Оқи қалар оқиғалар

Науқасқа өз қанын құйған хирург

Сырдария облысының орталығы – Гүлістаннан қырық шақырымдай жердегі Ворошилов аудандық ауруханасының бас дәрігері Олегке біреулер қоңырау шалып, өздеріне өте ауыр халдегі бір тракторшының ес-түссіз жеткізілгенін хабарлап, көмек сұрады.

Бұл уақытта Олег Исаевич облыстық ауруханадағы хирургия бөлімінің меңгерушісі болатын. Совхоз гаражының ішінде бульдозеріне су құйып тұрған тракторшыны биік жерде қарама-қарсы тұрған екінші бір трактор орнынан қозғалып кеткен күйі қысып қалыпты. Соқтығысқан екі трактордың ортасында қысылып қалған жанның аузы-мұрны мен құлағынан да қан кетіп, ес-түссіз жатқан көрінеді. Осы жайды айта келе бас дәрігер:

– Сіздердің көліктеріңіздің жайы болмай қала ма деп, манағы бір әзірде жедел жәрдем машинасын жібергенмін. Ол қазір сіздерге барып та қалған болар. Мүмкіндігінше тезірек келіп, әлгі бейшараға көмек беріңіздерші. Өзіміздің хирургтер оны өледіге санап, ота жасауға бата алмай отыр, – деген еді. Аудандық дәрігердің меселін қайтармаған Олег өзінің тәжірибелі деген екі хирургін Ворошилов ауданының орталығы Янгиер қаласына аттандырып, өзі кезекті операциясына кірісіп кеткен. Арада үш-төрт сағаттай уақыт өткенде операциядан шыққан бұл манағы Янгиерге аттандырған хирургтерінің келіп қалғанын көрді.

– Иә, айта отырыңдар. Манағы тракторшының жағдай қалай болды? – деген бұның сұрағына басын шайқаған екі хирургтің бірі, институтта бірге оқыған өзбек курстасы Жорекең:  – Науқастың жағдайы өте қиын. Қан қысымы мүлде жоқ деуге болады. Шамасы екі трактордың сыққанынан ішкі диафрагмасы мен асқазаны да жарылып, өкпе-бауыр мен жүрек жақты да бүлдіргені анық. Ол отаның  ұзаққа созылатыны белгілі. Көп қан жоғалтып, қысымы мүлде төмендеп, ес-түссіз жатқан науқастың бұны көтере алмасын білгендіктен, оған ота жасауға болмайды деген қорытындыға келдік. Бары осы. Ендігі уақытта ол тракторшы өліп те қалған болар, – деген курстасы Жорекеңнің сенімді сөзіне бұл не дей қойсын? Арада тағы біраз уақыт өткенде өзіне және қоңырау шалған Янгиерлік бас дәрігер: – Олег Исаевич! Осылайша қашан өледі деп науқастың бетіне қарап қол қусырып отыра береміз бе? Өзіңіз келіп, бір амалын жасаңызшы. Өлсе, сол ота столында өлсін. «Дәрігерлер ешқандай көмек көрсетпеді» дегеннен гөрі, қолымыздан келгенше әрекет етіп бағайық та. Ең болмағанда арымыз таза болады ғой, – деді шыр-пыры шығып.

– Жарайды. Мен қазір бір науқасқа ота жасауға кіріп барамын. Одан шығысымен, яғни бірер сағаттан соң саған қарай шығамын, – деді нық сөйлеп. Операциядан шыққан Олегтің өзіне келіп тұрған аудандық жедел жәрдем көлігімен жүргелі тұрғанын көрген курстасы Жорекең: – Сәл тұра тұрыңыздаршы, – деген қалпы Янгиерге қоңырау шалып, ауыр халдегі тракторшының жағдайын тағы сұрады. Тұтқаны орнына қойып: – Ойпырмай, мынаның жанының сірісін-ай, ә! Ол тракторшы әлі өлмепті. Тірі екен, – деп бас шайқаған Жорекең таңданысын жасыра алмады.

Янгиердегі аудандық ауруханаға шұғыл жеткен бойда науқастың хал-жағдайын зерттеп білген Олег, ота жасау керек деген ұйғарымға келді. «Ол үшін әуелі ауыр жағдайда жатқан жанға қан құйып, қан қысымын қалыпты жағдайға жақындатуымыз керек. Сосын барып ота жасаймыз. Өйтпеген жағдайда, ұзаққа созылатын ауыр отаны науқастың көтере алмасы анық», – деген бұның сөзінен соң, сол жердегі дәрігерлеріне тиісті тапсырмаларын берген бас дәрігер Олегті шай ішіп алуға шақырды. Өйткені бұның жұмыстан шыға сала осында шұғыл түрде жеткендіктен, ас ішіп, әлденіп алуға уақыты болмағандығы белгілі болатын. Бұл ауруханаға кіре бергенде жолын бөгеп:                                                                          – Бар үмітім – сізде. Қолыңыздан келген көмегіңізді аямаңызшы. Өлмесем, қарыздар болып қалмаспын. Ол өлсе, шиеттей бала-шаға мен қарт әке-шешесін жалғыз өзім қайтіп асырамақпын?! Күйеуімді құтқарыңызшы, жалынамын, Құдай үшін, құтқарыңызшы! – деп, боз-бораны шыға еңіреген жанның зары құлағынан әлі кетпеген Олегтің шайға қайдан зауқы болсын.

Көп кідірмей басталып кеткен операция ұзаққа созылып, сағат түнгі екіге таяу аяқталды. Науқастың ішін ашқанда, шынында да Жорекең айтқандай асқазан мен диафрагманың қатар жарылып, ішкі қуыстың бәрін бүлдіргені белгілі болды. Ота жасаудың соңына қарай кенеттен қан құю қажет болып, группасы өзімен сәйкес келгендіктен Олег Исаевич сол жерде тікелей жалғап, өзінен қан берді. Сәтті аяқталған ауыр отадан қан беріп, қатты қалжырап шыққан Олег жуынып-шайынып болып:

– Ал, жолдас бас дәрігер! Манағы шақырған шайыңызды енді асықпай ішуге әбден болады, – деді күлімсіреген күйі үстінен ауыр жүк түскендей жеңілдеп.

– Қыздарымыздың сізге дайындаған шай-пайы да дайын. Сіздей қолы алтын, мейірбанды адамнан аяған дүниесі құрысын! – деген бас дәрігер қуанышын жасыра алмай елбелектеп жүр.

Қайтар кезінде Олег жансақтау бөліміне кіріп, отадан шыққан жанның жағдайын тағы бір тексерді. Қан қысымы да, дене қызуы да қалыпқа келе бастағанына қанағаттанып, сыртқа шыққан бұны манағы науқастың әйелі әлі күтіп жүр екен. Өзіне не айтар екен дегендей жаутаңдап, қауіптене қараған орыс әйелге жүзінен шуақ шаша күлімсірей қарап:

– Не переживайте! Все позади. Даст бог, жить будет! – деді нық сөйлеп. Еңіреп қоя берген жан бұның қолынан жібермей қайта-қайта сүйіп, рақметін жаудырып жатты. Жедел жәрдем машинасымен облыс орталығы Гүлстанға келген кезде сағат тілі түнгі төртке таяп қалған еді. Ендігі қалған үш-төрт сағат ұйқыны кабинетте-ақ ұйықтай салармын деген оймен көліктен аурухана аумағында түсіп қалды. Алдынан шыққан күзетші баяғы «ота жасалған орысы» бұның бейсуыт жүрісіне таң қалып, жағдай сұрасып жатты. Түрмедегі жаза мерзімін өтеген жан, осы ауруханадағы медбике, жесір келіншекпен тұрмыс құрған. Оның осында қарауылдыққа тұруына да Олег Исаевич жәрдем берген. Кабинетіне ере кірген жан бұның алыс жолдан шаршап келе жатқанын біліп, осында шай әкелейін деп құрмет көрсетті.

– Пейіліңізге рақмет. Мен үшін қазіргі «ең үлкен арман» алаңсыз ұйықтау болып тұр. Кеше де түнде, жол апатына ұшырағандарға тез арада ота жасау керек болып, жөнді ұйықтай алмаған едім. Соның «өшін» қазір алғым келіп тұр, – деген бұның сөзінен кейін ол көп кідірмей кетіп қалды. Терең ұйқыға кетіп, түн ішінде қысқы суықтан тоңази бастаған ол, өзіне әлдекімнің одеял жауып, денесін қымтап жатқанын да еміс-еміс біледі. Таңертеңгілік өзін оятып:

– Олег Исаевич, тұрыңыз! Дәрігерлеріңіздің де келетін уақыты таяп қалды. Енді менің шайымнан бас тарта қоймассыз деп ойлаймын, – деген күзетші орысының ерекше көңілді екендігі білініп тұр. Түнде өзіне қамқорлық танытып жамылғы жапқан да осы кісі екендігін сұрап білді.

Шайдан кейін шамалы сергіп алып, Янгиердегі ауруханаға қоңырау шалды. Трубканы көтерген кезекші дәрігер, түндегі ота жасалған азаматтың өз-өзіне келе бастағанын, яғни кешегі берілген наркоздың күші кеткеннен кейін көзін ашқанын хабарлады. Таңертеңгілік бас дәрігердің кабинетінде өткізілген шағын лездемеден (пятиминутка) соң, бұның кабинетіне кірген Жорекең кешегі бульдозершінің жағдайын сұрады.

– Тамыр, жағдай қиын. Өте қиын. Ол орыс операция үстінде қайтыс болды. Сол жерде айғай-шу көтерген оның туысқандары қырғын төбелес шығарып, өзім терезеден әрең қашып шықтым. Әсіресе милицияда істейтін капитан ағасының мінезі жаман екен. Пистолетімен мені атып тастаймын деп төбемнен оқ атып жұлқынғанда, сұмдық болды. Қараңғыда алды-артыма қарамай безектеп қашып, ол жерден қарамды батырдым. Қазір мені іздеп осында келіп қала ма деп те зәрем ұшып отырған жайым бар, – деді қайтер екен дегендей қорыққан болып.

– Оның тірі қалуының әсте мүмкін еместігін кеше-ақ айтқан едім ғой мен саған. Бірақ адамның айтқанын сен тірі тыңдайсың ба? Әрдайым осылай істейтін әдетің бар ғой. Енді не болды? Егер оның бұзақы ағасының қолына түсіп қалғаныңда не болар едің? – деген Жорекең бұған шабыттана шалқып, біраз ақыл айтып, саяси сабақ өтті.

– Жарайды, ендігісінің бір мәнісі бола жатар. Енді жұмысымызға кіріселік, – деп, одан әрең құтылғандай болды-ау ақыры. Күнделікті жұмыстың күйбеңімен жүріп, күннің де кешкіріп қалғанын байқамапты. Қайтуға жиналып жатқанда кенет көрші бөлмедегі телефонмен даудырап сөйлесіп жатқан Жорекеңнің даусын есітті. «Әлеу! Бұл Янгиердегі аудандық аурухана ма? Кешегі өлген науқастың туысқандары тынышталды ма, қайтті? Не дейд?.. Мен кешегі өлген науқас туралы сұрап тұрмын. Немене жөнді естімейсің бе? Туһ! Мынаны-ай, ә! Ей! Мен саған түндегі ота кезінде өлген тракторшы орысты айтып тұрмын. Түсінбейтін не деген бәлесің?! – деп, ашуға ерік берген Жорекең біраз бұрқылдап алды. Бір кезде тілден қалғандай тым-тырыс бола қалған жан, әлден уақытта барып бұның кабинетіне қабағы түйіліп кірді.

– Олег Исаевич, мен сізді ешуақытта өтірік айтпайды деп ойлаушы едім.  Енді бүгін мені неге алдадыңыз? – деді ренішін жасыра алмай.

– Сен де, қасыңдағы бірге барған хирург те ол науқасты өледі деп кесіп айттыңдар емес пе?  Сондықтан сөздерің далада қалмасын, ең болмағанда бес-алты сағат болса да «қуанып жүрсін деп», әдейі айттым. Әлде бұным әбестік пе? – деген бұған Жорекең не айтарын білмей қалды. Осы істердің куәсі болып жүрген орынбасары Яриев Әлижан:

– Сіз бүгін атқан оғыңызды екі рет «ондыққа дәл тигіздіңіз», – деді риза болып. Арада бес-алты күн өткенде хабарласқан Янгиердің бас дәрігері өз-өзіне келіп, есін жиған бульдозершінің бұны көргісі келіп іздетіп жатқанын айтты. Ертеңіне жұмыстан соң жолға шығып, жансақтау бөлімінде жатқан бульдозершінің хал-жағдайын көріп, жүрек соғысы мен қан қысымын тексеріп, соңғы анализдерімен танысты. Отаға дейін де ұзақ уақыт ес-түссіз жатқан жанның әлі толық оңала қоймағаны көрініп-ақ тұр. Әрең сөйлеп, өзіне рақметін айтқан жанға көп сөйлеуге болмайтынын ескертіп сыртқа шықса, есік алдында бұны күтіп қарт анасын ерткен бульдозершінің әйелі тұр екен.

– Сынок, дай бог тебе здоровье! За Вас будем молится, – деп кемсеңдеп, ризашылық білдірген қария мен келіні рахметін жаудырып жатты.

Арада үш-төрт ай уақыт өткенде, ауруханаға ересек баласын ерте өзін іздеп келген кісіні бұл алғашқыда танымай да қалды. Сөйтсе, бұл баяғы Янгиерлік бульдозерші, дәлірегі Алексей Карлович Шмит есімді неміс екен. Ол кезде бар ойы алдағы отада болып, ол науқастың аты-жөніне де, ұлтына да назар аудармағанын Олег енді білді. Хал-жағдай сұрасқан амандықтан соң:

– Олег Исаевич, менің Сізді арнайы іздеп келген себебім бар еді – деп, күмілжи берген жанның бірдеңені айта алмай отырғаны түсінікті болды.

– Маған бірдеңе айта алмай отырған сияқтысыз ғой. Іркілмеңіз, айта беріңіз. Қандай проблема болып тұр? – деді оны өзімсіне сөзге тартып.

– Иә, Олег Исаевич, менің Сізге келгендегі шаруам былай. Өзімді өледіге санап, басқа дәрігерлер ота жасаудан бас тартқан кезде, Сіз ажалыма арашашы болдыңыз. Тіпті ота кезінде өзіңізден тікелей жалғап, маған қан бергендігіңізді де кейін, сол жердегі дәрігерлер мен әйелімнен естідім. Сіздің науқастардан дүние дәметпейтініңізді де елден естіп білдім. Әйтсе де, мен де қарыздар болып қалмай, Сіз үшін бір қызмет істегім келіп тұр. «Разрешите мне от души делать вам одно дело» дегені.

– Мен сізді түсінбей қалдым. Мен үшін не істемекші болдыңыз? – деді мәселенің мән-жайына қанықпай.

– Ол жағы әзірше құпия бола тұрсын, Олег Исаевич. Тек маған тұрған үйіңіздің мекен-жайын айтыңызшы. Мен де өзіме қанын беріп, тіпті жанын беріп дегендей өмір сыйлаған жанға бар шеберлігімді салып, бір тосын сый жасасам деп арман қылып жүрмін, – деді риясыз көңілмен. Арада тура екі ай өткенде жұмысына қоңырау шалған келіншегі Жәмила, үйге тосын меймандардың келіп қалғанын айтып, жұмыстан ертерек келуін өтінді. Олардың кім екенін сұрағанына:

– Танымаймын. Келген соң көресің ғой, – деп трубканы қоя салды.

– Ойпырмай, бұлар кім болды екен, а? Жәмиланың жасырғанында қандай сыр бар? – деген ойлармен үйіне жеткенше асықты. Жүк машинасын сыртқа қалдырып, аулада сәкі (тапчан) құрып жатқан екі адамның бірінің, өзінің «ота жасаған немісі» екенін тани кетті. Денсаулығы түзелген жан бұрынғыға қарағанда толысып, реңі де жасарып кетіпті. Өзіне күле қарап мәз болып тұрған Алексей Карлович Шмидтің, бұған сақтаған құпиясы – осы сәкі екен. Өрнектеп ою салып, қоладан құйылған темір сәкінің бар ынта-жігермен жасалғаны көрініп-ақ тұр. Темірден жасалған сәкінің талайын көрсе де, тап мынандай қоладан құйылған әсем өрнегі бар дүниені бірінші рет көргендіктен, Олег таңданысын жасыра алмады. Осы жерде, жаңа сәкінің үстінде, өзін шын көңілімен қуантпақшы болған жандарды бұлар да қонақ етіп, қазақы дәстүрмен сыйлады. Қоштасып қайтып бара жатқанда ақша ұсынған бұған Алексей Карлович:

– Сіз маған өмір сыйладыңыз. Ал менің жасаған затым содан құнды болғаны ма? Мен де сізді ең болмаса бір рет «от души» қуантайыншы дегенім еді, – деді ренжіп. Арада біраз уақыт өткенде, үйлеріне қонақ болып келген облыстық аурухананың бас дәрігері мен әйелі қоладан өрнек салып құйылған мына затқа ерекше ықыластары ауып қызықты. Бір кезде олар: «Осыңды бізге сатсаңшы, немесе сыйла» – деп, жата-жабысса болар ма. Кісінің көңілін қалдырғысы келмейтін бұның мінезінен хабардар Жәмила алдын орап:

– Үйге келген адамдардың бәрі үздігіп сұрап, осы сәкі-ақ бізді жұртқа жеккөрінішті етіп бітті. Әлде біз осы затқа лайық емеспіз бе? – деді әңгіме осымен бітсін дегендей.

Бөріхан ТӘМЕН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button