Маңызды мәселе

Қымбатшылықтың «көкесі» келе жатыр ма?

Алдағы 1-қарашадан бастап республикалық маңызы бар автожолдардың бірқатар аумақтарынан жүріп өткеніміз үшін тиісті ақы төлейтін боламыз.

Жолды пайдалану ақысы көліктің түріне және оның салмағына, артқан жүгіне байланысты төленеді екен.

Мұндай жолдардың 1 шақырымына төленетін ақы жеңіл көліктер мен жүк көліктері үшін 1 – 5 теңгеден 20 – 25, тіпті 37 теңгеге дейін баратыны туралы айтылуда. Бүгінде осыған наразы болып жүргендер көп. Әсіресе қалалар мен елдер арасында жүк тасумен айналысатындар қатты ренжулі.

Бұл наразылыққа бір жағынан бүгінде дизель отынының қымбаттауы да өз әсерін тигізуде. Қазір оның 1 литрінің бағасы 200 теңгеден асты, кей жерлерде 230 – 240 теңгеге дейін көтеріліп кетті. Өз кезегінде бұл азық-түлік бағасының тағы да қымбаттай түсуіне апарып соғатыны мәлім жай.

Ауыр жүк көліктері бидай және басқа да азықтық дақылдарды, жеміс-көкөністерді, көмірді, түрлі құрылыс материалдарын тасымалдайды, оларды бір облыстан екінші облысқа жеткізеді, кей тауарды  шетелдерден әкеледі. Міне, осының бәрін тасып жүрген олар жанар-жағармайға артығымен шығынданып, оның үстіне ақы төленетін жолдардан өтетін болғандықтан шығын орнын толтыру үшін тасымалдау құнын амалсыздан көтереді. Оларды жалдайтын сауда орындары да өз кезегінде сататын тауар бағасын бұрынғыдан қымбаттата түседі. Осылайша бірін-бірі сүйрелеген қымбаттау барлық саланы қамтиды. Ал жалақы, зейнетақы, жәрдемақы ерекше өсіп жатқан жоқ. Екі ортада қарапайым халық қиналады.

Олай болса, елімізде дизель отынының құнын ырықтандыру, бұл саланы ретке келтіру керек қой. Ол неге қымбаттап жатыр? Әлде зауыттарымыз дизель отынын жеткілікті деңгейде өндірмей жатыр ма?

Естуімізше, Қазақстанмен көрші елдерде дизель отынының бағасы біздегіден біршама қымбат көрінеді. Әлде осыны пайдаланып біреулер өзімізде онсыз да жетпей жатқан майды көрші елдерге есебін тауып өткізіп жатыр ма екен?

Жанар-жағармай бағасы қымбаттаса, оның барлық салаға әсері тиетіні белгілі. Ендеше ел басшылары бұл салаға да жіті қарап, тәртіпке келтіріп отырғаны дұрыс қой. Әйтпесе бұл қымбатшылық қарапайым халықтың қалтасын қағуға айналып барады.

Т. ТҰРАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button