегесін санам тұманданды, қайда барып, не істегенімді білмеймін», – деген еді солардың бірі. Оны біреулер тонап, қоқыс жәшігінің түбіне тастап кеткен екен.

Осының бәрі адамды түрлі ойларға жетелейді. Олай болса, кей әйелдің өз үйінен кетіп қалу, жоғалу оқиғаларын арнайы мамандар тереңдеп зерттеуі, анықталған жайларға байланысты тиісті шаралар атқарылуы керек сияқты. Отбасының іргесі осындай себептермен шайқала берсе, оның соңы қайда апарып соғады? Естуімізше, мұндай жайлар ел ішінде аз кездеспейтін сияқты. Мұндай абыройсыз жай басына түскендердің көбі дабыра болып кетеді деп ұялып, намыстанып, оны жасырады. Бірақ бүлінген отбасындағы психологиялық ахуалдың одан жақсарып кетпесі белгілі ғой. Қайта күйік болып, тереңдеп, арты ауыр оқиғаларға ұласып кету қаупі жоғары емес пе?

Сондықтан бұл жөнінде журналистердің ізденіп, өмірде орын алып жатқан жайларды ашып көрсеткені де дұрыс-ау. Адамдарды жаман нәрседен алдын-ала сақтандыру да керек қой. Әркім өзіне, отбасына абай болсын, жамандыққа жол бермесін. Әйтпесе, әйел баласы «бойыма жын кіріпті», «не істегенімді білмеймін» деп ойына келгенін істей берсе отбасы құндылықтарынан не қалады? Ұят, ар-намыс, жауапкершілік, адалдық, жанашырлық, отбасындағы мейірім мен түсіністік бәрінен де биік тұруы керек қой.

Н. ЖҮНІС.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button