Өлең оқи отырыңыз

Нұрикамал (поэма)

               Нұрикамал  Сейтжанова,

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.

 Ақмола облысы, Жарқайың ауданы, Далабай ауылы.

      12 наурыз, 1949 ж. – 15 сәуір, 2021 ж.             

 

Досымыз һәм  қарындас  Нұрикамал,

Атынан-ақ  еседі  жылы  самал.

Жауапты  қай орында істесе де,

Қызметті  атқарған ол дұрыс-адал.

 

Қыз еді,  көркем мінез  сұлу жаны,

Ата-ана, мектеп  қайсы  сұлулады?

Анығы сол – табиғи  жаратылыс,

Анадан  алтын құрсақ  туылғаны!

 

Жабылып  облысым –Торғайымыз,

Жұмыстан  босап қалған  қолдарымыз.

Қызметтің  бабыменен әрбір  жаққа,

Айрылған  тарау-тарау  жолдарымыз.

 

Талайдың  тағы кетті  тақымынан,

Адаса  жаздаған бар  ақылынан.

Нұрикамал  Шымкенттің  обкомына,

Орнықты  қызыметке  шақырылған.

 

Еңбекке  шыныққан-ды  жастай қатып,

Ісімен  судай сіңді, тастай батып.

Жігіттер  көз қырына алды  бірден,

Тұрғанына  айдан да аспай жатып.

 

Оңай емес, бейтаныс  елге бару,

Абырой, алғыс-бата  елден алу.

«Алтайдың ар жағынан» дегендей-ақ,

Атанды  Арқалықтан  келген ару.

 

Үні-наз, мінез-жібек үлпілдеген,

Күлімдеп  әзіл сөзде  іркілмеген.

Арқалық  аруына көңлі кетіп,

Көмейі  жігіттердің  бүлкілдеген.

 

Сазгердің  қызға көңлі  түскен құлап,

(Ақын әйел  жары бар әттең бірақ).

Әйгілі ән  – «Нұрикамал» туған солай,

Махаббат жүрек қысып, іштен  бұрап.

 

Сұлулар  ерді еріксіз  ғашық қылар,

Ғашыққа  сосын құшақ  ашып  тұрар.

Сұлу құшқан  жігіттің  бағы жанып,

Көңілі  көкке самғап  тасып тұрар.

 

Дегенмен  махаббат-құс  басқа қонды,

Бұл жолғы шешім мүлдем басқа болды.

Аса алмай, Ханбибідей жан жарынан,

Тіл байланып, жанары жасқа толды.

 

Бейнесі  көз алдынан  кетпей қойды,

Ғашықтық сезім лаулап  өрттей болды.

Сүйемін деп айтуға  ары бармай,

Іш құса боп, тамақ та өтпей қойды.

 

Аузынан  шыққан сөзі  тәтті балдай,

Шабыттың  шапағы боп, атты таңдай.

Қызметкерлер  сол күні  сауық құрып,

Демалыс болып еді, сәтті қандай!

 

Махаббат жүрек жаулап, жалындатқан,

От алып, айқаракөз  қарындастан.

Қалай да  тамаша ән туғызып,

Алтайдан  Арқалықтың  аруы асқан.

 

Пианино  мұңды әуенге  салып тұрды,

Ғашық жүрек жалындап  жанып тұрды.

«Нұрикамал, аяулым, жаным-ай» деп,

Ең жоғарғы  нотаны  алып тұрды.

 

Өз әнін  өзі сынап,  құлақ түрді,

Өңдей түсті, әуенін  бұрап түрлі.

Мәтінсіз  әттең әннің сәні келмей,

«Сөзім жоқ, сөз керек» деп сұрап тұрды.

 

Ханбибі  күйеуінің  түсінді әнін,

Нұрикамал  бейнелі мүсінді әнін.

Ақын білмей, кім білсін ерікті алар,

Махаббаттың  зары мен күшін-мәнін.

 

Тыңдай берді,  ән сазын  тамашалап,

Қайтем деп ойға батты  оңаша қап.

Сөзін өзім жазуым  керек деді,

Қызғаныштан  өнерді  арашалап.

 

Сазына сай   сырлы сөз, мәтін қайда,

Ас дәмі тұзбен ғана  татымай ма?

Көп толғанып, көркемдеп  шықты жазып,

Мұншалық ақылды әйел, ақын қайда?!

 

Отырған  Тұрдықылыш өз алдына,

Елестеп  Нұрикамал  көз алдына.

– Түсінем  жаныңды, – деп, Ханбибісі,

Ән сөзін  тастай берді ері алдына.

 

– Қызға ғашық  болдың деп, айыптаман,

Ол – Махаббат, сен емес  айыпты адам.

Біз – уақытша, ал әнің  мәңгі жасар,

Шешімім осы ақылмен байыптаған.

 

– Ойпырмай, айналайын, ақылдым-ай!

Шешімге  келдің қалай батыл мұндай?

Өзім  сөзін  жазуым керек еді,

Жаратыпты  қайтейін  ақын қылмай.

 

Кешір менің  ұнатып  қалғанымды,

Ақындық білем талант, талғамыңды.

Анығы сол, ән туды маңдайы ашық,

Не болар, болжау қиын  алдағыны.

 

Содан былай  ән шалқып, шарықтады,

Шағаладай  аспанда  қалықтады.

Әннің ғажап қалайша туылғанын,

Әнші де, ел де айтудан  жалықпады.

 

Бұл әнді  кім де  болса  ұйып тыңдар,

Әр сөзін  құлағына  құйып  тыңдар.

Шырқағанда  Жұбаныш  Жексен әнші ,

Сілтідей боп барша жұрт тынып тыңдар.

 

Ханбибі ақылды әйел, аңыз ақын,

Тамаша  жырдың майын тамызатын.

«Нұрикамал»  әнінің ашқан бағын,

Ерлік бұл ән тарихына жазылатын.

 

* * *

Оқиғаның  тартымды  жалғасы бар,

Өзендей  ағатұғын  арнасы бар.

Үш кейіпкер  тағдыры  не болды деп,

Оқырман  білгенінше  алға асығар.

 

Ханбибі көп ойланып, көп толғанып,

Шешімге  келді  көзі  оттай жанып.

Ері мен ғашық қызын  шақырып ап,

Сөз бастады, тыңда деп тоқтай қалып.

 

– Махаббат бар, бұрын да  болған, – деді,

Мәжнүн  боп, талай ерлер солған, – деді.

Екеуіңнің  қалмайын обалыңа,

Үйленіңдер  мен қарсы болман, – деді.

 

Айтам ашып, сөзді тіл ұшындағы,

Бол ерімнің  сүйікті  кіші жары.

Бәйбіше боп, қамқорлық жасап бағам,

Тағдырдың осы  шығар ұсынғаны.

 

Жігіттің  жіпсіз сезім байланғаны,

Бұл шешімге  екеуі  қайран қалды.

– Нұрикамал, сен бұған не айтасың? – деп,

Тұрдықылыш  қуанып  жайраңдады.

 

– Оқиға болды ғой бұл дабылдаған,

Махаббат  болсын мейлі жалындаған,

Құрбым-ай, жаның неткен  жайсаң еді,

Мен мұндай  құрбандықты қабылдаман.

 

Шешімнің бұл әлде ауыр, жеңілі ме?

Махаббат деп батпайық  теңізіне.

Ханбибі , құшағыңнан жарыңды алып,

Көлеңке  түсірмеймін  көңіліңе.

 

Оқиға  басымырақ  батты кімге?

Мұншалық  ризамыз  мәрттігіңе!

Айналып  әдемі бұл  әңгімеге,

Жетейік  тәуелсіздік сәтті күнге.

 

Жан сырымды, құрбым-ау, ақтарайын,

Ар-ұят – шыққан күнім, батқан айым.

Ақын, сазгер  шайқалтып  шаңырағын,

Адамдық  ала жібін  аттамаймын.

 

Бірің  ән, бірің  жырға бөледіңдер,

Ел-жұртқа  елеулі етіп  еледіңдер.

Шығармашыл  табысқа жылда жетіп,

Алғыс пен  қуанышқа  кенеліңдер.

 

Құрбылап  Ханбибіні  құшақтады,

Көңілі  мөлдір  судай  бұлақтағы.

Көз жетіп, басқа шешім  жоқтығына,

Нұрикамал  сөзіне  тұрақтады.

 

Поэма  мәресіне  таяп қалды,

Бастысы – ән тамаша  қанаттанды.

Әйтеуір өгіз өліп, арба сынбай,

Оқиға  әдемі боп  аяқталды.

 

Жүректің  қайнап шыққан  қайнарынан,

Жел есті  тамаша әннің  айдарынан.

Арқалықтың  аруы  аман шықты,

Қып-қызыл  махаббаттың майданынан.

 

Махаббат-ай, жандырар  жанғанынша,

Күйген-сүйген  хандар мен бар ханыша.

Бір тойда Ақан ғашық болғанындай,

Нұрикамал – бүгінгі  Балхадиша!

15-наурыз, 2021 ж.

* * *

Не  хабар, жеткен жедел  суыт хабар?

Денені  түршіктірер  суық хабар.

Деген осы  екен ғой, ойда жоқта,

Ажал келіп мойынға құрық салар.

 

Білеміз  қайдан тауып  көріпкелді,

Жан-жақтан  kovid  жаулар  өріп келді.

Сол дұшпанмен  күресте қаза тапқан,

«Нұрикамал»  әнінің  кейіпкері.

 

Кеше ғана  сөйлескен  жайраң қағып,

Тап болды екен,  бұл жауға  қайдан нағып?

Жазып жаңа  бітірген  поэмамды,

«Тамаша!» – деп мақтаған қайран қалып.

 

Бауырмал  бәрімізге  бауыр едің,

Езілгендей  боп отыр бауыр етім.

Ойпырмай, баудай орып жатқан жұртты,

Басқа түскен  не заман-дәуір едің?

 

Жан еді  жаймашуақ  жайраң нағыз,

Жақсы атын  елге бүкіл жайған нағыз.

Ақынға жыр, сазгерге  ән шығартып,

Тірісінде  аңызға айналған қыз!

 

Жетпістің өткенде аман өткелінен,

Бөрі-вирус  тиді тау  бөктерінен.

Ән сөзіндей, ешкімнің  қолы жетпей,

Қыз күйінде, дариға-ай,  өтті өмірден.

 

Талайға  өткен  болып  арман тұлға,

Ел аузында аңыз боп  қалған тұлға.

Мәңгі есінде  жүреді  бар қазақтың,

Тамаша ән мен поэма  қалды артында.

 

Үн қосып, Ұлы дала қырқалары,

«Нұрикамал» – ән мәңгі  шырқалады.

Міне, осылай, болса да өкініші,

Ақыннан жыр, сұлудан  сыр қалады.

  15-сәуір, 2021 ж.

Сөз соңы

Бұл поэманы жазып бітіріп,электропочтасына  жібергем. Телефон арқылы сөйлесіп, «Қазақтың аяулы ару қыздары» атты жыр жинағымның «Қоғам қайраткерлері» бөліміне енгенін айттым. Оқып шығып,өте риза болып, көркем тілмен тамаша суреттеліп жазылғанын айтып жоғары бағалады. Нұрикамал бұл кезде әлі ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Мемлекет тарихы институтында» қызмет атқарып жүрген. Мен сөз арасында «Егемен Қазақстан» газетінде  бірнеше  бастама көтергенімді, оларға министрліктердің мән бермей шаршатып жүргенін айтып мұң шаққанмын.

Сонда Нұрикамал : «Мен жақында жұмысты қоямын. Содан соң сенің бастамаларыңды жүзеге асыруға көмектесемін.Жастар көмектеспесе, мен білек сыбанып кірісемін. «В бой идут одни старики» деген кинодағыдай, бірге күресеміз» деп мәз еткен еді. Өзі сондай әзілге де жүйрік болатын. Ой, ақжарқын мінезі қандай еді! «Торғай облысы обкомында қанша жыл қызмет атқарғанда, торғайлық бір ақын бір ауыз өлең арнамап едіңдер. Ал Оңтүстікке барып, Шымкентте қызметке тұрысымен, бір композиторы ән шығарып, бір атақты ақыны өлең арнады» деп , әзіл-наз айтатын.

Мен: «Жары Ханбибі Есенғараевадай айтулы ақын бола тұра, сол жарының көзінше қызға ғашық болған Тұрдықылыш та нағыз ер екен! Ал сол әнге сөзді өзі жазып берген Ханбибі ақынның өнерді қызғаныштан биік қойғаны нағыз азаматтық ерлік емес пе! Және ғашық жігіттің сол сәттегі көңіл-күйін, ынтызыр сезімін, дәрменсіз халін, қыздың керемет ашық-жарқын мінезін 3-4 шумақ қысқа буынды өлеңге қалай сыйғызып бере білген десеңізші!» – деймін.

Содан бір ай өтер-өтпесте, 15 сәуір күні Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, бар қазақ шырқап жүрген тамаша әннің кейіпкері Нұрикамал Сейтжанқызы қайтыс болды. Атақты ақын не жазушы болмаса да, артында оны өлтірмейтін тамаша ән мен поэма қалды. Иманы жолдас болып, өмірдегідей пейіш төрінде де жүзі жарқын болсын деп тілейік.

Жұма- Назар СОМЖҮРЕК.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button