Қызық хикаяларОқи қалар оқиғалар

Үй салып көрдіңіз бе?

Өзбек халқы біреуге қапа болса «там сал» деп қарғайды екен» дегенді естігенім бар еді. Сол рас. Әсіресе, бір айлыққа күні қараған қалтасы таяз адамның үй салғаны құрысын.

Бірді бірге жеткізе алмай, әбден титықтап, жүйкең тозып, шашың ағарып кетеді. Әйтеуір пәтер жалдап күн кешкеннен жақсы деп өзіңді жұбатасың. Одан бөлек, итшілеп жүріп бітіріп алсаң балаңа қалады дегендей…

Бір үйді бастағанымызға бақандай тоғыз жыл болыпты. Әлі толық біткен жоқ. Тоғыз жылдың ішінде неше түрлі ұста жалдап, жұмысын шын ниетімен, адал істейтіндерді де, әйтеуір істедім бе істедім етіп, ақша алып кететіндерді де көрдік. Тіпті ақысын алдын-ала алып, аяғына дейін бітірмей, артынан сандалтып қоятындары да бар.

Ел ішінде үй салуды жоспарлап жүргендер болса, ұста таңдауда көмегі тие ме деген оймен бүгін ұсталар туралы жазуды жөн көрдім. Оқыған адам ішінен өзіне керегін алар.

Ақысын алдын-ала алып, тірлігін бітірмей кетті

Шымкентте тура он жыл пәтер жалдап тұрыппыз. «Шара-барадан» аспандап кеткен үй бағасы мен өз айлығымды салыстырып, мына түріммен өлгенімше үйлі бола алмайтын шығармын деп ойлаушы едім. Құдай оңдағанда, жұмысымызға бір келіншек жаңадан кіріп, үй салуға кеңес берді. Содан азын-аулақ жиып-терген ақшамыз Шымкенттен жер сатып алуға жетпей, іргесіндегі Шұбарсу деген ауылдан алдық. Алған жеріміз қалаға апаратын үлкен жолдан тым ұзақ. Бірақ ақшамыздың жеткен жері сол болғасын, амал жоқ. Әйтеуір баспаналы болсақ болды деген мақсат тұрды басында.

Сонымен, жерді сатып алғасын енді үйді салып беретін ұсталар іздестірдік. Ондай адамдар Шұбарсудан да табылады екен. Біз оны білмей қаладан жалдап апардық. Жалдаған ұстамыз біздің пәтерде тұратынымызды білетін. «Ақшасы бар ма, жоқ па?» деп сенбеді ме екен, «мен ақымды алдын-ала аламын, бермесеңдер істемеймін», – деді. Біз де елде одан басқа үй салу қолынан келетін адам жоқтай жата жабысып, сұрағанын беріп, бір аптадай қолы босауын күтіп, жалынып-жалпайып жүріп жердің басына апардық.

Шынында қолының өнері бар, жақсы жігіт екен. Екі бөлмелі шағын времянканың фундаментін бір күнде әдемілеп құйып қойыпты. Бір өкініштісі, фундаментті көршінің жері мен біздің жердің арасына үш-төрт метрдей тастап құйған. Негізі бір-бір жарым метр қалдырса да жетер еді. Сонда үй ауланың бір шетіне түсіп әдемі көрінер еді. Қазір жанынан бөлмелер қосып, жалғағаннан кейін үй ауланың ортасында тұр. Ал артында гараж салатындай жер бос жатыр. Бірақ ол жерге гараж салу ыңғайсыз, әдемі көрінбейді, реті де келмейді. Қақпа үйдің алдында.

Сол күні өзім жұмыста едім. Кешкісін барсам, фундаментті құйып бітіп қойған. Екі бөлмелі времянканы салып алуға шамамыз жетсе де жаман емес деп бастағанбыз басында. Кейін ойлана келе, аяқ киім шешетін жер де керек екен ғой деп тағы фундамент құйдырсақ, материал жетіп тұрғанына қарамай, титімдей етіп құйып қойыпты. Мейлі деп үндемедік. Себебі өзіміз жалынып зорға апарып отырмыз ғой. Оның орнында жаны ашып істейтін өзге ұста болғанда осының бәрін ойластырар ма еді?

Сонымен ол ұстамыз кірпішін терезенің тұсына дейін өрді де, той-жиыны көбейіп кетіп, біздің жұмысты бел ортасына келгенде аяғына дейін жеткізбей тастап кетті. Келісім бойынша ол кірпішін толық өріп бітіп, шатырын да жауып беруі керек болатын. Сөйтіп, кірпіш өрудің ақшасын түгелдеп алдын-ала алып қойған. Бел ортасынан тастап кеткесін «қалған ақшамды қайтарып бер» деп артынан біраз күн сандалып жүріп, зорға алдым. Кешіктірген сайын ала алмай қаламын ба деп қорыққаным рас. Бірақ сәл болса да адамгершілігі бар екен. Қайтарып берді.

Олар кеткесін бізбен бірдей жанымыздан жер алып, үй салып жатқан кісілер менің ұсталармен қалай, қаншаға келіскенімді сұрады. Айтқанымда «қымбатқа келісіп қойыпсың ғой. Осы ауылда да көп қой үй салатындар. Әрі оларға тамақ тасып әуре болмайсың. Өзің үй салам деп шабылып жатқанда зіңгіттей үш еркектің тамағын беру де оңай емес» деп сол ауылдан жалдауға кеңес берді.

Бұл жолы пысық болдым

Сөйтіп ауылға апаратын таксилерден сұрастырып жүріп тағы бір ұсталарды тауып алдым. Саудаласып жүріп, бағасына келістік. Олардың үйі бізге алыстау екен. Сондықтан басшысы: «Түскі тамағымызды бересің, үйге келіп жүрмейміз», – деді. Келістім. Оның үстіне, бұрыннан үйдің шатырын жабарда бір қой сойып, құран оқытатынын білуші едім. Сол соятын қойымды ұсталарға тамақ етіп берейін деп ойладым.

Төрт жігіт бір-ақ күнде кірпішті келген жерден әрі қарай өріп, ертесіне шатырдың ағашын қағуды бастап кетті. Ол кезде үйдің үстіне лай илеп шығарушы еді ғой. Ұсталар: «Оған біздің шамамыз жетпейді, не техника жалдайсың, не асар істейсің», – деді. Техника жалдауға шама қайда? Күйеуімнің жолдастарын шақырып, асарлатып, төбеге лай шығартып алдық. Сол күні алған тоқтымызды сойып, ет асып, құранымызды оқыттық. Бір аптаға жетпей ұсталарымыз үйіміздің төбесін жауып бітіріп, ақшасын алып, жөніне кетті. «Көре-көре көсем боласың» дегендей, екінші рет ұста жалдарымда еңбек ақыларын жұмысты толық біткесін алатынын алдын-ала ескертіп қойғам. Бұл ұсталардың жұмысы тыңғылықты екен. Көңілімізден шықты. Бірақ кейін тағы жұмыстар шыққанда олар үйіміздің ұзақтығын айтып келмеді.

Бірер жылдан кейін жағдайымыз сәл түзеліп, екі бөлмелі үй тарлық қыла бастады. Үлкен үйге бөлек фундамент құйып, жаңадан там салуға шама-шарқымыз жетпейтінін білем. Сосын алдынан, жанынан тағы да фундамент құйдырып, бөлмелерді көбейтейік деп ойладық. Сөйтіп өз үйін өзі салған көрші жігітке айттым. Жасы бізден көп кіші. Үндемей жүріп-ақ үйін жұмыртқадай қылып бітіріп алған. Бізден басқа көршілеріміздің бәрі үйлерін өздері салып алып жатыр. Біз ғана ұста іздеп шабыламыз да жүреміз. Күйеуіме «өзің істей берсейші, жұрттың еркектері істеп жатыр ғой», – десем, ол: «Сенің мінезіңді жақсы білем ғой. Мен бұрын мүлдем құрылыс істеп көрмегенмін. Бір нәрсені дұрыс істемей, дуалың қисайып па, тағы бірдеңе болса, өмір бойы миымды жейсің. Одан да ақшасын бер де қолынан келетін адамға істет», – деп қысқа қайырған. Сөйтіп бұл әңгіме қайтып қозғалған емес.

Ақшаға келіп жатқан дүниеге жандары ашымады

Бұл жолы ұстаны алыстан іздемедім. Екі көршіммен келісіп, тірлікті бастадық. Фундаментті жақсылап құйды. Еңбек ақысына да анау айтқандай көп алған жоқ. Екі жағымыз да ризашылықпен келістік. Ақшасын жұмыстарын бітіріп барып алды.

Сосын дуалын шлакоблокпен қалаған дұрыс деді. Әпердім. Бірақ жанымның ауырғаны, шлакоблокты біртіндеп түсіріп, ұқыпты жинамай, арбаға қалай болса солай салып, аудара салғаны болды. «Қып-қызыл ақшаға келіп жатқан дүние ғой, бұларың не?» – деп айтуға оқталып тұрып, өзімді-өзім әзер ұстадым.

Ол кезде мінезім қиындау еді. Жайлап айта алмай, бірден ұрсып кетсем бекерге ұрсып қалып, біткелі тұрған іс тоқтап қала ма деп қорықтым. Мейлі, арасында сынғандары болса, сындырып қоятын жерлеріне қояр. Жұмыс істеп жүрген жігіттер ғой деп өзімді-өзім жұбаттым. Фундаментті жап-жақсы құйып бастаған ұсталарым дуал өруге келгенде тірліктері сұйылып кетті.

Күн ыстық. Шілденің кезі еді. Түске дейін жұмыс істеп, үйлеріне барып демалып, кешкі алтыларда келіп істеп жүрді. Аптап ыстықта құрылыс істеу де оңай емес қой деп оларды түсініп, үндемедім. Содан тура терезеге «перемышка» қоятын жерге келгенде олар да ең бірінші жалдаған ұсталарым секілді тірлігін аяқтамай тастап кетіп қалды. «Ақша керек боп тұр еді» деп түсірген шлакоблоктың санына қарай ақшасын алдын-ала алып алған. Неге аяқтамағандарын сұрасам, біреуінің қалада жұмысы бар екен. Сол басталып қойыпты. Екіншісі қасына басқа серік таппағанын айтты. Істемеген жұмыстары үшін алған ақшаларын қайтаруы керектігін айтып едім, келісті. Бірақ біреуі сол күйі қайтармай кетті де, екіншісінен бір жылдан кейін заттай алдым. Әйелі сауда істейтін еді, содан зат алып, сол ақшаға жатыстырдым.

Тірліктері көңілден шықты

Ұста іздеу операциясы тағы басталды. Тағы бір көршімнің баласымен келісіп, ол аға-інілерімен бірге келіп дуалын бітіріп, «сейсмопоясын» құйып беріп кетті. Сонымен қыс түсіп, үйдің шатырын жабу келер жылға қалды. Оның үстіне шатырын жабатын ақшамыз да жоқ еді.

Алты-жеті айдан кейін қолымызға сәл-пәл қаражат түсіп, әлгі көршімнің баласына тағы бардым. Қанша қаражатым барын айтып, «үйдің төбесін жабуға жете ме?» деп сұрап едім. Ол жетіп қалатынын айтты. Сосын оған: «Сенің тірлігің ұнағасын саған келіп тұрмын. Енді осы тірлікті өзің қолға ал. «Қайыр қылсаң, бүтін қыл» деген бар. Бастаған тірлігіңді аяғына дейін жеткізіп, шатырын да өзің жауып бер», – деп өтініш айттым. Ол қасына адам керек екенін айтып, «хабарын өзім берем, үйіңізге бара беріңіз», – деді.

Негізі ұста табу да оңай емес. Мүмкін оңай да шығар. Бірақ мен әйел болғасын ба, табу өте қиын. Күйеуім момындау, көбіне вахтаға кетіп қалады. Ал мен шыдамсыздаумын. Оның келгенін күтіп отырмай, қолыма сәл қаражат түссе, тәуекел деп бастап жіберемін. Ұста іздегенде «мен әйелдермен жұмыс істемеймін», – деп, келіп тұрып, кетіп қалған ұсталар да болған. Мен жетістірем бе оларды? «Өзің қайдан шығып едің? Әйелден тудың емес пе?» – деп біраз «шер» тарқатып алам.

Не керек, ертесіне азанда көршімнің баласы үйге екі кісіні ертіп келді. Олар үйді өлшеп, керекті құрылыс заттардың тізімін жазып беріп, ақысына келістік. Шауып, құрылыс заттар сататын дүкенге кеттім. Бақытыма орай, Шұбарсуда ондай дүкендер көп. Бірінен таппаған зат екіншісінен шығады. Сосын өзім жиі баратын кей дүкеннің сатушылары да мені әбден танып алған. Кейде: «Келіп әуре болмай-ақ телефонымызды жазып алсаңыз, өзіміз салып жібереміз ғой», – дейтін. Ол кезде қазіргідей каспий голд деген жоқ. Әкелген көліктің жүргізушісінен ақшасын есептеп беріп жіберем.

Бірді айтып, бірге кетпейін, көршімнің баласы ертіп келген Сәкен, Сырлыбай (суретте) есімді кісілер үйімнің шатырын ойдағыдай етіп жауып берді. Әрі көп уақыт созып жүріп алған жоқ. Тіпті жұмыс арасында дем алып, бір-бірімен әңгімелесіп отырғандарын да байқаған емеспін.

Үшеуі он шақты күннің ішінде бұрынғы времянканың төбесін ашып, жалғастырып салған бөлмелермен қосып, әдемілеп жауып берді. Тура өзімнің ойымдағыдай болып шықты. Үйімнің шатыры жабылып біткесін ауланың ортасында тұрып бір қарадым, көшеге шығып бір қарадым. Үйдің алдына, артына, жанына барып тамсанып әбден қарадым.

Ұсталар менің қылығыма күліп тұр. Менің қуанғаныма олар да мәз-мейрам болды. Тірліктеріне риза екенімді айтып, мақтап, алғысымды жаудырдым. Бірақ тура сол кезде бір жерден ақша алам деген ойым болмай қалғанын айтып кешірім сұрап, кешіктірмей тауып беретінімді айттым.

Басқа адамдар болғанда ренжіп, бірталай әңгіме айтар ма еді? Бұл кісілер үндемеді. Жай ғана «осы ақшаға көмір түсіріп аламыз ба деген едік, күн суытқан сайын қымбаттай береді ғой», – деді. Маған осы сөздің өзі жетікілікті еді. Кісінің ақысын уақтылы тауып бере алмағаныма қатты намыстандым. Бірақ амал жоқ қой. Ағайын-туған, дос-жарандардан сұрастырып жүріп біраз күн өткесін тауып бердім.

Тағы да сол жігіттерді жалдадым

Үйдің жыры біте ме? Жылда бірдеңе қоспасақ отыра алмаймыз ғой. Әлі бітпегесін ойың да, жоспарың да өзгере береді екен. Ойланып-ойланып биыл «душевой» мен «котельныйды» бөлек салу керек деп шештім.

Өйткені осы күнге дейін үйге от жағып келдік қой. Үй ыс сасып, тіпті бір күні көмірдің иісіне иістеніп, бала-шағамызбен ауырып қалғанымыз да бар. Соны ойлап, от жағатын жер мен жуынатын жер бөлек болғаны дұрыс деп ойлағам. Сосын тағы біраз тірліктер бар-тұғын ұстаға қарап тұрған.

Құдай оңдағанда бір күні кештетіп «Алаш» базарынан Шұбарсуға отыратын таксиге отырғанымда ішінде Сәкен, Сырлыбай ұсталар отыр екен. Қуанып кетсем бола ма? Ол кісілердің үйін де білмеуші едім. Дереу жоспарымды айтып, телефон нөмірлерін жазып алдым. Олар күзге қарай болмаса әзірге жұмыстары көп екенін айтты. Біршама уақыттан соң телефон шалып едім, қолдары босай қоймапты. Қайта-қайта қоңырау шалып, хабарласып жүріп, ақыры шақырып алдым. Сөйтіп жоспарымды айттым.

Олар ойыма ой қосып, бұл жолғы тірліктері де көңілімнен шықты. Риза болатыным, тірлігіңе жаны ашып, жұмысын адал істейді. Сосын кетерлерінде жұмысқа пайдаланған құралдарының бәрін жинақтап бір жерге қойып, артылған заттарды шашпай-төкпей, қолыңа тапсырып кетеді. Ондай адамдардан қалай ғана айналып кетпейсің.

Көбісі заттарыңды әр жерге лақтырып кетеді. Артынан күйбеңдеп өзіңнің жиып-теріп жүргенің. Мен жинамаймын ғой. Күйеуім жиыстырып жүріп: «Артыңды жинастырып кет», – деп айтпайсың ба деп маған сөйлеп жүргені. Ал мына жігіттерге риза. Өз үйінің тірлігіндей етіп істеп жатыр деп мақтап отырады. Өзім де ризамын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Сәкен мен Сырлыбай есімді бұл жігіттерге ризашылығымды газет арқылы білдіріп қоюды жөн көрдім.

Жалпы, үйімді бітем дегенше қаншама ұсталарды жалдап жүріп түсінгенім, шала-шұрпы істейтіндері ғана өзін-өзі мақтап, мықты болып көрініп ақысын алдын-ала сұрайды екен. Ал өзіне сенімділері ақысын жұмыс біткесін алады. Ішінде ескертпелеріңді жүре тыңдап, «тірлігіме араласқанды ұнатпаймын» деп кергитіндері де болады. Ондайлардан да аулақ жүргеніңіз жақсы.

Үй салатын болып, ұста жалдасаңыз, осылар ойыңызда болсын!

Г. ҚАРАТАЙ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button