Оқи қалар оқиғалар

Өгіз бақсы туралы білесіз бе?

Мұсылман дініне кірмей тұрған замандарда біздің бабаларымыз Тәңірге сыйынған, табиғат күштерінің өз желеп-жебеушісі болады деп сенген. Ол замандарда діни жоралғыларды, адам емдеуді бақсы-балгерлер жасайтын болған.

7 жасында адам емдеген

Бақсылық өнер сарқыншақтары біздің заманымызға дейін сақталып келді. Мысалы, қазақ арасында «пәленше бақсы өйткен екен», «түгенше бақсы бүйткен екен» деген сияқты аңыздар көп. Оларды тыңдап отырсаңыз, ертегі әлеміне шомғандай болып, ерекше әсер аласыз. Біз де көнекөз кісілерден сондай бір адамның, ел арасында «Өгіз бақсы» деген аты қалған бақсының кереметтері туралы естіген едік. Қызықты болар деген оймен сол естігендерімізді оқырман назарына ұсынуды ұйғардық.

Өгіз бақсы Абақ Керейдің қарақас руынан шыққан. Ол кезде ел Қара Ертістің, Алтай тауының баурайында көшіп-қонып жүреді екен.

Өгіз бақсының шын аты Тілеуберді болыпты. Сәби күнінде ата-анасынан жетім қалған бала өзіне қарайтын адам болмаған соң ұзатылған әпкесінің артынан барып, жездесінің үйін паналап жүреді. Әпкесі оған өзінің бұзауларын бақтырып қояды да, қаршадай баланың күтімі болмай жүреді.

Бірде сол ауылдағы өңірге танымал байдың 8~9 жасар жалғыз ұлы ауырып, ешқандай ем қонбай, талай тәуіп пен дұғакөй жандар байдың есігін тоздырады. Ақырында бай бүкіл елге құдайы тамақ беріп, құрбандық шалып, көптен бата сұрайды, ашты тойдырады, жарлыны киіндіреді. Құдайы тамақ беріліп болып, жұрт тарқаған кеште уайымға салынған бай маңдайын ұстап дағдарып, хал үстінде жатқан баласының қасында отырғанда өзі күнде көріп жүрген бұзаушы бала есіктен сопиып қарайды. Үстінде жыртық тоны бар жетімді жақсы білетін бай осының бір сауабы тиіп кете ме деп ойлап, жетімді есіркеп:

– Әй, балам, келе ғой, ішке кір! – деп шақырады. Баланы дастарханға әкеліп, алдына құдайы тамақтан асқан табақты қояды. Ол етті жеп отырып, ауырып жатқан баланың үстіне қарап жалтақтай береді. Бір уақытта:

– Ата, ұлыңыздың үстінде үлкен бір қара өгіз отыр. Айдап шығайын ба? – деп сұрайды. Бай баладан бір үміт күткендей болып:

– Айдап шыға ғой, қарғам, айдап шыға ғой! – дейді.

Бала далаға жүгіріп шығып, бір шыбықты сындырып әкеледі де:

– Өкшу, өкшу! – деп дауыстап, баланың қасына барып қинала отырып бір нәрсені айдай бастағандай болады, күрсінген, ашынған дауыстар шығарып, «Өкшу-өкшу!» – деген күйі далаға беттейді. Бай баланың артынан еріп отырады. Бала қиналып, ұрғылап әрең айдаған күйі өзі айтқан «қара өгізді» жеті-сегіз қырқадан асырып тастайды.

Бай үйіне келсе, туыстары бір кереметке куә болып, таңқалысып отыр екен. «Бала пәлекетті айдап үйден шыққан соң көп өтпей ұлыңыз есін жиды», «Басын көтеріп, орнына отырды», – дейді олар жақсы жаңалықты оған жамырай жеткізіп.

Бай осындағылардан бұл жетім баланың күндіз бір рет келгенін, осы аста табақ тасушы, күтуші болып жүрген әпкесінің оған жөні түзу тамақ бермей, бұзауыңды бақ деп өріске ұрсып қуып жібергенін естиді. Содан оның әпкесіне ұрсып, баланы олардан алып, жалғызымды құтқарды, оған серік болып, тел өссін деп өзіне бала етіп алады. Байдың жалғыз ұлын пәлекеттен құтқарған оқиғасынан кейін жетім баланың өз аты ұмыт болып, ол «Өгіз бақсы» атанып кетеді.

Бұған дейін оның иен далада бұзаулармен сөйлесіп, олар мұның жанынан шықпай, дөңгелене қоршап тұрып алатынын көп адамдар көрген екен. Әпкесі: «Бұзауды бір жерге иіріп отырып алдың, құрттың, оларға дұрыс қарамадың!» – деп ұрысып жатқанын да талай адам көріпті. Байдың қойшылары: «Бұл бір есі шала бала болды», – деп айтып жүреді екен. Осыған намыстанған надан әпкесі оны тіпті адам құрлы көрмепті.

Бай Өгіз бақсыны асырап алған соң оны өз ұлынан артық еркелетіп, өз ұлынан артық киіндіреді. Небәрі 7 жасар Өгіз бақсы ел ішіндегі ем қонбады деген науқастарды дертінен айықтырып, атағы шартарапқа тарала бастайды.

Бәйгеге қобызын қосқан екен

Өгіз бақсы есейіп, азамат болып қалған кезеңде Ұлы жүз жеріндегі дулат ұлысының атақты бір байының ерекше сұлу жалғыз қызына көз тиіп, қатты сырқаттанып, оны дертінен ешкім де айықтыра алмай әбіржіпті. Қызы сартап болып ауырып, өлім халіне жетеді. Осыны естіген бақсы Шу мен Талас, Қаратауды мекендеген дулат ұлысының мекеніне қарай жолға шығады. Апталап жол жүріп, әлгі байдың еліне де жетеді.

«Қара Ертістегі керей елінен Өгіз бақсы деген жап-жас бозбала қызыңызды дертінен айықтырамын деп келіп тұр», – деген хабардан соң бай қызын емдеуге рұқсат береді. Өгіз бақсы қызды дертінен айықтырады. Риза болған бай оған сұлу қызын қалыңсыз берген екен. Өгіз бақсы Қалбаға қайтып келіп, өз алдына отау тігеді.

Өгіз бақсының қарапайым қобызы болған екен. Кез-келген қобыз тартатын адам тартса оның дыбысы ашыла қоймайды. Ал ол өзі қобызын қолына алса болды, дауылпаз әуен бірден шарықтап, күйдің құдіреті шаңырақты кернейді екен.

Өгіз бақсы көп мал жинамаған, малын үлестіріп беріп жүретін, жомарт, халықшыл адам болған. Ол бірде Үш жүзге сауын айтылған бір үлкен асқа құлынды бие мініп барыпты. Асқа бірге барған құрдастары онымен қатты қалжыңдасады екен. Ас кезінде бәйге болайын деп жатқанда құрдастарының бірі:

– Әй, Өгіз, сен бәйгеге құлынды қосасың ба, биеңді қосасың ба, әлде қобызыңды қосасың ба? – депті. Сонда Өгіз бақсы:

– Егер, төрешілер бас бәйгеге тігілген бас тоғызды бере алатын болса, мен қобызымды қосамын, – дейді. Мұны естіген төрешілер байырғы замандағы аңызға айналған бәйгеге қобыз қосу деген дүниенің қызығын көзбен көрмек болып, қызды-қыздымен бәрі бір ауыздан қобызы бәрінен озып келсе бас бәйге беруге уәде етеді. Бәйгеге шабатын аттар бір күншілік жерге айдалады. Сонда ат айдаған жігіттердің біріне Өгіз бақсы қобызын ұстатып: «Аттар бері қарай шабатын кезде жерге тастай салсаң болды, аттармен бірге түбі жер сызып өзі шауып отырады», – депті.

Сол кезде қызғаныш болды ма, ат айдаушы жігіт бақсыны сынау үшін оның қобызын әдейі бір қарағанның түбіне шырмап байлап тастапты. Содан белгі беріліп, бәйге аттары мәрені бетке алып шауып кетеді. Осы кезде Өгіз бақсы қобызына жасалған бөгетті сезіп, жынын шақырып, бүркіттей қоқиып, алдыға қарай өрекпи қозғалақтап кетіпті. Ал бәйге аттары көмбеге жақындаған уақытта олардың ең алдынан бір түп қарағанды тамырымен қоса жұлып алып, жерді шаңдатқан күйі жұлқынып ұшып келе жатқан қобыздың қарасы көрінеді. Қысқасы, ат айдаған жігіт байлап кеткен қарағанды тамырымен қоса жұлып көмбеге алдымен жеткен қобызға төрешілер бас бәйгені, түйе бастатқан тоғызды берген екен.

Киіз үйлерді өзеннен ұшырып өткізіпті

Абақ Керей елі байырғы ата мекені болған Алтайға жоңғар шапқыншылары жеңілген соң, 1760-жылдан бастап қайта орналасқан. Ел өз өлкесіне орныққаннан кейінгі замандардың бірінде Ертістің бойында елдің бір игі жақсысына арналған үлкен ас беріліпті. Бірақ ас болатын кезде күн бұзылып, толассыз нөсер жауып, сел түсіп, Ертістің суы шапшып тасып кетеді. Асқа әкелген малдың көбін өзеннен өткізгенімен 6-7 киіз үй мен бір қыдыру мал, қымыз толы сабалар өзеннің арғы жағында қалып, оларды бергі бетке өткізе алмай қойыпты.

Содан ел дағдарып, енді қиын болды ғой деп тұрғанда Өгіз бақсы: «Сендер өзеннен өтіп, киіз үйлерді қайтадан әдемілеп тігіңдер. Қымыз толы сабалардың түбін керегенің үшкөгінен жоғары етіп мықтап байлап тастаңдар. Сабалардың түбі керегенің үшкөгіне келіп тұрсын. Одан кейін өздерің бері қайтып өтіп келіңдер», – деп тапсырады.

Айтқанының бәрі орындалған соң ұлы бақсы қобызын күңірентіп ойнатып, бақсы сарынын дүпілдетіп айтып жындарын шақырады. Бір кезде тігілген киіз үйлер түгел көкке көтеріліп, дөңгеленіп аспанға ұшқан киіз үйлер айналып отырып Ертістің бергі жағына өтіп, киіз үйлер тігілмеген алаңқайға ұшып келіп, қаз-қатар қона қалыпты деседі.

Ұрпақтары Түркістанда тұрады

Өгіз бақсының бақсылық деңгейі өте жоғары болған. Өз тұсында ұланғайыр қазақ даласында ешбір бақсы Өгіз бақсыдан өнерін асыра алмапты. «Жынымызды алып қояды» деп бақсы атаулы Өгіз бақсы жүрген жерден алыстап кетіп қалып жүреді екен. Ол өз заманындағы бақсылардың пірі болған, өз заманында оның алдында түсетін бақсы болмапты.

Өгіз бақсының тікелей ұрпағы – 1921-жылы өмірге келген Әшау бақсы (шын аты –  Расул) өзінің ұш ұлының отбасымен бірге Қытайдың Еренқабырға (Санжы) облысындағы Бөкен қаласының Аққой мал фермасынан 2004-жылы Түркістан қаласына көшіп келді. Әшау бақсы  алғаш рет Қазақстан ішіндегі 20-дан астам бақсы жиналған бақсылық өнердің байқауында бас жүлдені жеңіп алып, «Қорқыт ата» сыйлығымен марапатталған. Ал оның ұлы Мүтән емшілік бойынша байқаудың келесі бір түріне қатысып, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы атындағы сыйлықпен марапатталған. Сол жолы байқауға жиналған жүздеген адам көзбе-көз куә болды. Әшау ақсақал 2014-жылы 93 жасында дүниеден өтті.

Әшау бақсы тұқымдарының бәрінде темірді отқа қыздырып, оны тілімен жалап, адамдарды емдей беретін қасиет бар. Әшау бақсыдан Мүтән, Бәтила (үлкен қызы), Мүтәліп, Күлән, Бағила (қайтыс болып кеткен), Мәдениет, Мәдет, Күлиқан деген балалар өрбіген. Бірақ Әшау бақсы өзінің бақсылық аманатын Боғда көлінің шығысындағы Арал жайлауында өзінің Мәдет деген ұлына аманат еткен.

Әшау бақсының әкесі Қыдырқанның бәйбішесінен Жәмила, Әлпеміш, Расул (Әшау), Әбдірасул, Қабдолла туса, екінші кемпірінен Оңқай, Қоңқай, Гүлбағи, Зәкария, Қизат (кенже қызы), Шәуен туады. Бұл жерде аты аталатын Мәдет, Мүтән, Мүтәліп қатарлы үш кісі бүгінде Түркістан қаласында, ал Мәден мен Зәкарияның ұлы Мамыр Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.

Жалпы, Әшау бақсының атасы Жақыптың тоғыз ұлы болған. Ал Жақыптың әкесі – біз тілге тиек еткен атақты Өгіз бақсы. Осы Өгіз бақсының көрсеткен кереметтері турлы ел арасында айтылатын қызықты әңгімелер көп. Біз солардың өзіміз естіген біразын оқырман назарына жеткізіп отырмыз. Ал бақсылықты ұстанатын адамдар ел ішінде қазір де жоқ емес. Жалпы, бақсылық деген де тылсым дүниенің ғажайып бір құбылысы ғой.

Көкбөрі Мүбарак ҚИЗАТҰЛЫ.

Алматы қаласы.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button