Оқи қалар оқиғалар

Некесіз туған нәресте

Таяуда Қызылорда облысында қоқыс жәшіктерінің жанынан шала туған нәрестенің жансыз денесі табылғаны жайлы хабар тарады.

Арада бір күн өтпей Шымкентте айы-күні жетіп туылған нәрестесін қоқысқа тастап кеткен оқиға тағы тіркелді. Осындай жантүршігерлік оқиғаларды естігенде безбүйрек ананы кінәлаймыз. Өйтпеді ме екен, бүйтпеді ме екен деп тегін ақылымызды жаудырамыз.

Бірақ біржақты кетуге болмайтынын бір әйелмен болған әңгімеден кейін жақсы түсіндік. Ол кісі басынан өткерген қиын жағдайды бізге былайша әңгімелеп берген еді.

«Басқа түссе – баспақшыл» деген рас екен, – деп бастады бейтаныс әйел әңгімесін. – Осы жағдай өз басыма түскенге дейін мен де оң босағада отырып, некесіз бала тапқан қыздар мен олардың аналарын кінәлаушы едім. Дұрыс тәрбие бермеген, қызды бетімен жіберіп алған деп қызбен қоса түк жазығы жоқ анасын да жер-жебіріне жетіп ұрсатынмын. Сөйтіп қызыма егер осылай жасасаң, өз қолыммен өлтіріп тастай саламын, мені жерге қаратпа, қара бет қылма деп айдалада туып жатқан біреу үшін өз қызымды жер-жебіріне жетіп ұрса жөнелуші едім. Онымның дұрыс емес екенін, біреудің өмірін талқыға салып, ақ-қарасын білмей жатып кінәлау жөнсіз екенін өз басымдағы жағдайдан кейін жақсы түсіндім.

Мақтанғаным емес, туыс-тума, дос-жаран, көрші-қолаңның алдында әжептеуір абыройым бар адаммын. Жұрттың бәрі менің балаларымның тәрбиесіне, әсіресе қызыма қарап қатты қызығатын. Ол қылтиып, бойжетіп келе жатқаннан келін қылғысы келетін тамыр-таныстар көбейді. Тіпті танитыным бар, танымайтыным бар, айттырып келушілер де болды. Оған мен қызымды жастай ұзатқым келмеді. Оқуын бітіріп, мамандығы бойынша бір-екі жыл жұмыс істеп, сосын ұзатамын деп ойлаушы едім.

Қызым оқуымен қатар жұмыс істеп, әкесі екеумізге түк те салмақ салған жоқ. Тойханаларда даяшы болды, кейде ыдыс жуатын, әйтеуір бізден ақша сұраған емес. Қызымның мені ұялтатын іске бармайтынына сенімді едім. Себебі ол әрбір басқан қадамын айтып, менімен ақылдасып отыратын. Тіпті көңілін білдірген жігіттер болса, оны да айтатын. Тек мен күйеуге шығуға асықпа дей беруші едім. Сөйтсем адамның дегені өне бойы бола бермейді екен.

Күз айларында қызымның сәл толысқанын байқадым. Тамаққа тәбеті де ашылып кеткен. Бұрын аузына алмайтын нәрселерін ашқарақтана жеп отырғанын көргенде таң-тамаша болғаным есімде. Бірақ түк те жаман ойлағаным жоқ. Қыс басталғанда қызымның тұла бойындағы өзгерістерді көріп күмәнданайын дедім. Сосын айлық қонағы қай уақытта келіп жүргенін сұрап едім, ол үш-төрт айдан бері мүлдем болмағанын айтты.

Күдігім одан әрмен күшейіп, бірдеңе бүлдірген жоқ па едің деп сұрап едім, таза екенін айтты. Сөзіне сендім. Сонда да көңілім алай-дүлей болып, гинеколог болып жұмыс істейтін танысыма қоңырау шалып, қызымның бойындағы өзім байқаған өзгерістерді айттым. Ол дәріханадан тест алып тексеріп көруге кеңес берді. Солай жасадым. Тест оң нәтиже көрсеткенде шоқ басқандай бақырып, қызымның дымын қоймай төпелей ұрып, өзімді өзім ұстай алмай қалдым. Қызымда тіпті де ес жоқ. Өлген адамдай меңірейіп, сілейіп қалды. Дәл осылай масқара болғанша өліп кеткенім жақсы еді, сені де өлтіріп, өзім де өле салып, осының бәрінен құтыла салсам ба екен деп жындандым.

Қызымда үн жоқ. Қалай, қайдан пайда болғанын айтпайды. Мен де қоймай ұра бердім. Бір кезде барып бір жігіттің қыр соңынан қалмай бір жылдай жүгіргенін, бұл оны жек көріп, түк жауап қатпағанын, бірақ бір күні орайын тауып зорлап кеткенін айтты. Ол жігітті мен де бір-екі рет көргенім бар еді. Жұмыс орнын да білетінмін. Сол күні-ақ қызымды жетелеп жұмысына бардым. Жұмыстан шығып кетіпті. Қызым телефонына қоңырау шалып еді, көтермеді. Сосын «уатсабына» жазып жібер дедім. Дереу әкетсін, әкетпесе түрменің түбінде шірітіп жіберемін деп айқайладым. Қызым солай деп жатқанымды айтып жазып жіберді.

Жігіт жауап та бермей, ізім-ғайым жоғалды. Жұмысындағылар мекен-жайын да айтпайды, телефон нөмірін де бермейді. Жұмыстан шығып кетті деді де қоя салды. Әлеуметтік желідегі парақшаларына да жаздық. Мені де, қызымды да блоктап тастады. Сотқа берейін десем, өзімнің артымды өзім ашып,  елге масқара боламын деп ойладым.

Сөйтіп баланы алдырудан өзге амал жоқ деп қызымды жетелеп гинекологқа бардым. Аборт жасауға тым кеш деді дәрігер. Бала төрт айдан асып кеткен. Дені сап-сау, жүрегі соғып тұр, анасының құрсағында саусақтарын қимылдатып жатыр дейді. Қандай да бір мүмкіндік болса көзін құртып бер, маған абырой маңызды деп жалындым дәрігерге. Ол мұның өте қауіпті екенін айтты. Қыз кейін мүлдем босанбай қалуы мүмкін екен. Мейлі дедім, егер солай болса өзі кінәлі. Оқиға болған күні жасырмай маған айтуы керек еді деп. Дәрігерім басқа дәрігерлермен ақылдасып, мүлдем болмайтынын айтты. Өйткені бала тірі, дені сау. Егер бізге керек болмаса баласыз жүргендер көп, соларға бергеніңіз дұрыс болады деді. Сонымен сүмірейіп үйге қайттық.

Біраз күннен кейін дәрігер маған баласыз бір отбасы шығып тұрғанын айтып, қоңырау шалды. Егер мен келіссем, қызымды үйден әкетіп, босанғанша күтеді. Өздері перзентханаға апарып босандырып, сосын қызым бас тартам деп жазып берсе, әлгілер асырап алатынын айтты.  Бұл уақытта қызымды ұра беруден де, ұрсудан да шаршағанмын. Жігіттен де хабар жоқ. Не істерімді білмедім. Өлтіріп тастаймын деген жай сөз екен. Іштен шыққан перзентіңді өлтіре алмайсың. Өзің де өле алмайсың. Өлтірмек былай тұрсын, қарадай қарап жүріп сорлап қалғанына жаным ашыды. Айттырып келгендердің бетін қайтармай, ұзатып жібергенімде осындай болмас еді деп өзімді өзім кінәлай бастадым. Ал қызымда үн жоқ, көзінің оты сөніп, мен не десем де мақұлдап, бейшара халге түсіп қалған. Егер дәрігер айтқан адамдарға барасың десем бара салатын сияқты.

Ойлана келе, бұл да тағдырдың бір сынағы шығар, қызымды тұла бойы тұңғышынан айырмайын деген шешімге келдім. Бірақ мұндай шешімге келу оңай болған жоқ. Ертеңгі күні елге не бетімді айтамын деген ой бір сәтке де маза таптырмады. Әкесіне қалай айтам? Ол не дейді? Екеумізді де ұрып-соғып үйден қуып жібермес пе екен деп қорықтым.

Әр түнім Құдайға жалбарынып жылаумен, әр күнім әлгі жігіт бір хабар беріп қалар ма екен деп хабар күтумен өтіп жатты. Ас-су ішуді ұмытқалы қашан. Қылдай болып азып кеттім. Өңімде қан-сөл жоқ. Көрген таныстарымның бәрі ауырып жүрсің бе деп сұрайтын.

Қызымды сабағына жібермей, үйден шығармай қойдым. Біреу-міреу келіп қалса, қызымды бөлмесіне тығам. Сөйтіп жүргенде дәрігер танысым бұлай жүре беруге болмайтынын, емханаға тіркетуім керектігін айтты. Олай етпесем, ертең босанар кезде ешбір перзентхана қабылдамайды екен. Мені де, қызымды да емханадағылардың бәрі таниды. Не істеймін? Масқара болдым ғой деп кірерге тесік таппай қиналдым. Сөйтіп басқа қалада тұратын бір жақын құрбым бар еді, соған бар сырымды айтып, қызымды сонда жібердім. Ол өздерінің емханасына тіркеп, босанғанша қызыма жақсы қарады.

Ұрсып-ұрғанымды естіп, оңашада маған әбден ұрысты. «Жындысың ба? Қызың әлі бала ғой. Өз-өзіне қол жұмсап қойса не болады? Іштегі сәбидің жағдайы не болып жатыр? Анасы әр таяқ жеп, ұрыс естігенде. Болар іс болып қойғаннан кейін несіне ұрса бересің? Қой енді, басыңа түскенге мойынсұн. Кім біледі, бір жамандықтың артында бір жақсылық тұрады деп, осы бала аман-есен өмірге келсе, саған да Құдайдың бір мейірімі түсіп, өміріңде жақсы өзгерістер боп қалар. Қызды қинай берме. Бұл жерде сенің қызыңнан емес кінә, ана оңбаған жігітте. Істерін істеп алып, мойнымен көтермей қашып кеткені несі? Қыз босанбай тұрып, оны тауып алып қосайық одан қайта», – деп ақыл қосты. Мен істеген ісін мойнымен көтермейтін қорқақ жігітке қызымды беріп, қор қылғым келмейтінін айттым. Одан қайта байсыз өтсін өмірден деп ашуландым.

Шынында ғой. Өмірде қаншама әйелдер бар күйеулерінен қорлық көріп, азап өмір кешіп жатқан. Қызымды өз қолыммен ондай қорлыққа қалай тастаймын. Әуелі аман-есен босанып алсын, сосын тағысын тағы көре жатармыз дедім. Сонымен айы-күні жетіп, қызым аман-есен босанды. Күйеуіме айттым. Жігітті таба алмағанымызды да жасырмадым. Не болса да бір айқай болады деп күтіп едім. Қайта күйеуім маған қарағанда ақылды, сабырлы екен. «Қайтеміз, басымызға түскені осы болса көреміз де», – деді де қойды.

Қызым босанатын күні түс көріппін. Түсімде қызым аман-есен босанып, бөпесімен Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің басына барыппыз деймін. Мен жиенімді көтеріп  зияратшылар түнейтін үйге кірсем, жасы үлкен бір апа: «Баланы желбіретпей жөндеп ұста», – деді қатаңдау сөйлеп. Сосын сол жердегі бір келіншек бөпені әдемілеп киіндіріп берді. Мұның алдында да бір түс көрген едім. Түсімде қызым босанып, бөпесімен үйге келіпті. Құндақта жатқан әлдиге қарап: «Өйтіп-бүйтіп жарық дүниеге келіп алдың ба?» – десем, ол жұлып алғандай: «Иә, келдім, аман-есен», – дейді. Өзі еті тірі, пысық қыз екен деп қоям.

Бұл түстің тегін емес екенін түсіндім. Мейлі, некесіз болса да, бұл да бір Құдайдың жаратқан пендесі ғой. «Құдайсыз қурайдың да басы сынбайды» демеуші ме еді, көндігейін. Түк жазығы жоқ сәбиге аналық мейірімімді төгейін деп ойладым.

Мүмкін балалары қателік жіберген ата-аналарды тым көп кінәлап, осы жағдайды өзіме өзім шақырып алдым ба? Асылық айтып, орынсыз сөйлей бермесін деп Құдай маған әдейі осындай сынақ салып жатыр ма деп ойландым. Адамның әрбір қателігі өзіне сабақ деп жатады ғой, бұдан өзіме сабақ алып, енді ешкімді кінәламай тыныш жүрейін деп сабырға келдім.

Сөйтіп қызымның айы-күні жақындағаннан бөпенің киімдерін алып, дайындық жасай бастадым. Ит көйлегі мен жөргектерін алып жүріп, кеудемде бір түсініксіз сезім пайда болды. Қуанатындаймын ба? Жиенімді тезірек көргім келетіндей ме?

Құрбым қызымның толғатқанын айтып қоңырау шалғанда өзімді қоярға жер таппай, асығыс-үсігіс жиналып, сол тұратын қалаға бардым. Мен жетем дегенше қызым босанып қойыпты. Сәби аман-есен өмір есігін ашты. Перзентхананың терезесінен қарап, ішім қан жылап тұрса да, қызымның жағдайын сұрап, күлгенсіп тұрмын. Бөпені көрсетші деп өтіндім. Қызым бір уыс болып жатқан қызыл шақа шақалақты көрсеткенде жүрегімдегі қара тас еріп сала берді. Іші-бауырым езіліп: «Мынау менің түсіме кірген қара қыз ғой» деп күліп жатырмын. Қызым күлімсіреген сияқты болып, үндемеді. Оның да жан-дүниесі алай-дүлей болып тұрғанын сездім. Сонымен күніге перзентханаға қатынап, қызым мен сәбиден хабар алып тұрдым. Құрбым қырқынан шығарып берейін, болмаса біздің үйде-ақ тұра берсін деп еді, келіспедім. Онсызда екі айдай қарап бергеніне алғысымды жаудырып, үйге алып қайттым.

Қазір жиен қызым жасына толды. Өзі сондай тәтті. Таң атысымен қызымның бөлмесіне кіріп, жиенге қайырлы таң айтамыз. Айналып-толғанып, қолымыздан тастамаймыз.

Ойланып қарасам, бізді құртатын «жұрт не дейді?» деген жалған намыс екен. Соны бұзып өте алмай қыздар туа сала жазығы жоқ сәбиді қоқысқа тастап немесе құрсағында жатқанда алдыртып тастап, қылмысқа барады. Егер үлкендер түсіністік танытып, қолдау көрсетсе, жас адам қателігін түсініп, екінші ондай қадамға бармас па еді деп ойлаймын.

Бір ұлы ғұламаның айтқан сөзі бар екен. Егер қандай да бір жолмен дүниеге бала келуі тоқтамаса, онда Құдайдың адамзаттан әлі үміт үзбегені деп… Сол рас-ау деймін. Қара бет болдым, жұрт бетіне қалай қараймын, масқара болдым деп намыстанып жүргеннің өзінде менің жүрегімнің терең бір түкпірінде қызымның құрсағында жатқан сәбиге деген сағыныш болды. Соның аман-есен дүниеге келуін күткенімді жасыра алмаймын. Әйтеуір аман болсыншы екеуі. Енді қателік жасамай, өмірден өз орнын тауып кетсе, біздің де елге күліп қарайтын бетіміз болар».

Бейтаныс әйел әңгімесін аяқтағанда сәбидің қоқыс жәшігіне түспей, аман-есен дүние есігін ашқанына,  анасынан ажырамай бауырында өсіп жатқанына қуандық.

…Жалпы, некесіз бала табу дұрыс емес. Біз оны қолдамаймыз. Бала әкесі мен анасының аялы алақанында, екеуінің де мейіріміне қанып өсуі керек.  Бірақ болар іс болып қойғасын жас аналардың бейкүнә сәбиді мынадай суықта қоқыс жәшікке тастай салуы кешірілмес күнә.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button