Өлең оқи отырыңыз

Өздері де талай рет жұлған шығар…

Далада жайқалып тұр, қызғалдағым,

Табиғаттың сәні ғой, қызғанбадым.

Алты дана қызғалдақ жұлып еді,

Көрдің бе, бұл биліктің қызғанғанын?

 

Көңілді су сепкендей, бұзғандайсың,

Өн бойымнан үмітті сызғандайсың.

Қызғыштай қорған болсаң сендер неге,

Қытайдан жерімізді қызғанбайсың?

 

Адам өлсе бес жүз мың төлейсіңдер,

Өз халқыңа өздерің өгейсіңдер.

Тоғыз миллион айыппұл шығарғандар,

Жемқорларды сірә да көрмейсіңдер.

 

Байлығымыз шетел асқан, қолды емес пе,

Болашақ бұлыңғыр боп, солды емес пе?

Тоғыз миллион айыппұл салатындай,

Тамырымен жұлмаса болды емес пе?

 

Бәрі бітіп, қызғалдаққа шықтыңдар ма,

Бай, бағланды қорғаштап, тықтыңдар ма?

Дүние алма-кезек деген бар ғой,

Жауап берер күн жақын ұқтыңдар ма?

 

Бұл заңды қай данышпан шығарды екен,

Махаббат символы ғой, ұғар ма екен?

Өздері талай мәрте жұлған шығар,

Жауап алып, ой, шіркін, сұрар ма екен?

 

Есенғазы ЖҮСІПОВ, қаржыгер.

Автордың байланыс телефоны: 8775-628-97-35.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button