Оқи қалар оқиғалар

Делдал жігіттің әңгімесі

Делдалдар туралы ел ішінде неше түрлі алыпқашпа әңгімелер көп-ақ. Соның бірінде былай дейді:

Көпір салған бір бай адам ертеңіне қызметшісінен бұл көпірден ең бірінші болып кім өткенін сұрапты. Таң қараңғысында бір ит өткенін естігенде:

– Мейлі, ол да бір Алланың жаратқан мақұлығы ғой. Бәрінен бұрын доңыз бен делдал өтпегеніне шүкір, – депті деседі. Шамасы, базарға үйірімен мал айдайтын бай, делдалдарға қатты қапа болып жүрсе керек.

Бір отырыста делдалдар туралы әңгіме болып, сөзге Шадымат інім араласты:

– Қайсыбір жылы досым Дастанмен бірге мал алу үшін Төрткүлдің мал базарына барған жайымыз бар. Діттеген малымызды арзанырақ алу үшін, алдымен сол жердегі делдалмен оңашалап «жақсылап сөйлескенбіз». Бізге қандай мал керек екенін тәптіштеп сұрап білген ол, көп кешікпей бір бұқалаш сатып тұрған адамға ертіп әкелді де, екеуміздің де қолымыздан ұстап тұрып, көкейіндегі нарықты айтты. Оған мал егесі көнбеген соң, бағаны үстемелеп қайта айтты. Бірақ мал егесі бұған да көнбеді. Ендігі айтылған нарыққа мен көнбедім. Әйтсе де менің қолымнан жібермей тас қылып мықтап ұстаған делдал, бағаны үстін-үстін көтерумен болды. Бұл енді мүлде қисынға келмейтіндей нарық болатын. Бұған шыдамаған мен қолымды жұлқып босаттым да теріс бұрылып кеткен едім. Бір кезде артымнан келген әлгі делдал бір тірлікті бітіргендей күліп:

– Сен ештеңені де түсінбедің-ау шамасы, – деді де – «ол адамды мен «шәңгекке отырғызып кеттім» емес пе? Енді базар тарқағанша ол сорлы манағы менің айтқан жоғары бағамды армандап отыра береді. Ақшаға шынымен зәру болса, базар соңында ғана райдан қайтады. Сондықтан асықпаңдар, қаласаңдар басқа малды көрсетейін», – деген еді.

Ойпырмай десеңші, олардың ерекше психолог боп қалғанын кім біліпті. Шынында да базар тарқап жатқанда қасымызға келген алғашқы мал иесі бұқалашын арзан бағаға беретінін айтты. Алғашқы қарқынынан қайтып, сүмірейіп қалған жанға не дерсің. Бірақ бұл кезде біз алатын малдарымызды алып қойған едік, – деді делдалдар өмірінен сыр шертіп.

Оқырмандарымызды бұл саланың да әрқилы әдіс-тәсілдерінен, делдалдар өмірінен хабардар ету үшін базарға арнайы барған жайым бар. Шымкенттегі мал базары батыс аумақтағы орыстар зиратының жоғарғы жағына көшіріліпті. Жылқылар сатылатын жағына барсам, ығы-жығы сығылысқан малдан ішке қарай өту әсте мүмкін емес. Егер әлгі малдардың бірі аяғыңды басып кетсе, сау қалмайтының ақиқат. Әйтсе де сол малдармен иық тіресе сығылысып, пісте сатып жүрген әйелдерді көргенде «Астағафирулла» дедім-ау олардың қайсарлығына тәнті болып.

Базарға келгендердің барлығы дерлік қонышты етік киіп алған. Мен сияқты туфли кигендердің малдың малағына белшеден бататыны ақиқат. Амалсыз шетте тұрып, жылқы саудасының аяқталатынын күтуге тура келді. Базар соңына қарай діттеген малын ойындағы бағаға алып көңілді келе жатқандарды да, ұнжырғасы түсіп кеткендерді де көріп тұрмын. «Шамасы малын арзан бағаға сатуға мәжбүр болса керек», – дедім ішімнен. Көп ұзамай жылқы малының танымал делдалы болған, Темірланның қасындағы Аманкелді ауылының тұрғыны, базардағылардың ішінде «Ашок» атанып кеткен Құрманбеков Асылханға жолығудың сәті түсті. Менің делдалдар туралы білгім келетінін естіген жас жігіт біраз күліп:

– Ой, көке-ай! Біздің жұмысты көп адамдар түсіне бермейді ғой. Кейбір адамдар делдалдарды «алаяқ, сөзінің тұрағы жоқ жылпос» деп тыржиса, енді біреулері келіп көмек сұрап жатады. Мал танитын болғандықтан, оларға қандай мал керек екенін алдын-ала сұрап аламын. Біреулерге бордақылау үшін арықтау мал керек болса, енді біреулерге соғымға семіз мал керек. Әдетте ақ түсті жылқы мен байталдардың салмағы аз болады. Солтүстік жақтан және Ресейден әкелінген жылқылардың еттерінің дәмі онша болмайды. Бордақыланған жылқылардың тастаған тезегіне қарап-ақ оның қанша елі қазы, қанша келі ет беретінін кесіп айта аламын. Өйткені сабан мен кебек жеген малдың еті жеңілдеу, әрі онша дәмді бола бермейді. Ал құнарлы шөп пен бидай жеген жылқының еті ауыр да тәтті болады. Байталдар мен тай құнандардың еті жұмсақ болатыны баршаға аян болса керек.

Мал танымайтын адамға діттеген малының сырын айтып, базардағы еттің құнына қарай нарық шығарамын. Бар мәліметке қанық болған алымсақ та, мал иесі де мен айтқан осы бәтуаға тоқтайды. Кейбір пысықайлар базарға ерте келіп, асығып тұрған мал иесінен арзаныраққа жылқы алып, оны осы жерде үстеме бағамен қайта сатады.

Бір жолы «табан елі қазысы бар» семіз қара айғыр қолдан-қолға өтіп, бір базарда үш рет сатылған жайы бар. Мен ешуақытта арымды сатып, «пайда тауып қалайын» деп өтірік айтқан емеспін. Өйткені отбасым мен бала-шағамды арам аспен тамақтандырып, олардың келешегіне нұқсан келтіргім келмейді. Алымсақ пен мал иесінің ризалықпен бергенін қанағат етемін, – дей келе, қазіргі уақытта қой базарында делдалдық ететінін айтты.

«Себебі атам да, әкем де шопан болғандықтан және өзім де кішкентайымнан қойдың ішінде өскендіктен қой-ешкіден ұзап кеткім келмеді. Саулық малдарды бір көргеннен-ақ олардың буаз немесе қысыр екендігін ажырата қоямын. Қошқарлардың да жасын бұлжытпай анықтап, қанша келі ет беретінін тап басып айта аламын.

Бір жолы көрші қазықтағы делдал «семіз» деп буаз саулықты сатқанын көріп, қатты қынжылсам болар ма. Ол малды алған жас жігіт, оған сою үшін керек болғанын алдынды айтқан. Ал бұл болса онымен тіпті де ісі жоқ. Бұл құрсақтағы қошақанның обалы мал танымайтын жас жігітке ме, әлде біліп тұрса да ләм демей сатқан делдалға ма? Малға жаным ашыса да, өзгенің ісіне араласа алмай қиналған жайым бар, аға, – деген еді бар сырын айтып. Сөйтті де есіне әлдене түскендей бір күліп алып:

–  Менің жеті-сегіз жасар кезімде Мелдехан туысқанымыздың отарына әкем Несіпбекпен бірге барғанымыз бар. Ол кезде Мелдекең үйінде жоқ, совхоз орталығына әлдебір шаруасымен кеткен екен. Ол кісінің бір туысқаны өзінің дәу қошқарын бұлардың отарына әкеліп қосып тұрған жайы бар екен. Сейсенкүл жеңешеме қарап:

– Жеңеше, мына қошқар күзге дейін бес-алты ай сіздердің отарыңыздың ішінде жүре тұрсын. Қолымда малым болмағандықтан бұның жалғыз өзін қайда апармақпын? Сойып ала қоюға үйде ет бар еді, – дей келе, Мелдекеңнің баласы Ерболға көзінің астымен қулана бір қарап алып: «Жеңеше, бұл қошқар жыл сайын егізден төлдеп жүрген жануар. Сондықтан оның туған қошақандарына көздеріңді алартушы болмаңдар», – деді пысықтап. Оның әзілдеп тұрғанын мен қайдан білейін. Ол кісінің сөзіне күле қарап бас изеп тұрған жеңешеме де түсінбей:

– Қошқарлар тумайды ғой! – дедім шыр-пырым шығып.

– Оттама! Бұл қошқар жыл сайын егізден екі рет туып жүрген ерекше қошқар, – десе болар ма әлгі кісі мені аң-таң қалдырып.

Сөйтсем, ол кісі барлық ісін әзілмен тындырып жүретін адам екен ғой. «Аузында әзілі жоқтың – қолында шоқпары жүреді» дегенді осы күндері ғой біліп жүргеніміз, – деген еді мені де күлдіріп.

Шынында да мал ішінде жүрмегеннен кейін, олардың сырын біле бермейтініміз де ақиқат қой. Сондықтан кімнің болмасын базардағы сатушы мен алымсақтың ортасында жүретін делдалдарға жүгінетіні рас. Тек олардың иманды, әділ сөйлейтініне кезіктіргей деп тілейміз баршаңызды.

Бөріхан ТӘМЕН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button