Оқи қалар оқиғалар

Лализар апаның үйінен пана тапқан Мырза

Екі аяғы тобықтан жоғары, оң қолының саусақтары түгелімен жоқ, елулерден асқан жігіт ағасы берген тиын-тебендерді шолақ қолымен ебедейсіз қысып, мүгедектер арбасында бет сипап отырды. Келген са­йын байқаймын, күнделікті отырысы осы. Аудан орталығындағы бұл базарда қайнаған жұрт.

– Мо-ро-же-ное!

– Бал-еқ! Ба-лық аламыз!

Әркім өз тауарын жарнамалап әлек. Оңтүстіктің аптап ыстығы. Сонда да болса саяқ жел қағаз-қоқыстарды сыпыра үйіріп, әрегідек дүңгіршек, бұрыш-бұрыштарды барлай бір соғып өтеді. Садақамды тастап кете берейін дедім де, бір-екі ауыз жөн сұрамаққа бекіндім. Осы жанның тағдырына қызығушылық өзіме жайсыз тисе де жүйкемді тыныштандыру үшін Жаратушыдан іштей кешірім сұрадым. Бұл өзіме жұбаныш болды.

– Ассалаумағалейкум!

– Уағалейкумассалам!

– Атың кім?

– Мырза.

Ешкім көңіл тоқтатып амандаспай, садақасын тастап кете бергеннің әсері болса керек, Мырза алғашқыда мән бермей, кейін барып маған барлай қарады. Сәлемдестім.

– Өзің кім боласың?

– Дәрібаймын. Жәй сәлем беріп, хал сұрасайын деп…

Дауысым күмілжи шықты.

– Иә! – деді ол. – Осы отырысым саған қызық. Жұрттың бәріне таң. Басқа түскен соң көнесің. Шыдайсың. Солай, бауырым.

Ол түсін суытып, темекі қалдығын арбаның жақтауына мыжи өшірді де, әңгімесін бастап кетті.

– Үлкендерден білгенім – бабаларым конфискілеуге ұшырап, Өзбекстанның Самарқанд облысында дүние­ге келіппін. Орта білімді сонда алдым. Әскери борышымды Түркменияда өтеп, 1982 жылы Арменияның Ленинакан қаласында әскери училищені бітірдім. Бірінші әйелімнен Әлсу атты қызым бар. Оренбургта тұрады. Хабарласпайды. Екінші әйелімнен екі қыз, бір ұл – Қарақалпақстанда. Олар да келмейді. Әкем деп өздері іздеп келмеген соң мен неге оларды іздеуім керек? – деп тоқтады.

Содан соң менің білгім келгені бұл емес екенін түсініп:

– Ә, қоларбаға қалай таңылғанымды сұрамақсың ғой? – деді.  Бір жағы «Өзімен-өзі отырған адамды әурелеп нем бар еді?» деген ой мазаласа, бір жағы  әлгі кісінің әңгімесін тыңдасам деген ынтамды жасыра алмадым.

– Оқиға 2002 жылы Ақтауда болды. Таңғы төрттер шамасы. Көлікте  ұйқылы-ояу жатқанмын. Қатты соққы болды. Автобустың апатқа ұшырағанын білдім. Басым айналып барып, бірден қараңғы тарта жөнелді. Арғысын білмеймін. Содан соң тікұшақпен жедел жәрдем келіп алып кетіпті. Есімді 2-3 күннен соң ауруханада жидым. Дәрігерлер екі аяғымды тобықтан жоғары, оң қол саусақтарымды түгелімен алып тастапты. Мыжылып қалған дейді.  Басқа амалы болмаған сияқты. Содан бері ІІ-топ мүгедегімін. Тағдыр ғой. Адам ит жанды деген осы.

Ол қулана күлді. Қандай жағдайда отырса да мына адам күліп отыр. Көндіккен, шарасыз адамның мысқыл күлкісі. Бірақ бекер күлмепті, артында айтпағы бар екен.

– Тағы бір жағдайды айтсам, қандай жанға теңер едіңіз?

– Қандай?

– Сол отада оң бүйрегімді алып, асқазанымды да тіккен ғой.

– Рас па?

– Міне, көріңіз.

Көтерген көнетоз көйлегінің астынан тыртық орындары анық көрініп тұрды. Дәтім шыдамай, көзімді бұрып әкеттім. Бір сәт Алланың адамның шыдау мүмкіндігін сынау үшін жарат­қан пендесімен бетпе-бет келіп тұрғандай күй кештім.

– Бұл жайында екінші әйелің мен балаларың біле ме? – дедім.

– Білгенді айтасыз, ауруханадан тоғыз ай бойы хабар алмады.

– Неге?

– Өледі деп ойлады. Өзіңіз ойлаңызшы, өлетін адамның мұңымен мұңдасып, қайғысымен ортақтасу кімге керек? Сәл шыдаса менен құтылады. Мендей адамның болғаны да ұмтылады. Құдай бар. Бірақ мен тірі қалдым.

Ол арба жақтауын сықырлатып қойып-қойып қалды. Көптен бері ауыстырылмаған астындағы көпшіктен  шаң бұрқ-бұрқ ұшты. Өш алғаны. Кімнен? Қалай? Тағдырдан ба?

Көңілімде: «Ол қайда түнейді, кім әкеліп, кім әкетеді? Мұндай адамда үй қайдан болсын?» – деген ой тұр­ды.  Сұрақ өз шешімін өзі тапты. Мырза: «Айтқаныммен сенбейсіз. Өзіңіз келіп көріңіз», – деп мекенжайын жазып берді.

Мені: «Осы мүгедек жанның үйі бар ма әлде күрке не шошала секілді ит байласа тұрғысыз бірдемеге тап боламын ба?», – деген ой мазалады. Көрейін дедім. Уақытқа қарасам, сағат күндізгі үш екен.

– Кешке қаншада үйде боласың?

– Жетіден кейін келе беріңіз.

…Шифер шарбақпен қоршалып, сыртын жұқа қаңылтырмен қаптаған жадағай үйдің есігін тау халқы нәсілдес, жасамыс әйел ашты. Айналаны шөп басып, адамның көп жүрмегені білініп тұр.

– Мырзаны іздеп келіп едім.

– Кімі боласыз?

– Жәй, танысы едім.

Қандай танысы бар-жоғын менен гөрі өзі жақсы білсе де сыпайылық жоралғысы екенін екеуміз де түсіндік. Әйел ішке қарап дауыстады.

– Тахмина, Мырзаға айтшы, бір кісі іздеп келіп тұр…

– Жуынып жатыр. Қазір…

Бір қазақ қандасымның үйіне тап болып, есікті солардың бірі ашар деп ойлағанмын. Ал мынау Кавказ туыстас адамның үйі. Абдырап тұрғанымда «Кіре беріңіз!» деген дауыс естілді. Аула ортасына шағын үстел қойылып, Мырза бар, бәріміз айнала отырыстық.

– Аты-жөнім – Лализар Валаидзе. Ұлтым – күрд. Үй иесі де менмін. 18 жылдан бері Мырза бізбен бірге тұрады. Туысымыздай болып кетті. Мынау – келінім. Балам жұмыста, – деді жасамыс әйел.

Жартылай жалаңаш жүрген немерелерін де бір көрсетіп, күліп қойды.

– Кешіріңіз, сіз – күрдісіз, Мырза – қазақ. Мұнда қалай тап болып жүр?

– Бұл кісіні тапқан біз емес, қызым Тахмина. Ол Алматыда «барахолкада» сауда жасаған. Сонда арбада қайыр сұрап отырған осы адамды көріп жүрген ғой. Өз әкесі болмаған соң әкесіндей көріп, жаны ашыса керек. Бірде арбасы аударылып, суда құлап жатқан Мырзаны көріп, қолындағы баласымен көмекке қалай ша­уып барғанын қызымның өзі де білмей қалса керек. Жүрегі кең, мейірімді ғой Тахмина. Сіз ұялмаңыз, шай алып отырыңыз.

– Ары қарай мен айтайын.

Темекісін құшырлана сорып, түтінін будақтата жіберген Мырза әңгімеге араласты.

– Алғашқыда сенбедім. «Сығансың ба?» – дедім суда жатып. Қолында баласы бар. Тісім сақылдап, суық өтіп барады. «Жоқ, базарда сауда жасаймын. Менімен бірге жүріңіз. Әкем болыңыз», – деді. Қарасам Тахмина жылап отыр екен.

– Айттым ғой, қызымның жүрегі кең деп. Алматыдан оңтүстікке, үйімізге Мырзаны осылай алып келді, – деп қосып қойды әйел.

– Дұрыс айтады. Көз алдымнан хабарласпай кеткен әйел, бала-шағам елес болып өтті. Туыс-жанашырым болса осы уақытқа дейін іздеп келер еді. Мен нені жоғалтамын? «Жүремін!» – дедім  көңілім босап. Сіз: «Қазақтың емес, неге күрд отбасында тұрып жатсың?» – дедіңіз. Олай айтпаңыз, жаныма батады. Адамның адамшылығы қиын сәтте, тағдырмен бетпе-бет келгенде білінеді екен. Лализар апа анамнан, Тахмина қызымнан артық. Тамағым дайын, кірім жуулы. Басқа маған не керек?

Лализар апай қостай жөнелді.

– Ойбай, Мырза келген күні бір апта жұмысқа шықпай, дәрілерін әперіп, үсті-басын жуып-шайдық қой. Осыған да шүкіршілік. Тек заман тыныш болса болды.

– Пенсия аласың ба?

– Жоқ.

– Неге?

– Құжаттардың бәрі Самарқандта әр жерде қалды.

– Сұрау салмадың ба?

– Айтасыз. Мына жағдайда қайдағы сұрау?

– Өзің Самарқандта туыласың. Алматыға қалай келдің?

– Қалайы бар ма? 2004 жылы мүгедек күйімде келдім. Қазақстанда садақаны жақсы береді. 50/50 бөлісеміз деп мені мұнда армиялық досым алып келді. Аты – Айбек. Алғашқыда Айбектің әйелі Гүлчехра бар, үшеуміз пәтерде бірге тұрдық. Кейін сөзінде тұрмады. Ішкиімге ақша сұрасам бермеді. «Сені кім көріп жатыр? Айбектің ескі ішкиімін  киіп жүре бер», – дейді. Темекі пұл туралы айтпасам да болады. Мен де адаммын. Намыс бар. Көшеге түнеп, үйлеріне бармадым. Сонда ғой, Тахминаның «менімен жүріңіз» дегені.

– Лализар апай, мұндағы күрд ағайын-туыстарыңыз «Қазақ «шалды» кіргізіп алдың» деп әңгіме айтпады ма?

– Айтты. Сіздерде «Көптің аузына қақпақ қоя алмайсың» деген сөз бар ғой.  Төрт мүшесі сау олар тағдыр туралы не біледі? Ұят жоқ. Өзіңіз ойлаңыз, адам ауыр халде болса оны көшеге тастауға бола ма? Рас, таныс-достардан ұялып,  Мырзаны бір ай үйде ұстадық. Кейін өзі шыдамады.

– Қалай шыдарсың? Адамдарды көргің келеді. Газет оқығың келеді. Темекіге ақша дегендей… Бұлар жоқ деген емес. Бірақ қашанғы… Базарға шығамын дедім.

– Базар дегеннен есіме түсіп отыр. Сонда қалай алып барасыздар?

– Таксистке айтып қойғанбыз. 150 теңгемен ертемен алып кетеді, 150 теңгемен кешке алып келеді. Кейін айына төлейміз сол ақшаны. Базарда іш, же дейміз. Әркімнің несібесі өзімен. Құдай көріп тұр. Үйренгенбіз. Сізге бір нәрсе айтайын, Тахминаның күйеуі де мүгедек. Тоққа түскен. Екі қолы жоқ. Бірақ аяқпен компьютер басқарғанда сау адам олай басқара алмайды. Қазір Алматыда протез жасатып жатыр.

Мен Мырзаға бұрылдым.

– Ертелі-кеш қайыр сұрау жалықтырмай ма?

– Қызықсыз сіз де, неге жалықтырсын? Әр істің өз қызығы мен қиыншылығы болады. Бір оқиғаны айтайын. Өткенде бұзықтар иығыма пышақ қадап, бақырдағы теңгемді ала қашты.

– Рас па?

– Сенбесеңіз, міне.

Тахмина Мырзаның түймесін ағытып жіберіп, қарақотыр жараны көрсетті.

– Құдайдан қорықпайтындар көп.

Лализар апай орамалының ұшымен көзін сүртті.

– Тыңдаңыз, – деді Мырза. – Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі деген рас екен. Алыстағы базарда мені кім таниды деп ойлағанмын. Табылды танитындар. Самар­қаннан келген мердігерлер танып қалып, құшақтасып көрістік. Хал-жай сұрасып, «алып кетеміз» деді. Бармайтынымды айттым. Қанша дегенмен елім емес пе, ала тақиялы достарым 1-2 мың теңге тастаған. Сонда ғой бұзықтардың алып қашып жүргені.

– Мырза, күніне садақадан қанша табасың?

Пендешілік сұрағымды қойдым.

– Әрқалай. Бірде жақсы, бірде нашар. 20-30 теңге садақамен байып кетсем отырмаймын ба шалқайып?! Болады, кейбіреулер тұрақты тастайды. Тастамайтындарды көзінен білемін. Тура қарамай, төмен қарап, өте шығады. Бірақ Құдай жарылқасын оларды. Тастамады деп қарғауға болмайды ғой.

…Міне, мен базарда көрген қайыршы адамның тағдыры осылай боп шықты. Өз сөзімен айтқанда, күрд отбасынан пана тапқан Мырзаны да Құдай аясын.

Лализар апай мені шығарып салып, қиюы қашқан қаңылтыр қақпаны көтере жапты.

Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button