Маңызды мәселе

Шетке кебек сату Отанды сатумен бірдей

Белгілі кәсіпкер, «Шопан ата» қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевтың (суретте) еліміздегі агроөнеркәсіп саласында орын алып отырған келеңсіздіктер туралы жиі айтып жүргені мәлім.

Ел ішіндегі жағдайды өз көзімен көріп, сараптаған ол кешегі аптада халыққа, Президент Қ.Тоқаевқа арнап үндеу жариялады.

Қазақстан компанияларын қатаң тексеруді сұрайды

Алмасбек Садырбаевтың аталған үндеуінің толық мәтіні мынадай:

«Ассалаумағалейкум, Қазақ Елі! Құрметті Қазақ Елі, құрметті Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев, бұл өздеріңізге арналған үндеу. Біраз уақыт болды, алты ай жаз мен осы жұт деп, қуаңшылық деп сіздердің мазаларыңызды алған шығармын. Ол үшін кешірім сұраймын, сөз беремін: жұтқа байланысты, қуаңшылыққа байланысты бұл менің соңғы видеом.

Осы видеоны жасамас бұрын мен  неге көз жеткіздім? Біз, әріптестеріміздің барлығы осы мәселені зерттедік. Сонда көзіміздің жеткені – ол Қазақ жерінде қолдан жасалған жұт. Мен сіздерге соны дәлелдеп беремін.

Әрине, табиғи жағдай бар, экологиялық жағдай бар, жауын аз жауды, шөп, жайылым, барлығы тарылды, су азайды, су тартылды – оның бәрі табиғи дүниелер. Бірақ неге тек қана қазақтың, қазақ шаруаларының малы өліп жатыр? Неге зар илеп, жем-шөп таба алмай жүрген тек қана қазақ шаруалары?

Осы орайда керемет қымбат дүниені, арпа, бидай, басқа дәнді дақылдарды айтпай-ақ қояйық, біз қарапайым кебекті алдық. Неге өзбектер шулап жатқан жоқ? Неге Аралдың бергі жағындағы Қызылорда мен Маңғыстаудың халқы, Атырау, Ақтау шулап жатыр, неге Өзбекстан мен Қарақалпақстан шулап жатқан жоқ? Неге олардың малы өліп жатқан жоқ? Осы сұрақ мені қатты ойландырды. Содан бұл аштық қалай болып жатыр деп зерттедім.

Малға берілетін ең қарапайым жем – кебек. Ресейде қазір кебектің 1 тоннасының құны 50 мың теңге, Беларуссияда 49 мың теңге, бізден арпа-бидайды сатып алып отырған Өзбекстанда кебектің құны 50 мың теңге. Ал Қазақстандағы ең жоғарғы баға зауыттағы 80 мың теңгеден базардағы 120 мың теңгеге дейін жетті. Неге? Неге осындай жағдайға жетті?

Содан осыны сатып жатқан қандай компаниялар екен, соны зерттедім. Сөйтсем, қазақтың ішіндегі белгілі компаниялар кебекті 80 теңгеден сатып жатыр. Тура сол компаниялар, тура сол адамдар қазақтың бидайынан жасалған, қазақтың зауытында өңделген кебекті Өзбекстанда 50 мың теңгеден сатып жатыр.

Бұл не деген қасақана жауыздық?! Өкімет қайда қарап отыр? Бұл өкімет жағынан не деген немқұрайдылық?! Бұл не деген сатқындық?! Отанды, елді сату деген осы болар. Сондықтан да қазақтың жерінде жұттың осылай қолдан жасалып отырған жайы бар.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіздің кешегі Жолдауыңызда азық-түлік қауіпсіздігінің басты мақсаты, басты мүддесі – ол қазақ жеріндегі ішкі нарықты қамтамасыз ету екені айтылды. Сіздің Жолдауда айтқан сөзіңіздің орындалуын сұраймын. Бірақ ол үшін мына болып жатқан дүниенің ағын – ақ, қарасын – қара деп белгілеп алу керек. Сондықтан да Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінен тұратын арнайы комиссия құруыңызды сұраймын. Бұл комиссия осы мәселенің бас-аяғын зерттеуі керек. Сол комиссияға мені енгізуіңізді сұраймын. Өйткені мынау деген – нақты Отанды, елді сату! Мен енді қазақтың өліп жатқан малының обалы кімге екенін анық білемін.

Құрметті қауым! Барлығымыз Қазақ жерінен бір грамм жем-шөпті шетелге саттырмауға әрекет жасайық! Әр қазақ бай болсын! Алла бұйыртып, осы жұттан аман-есен шығайық, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заманға жетейік!»

А.Садырбаев осылай дейді. Осы үндеуін көрген, естіген жұртшылық бүгінде оған хабарласып, онда айтылған дәйектерге қалай көз жеткізуге болатынын сұрапты. Осыған орай ол тағы да бір видео жариялап, оны қалай білуге болатынын нақтылап көрсетті. Яғни «Гугл» арқылы ғаламторға кіріп, өз еліміздегі, Өзбекстандағы, Ресей мен Белоруссиядағы «Кебек сатылады» деп жарнама беріп жатқан компаниялар мен олардың кебекке қойып отырған бағаларын білуге болады.

А.Садырбаев сондай жарнамалардың бірқатарын нақтылап көрсетті. Одан белгілі болғанындай, Өзбекстанда бүгінде Қазақстаннан жеткізілген кебектің бір тоннасы 134 – 136 доллардың арасын құрап тұр екен. Ішінара 125 доллардан сатылып жатқандары да бар. «Біздің ақшаға шаққанда ол 50 мың, 55 мың, 58 мың теңге шамасында болады», – дейді А.Садырбаев.

Ал енді сол компаниялардың кебекке Қазақстанда қойған бағасы 1  килоға 70 теңге, 76 теңге, 86 теңге болып тұр екен. Ресейде кебектің килосы 10.900 – 11.500 рубль, Белоруссияда 240 – 250 белорус рублі аралығында екенін көрсеткен А.Садырбаев бұл бағалар да біздің ақшаға шаққанда 50 теңгенің шамасы болатынын айтты.

А.Садырбаевтың осы үндеуінен кейін кейбір компаниялар өздерінің кебекке қойған бағасын түзей бастапты. «Бірақ мен бұрынғы бағаларды скрин жасап қойғанмын. Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеремін десе олар менде бар», – дейді А.Садырбаев.

Малды қыстан аман шығара аламыз ба?

Биылғы қуаңшылықтың зардабын көріп отырған жұрт ертеңгі күнге алаңдаулы. Осы орайда біз А.Садырбаевтың өзімен хабарласып, көтерілген мәселелерден қандай нәтижелер шығып жатқаны жөнінде сұрадық.

«Қалыптасып отырған жағдайда, әрине, экологиялық ахуалдың да  әсері бар. Дегенмен 30 жыл бойы дұрыс жүргізілмеген агросаясаттың кесірі де жоқ емес.

Жалпы, қуаңшылық тек Маңғыстау, Қызылорда облыстарымен бітпейді, ол Түркістан облысында да айқындалып келеді, ол Жамбыл облысына да жетті, Алматы облысының бір шеті де оған ілігіп жатыр. Күрделі жағдай батыс өңірінен оңтүстік-шығысқа, Семейге дейін қамтуда. Сондықтан да Президент Қ.Тоқаев осыдан бір ай бұрын Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, Ауыл шаруашылығы министрін отставкаға жіберіп тұрып облыс әкімдеріне мал азығын дайындау, жем-шөпті субсидиялау, қуаңшылыққа қарсы күрес мәселелерімен шұғыл айналысыңдар деп тапсырма берген еді. Бұл бойынша тек Ақтөбе және Қызылорда облыстарының басшылығы тарапынан ғана қозғалыс болды. Жалпы алғанда сол тапсырма орындалмай жатыр. Президент осыған күйініп кетіп, кешегі Жолдауында да әкімдерге егер жұмысты дұрыс жүргізе алмасаңдар босқа орын алмай, орындарыңды босатыңдар деп айтты.

Қазір қысылтаяң кез, жұт келіп тұр. Осыны айтсам, маған жұт дегенді ауызға алма деп жатқандар бар. «Ауруын жасырған өледі» деген бар емес пе, оны несін жасырамыз? Одан да осы үлкен сынақ кезінде Президент тапсырмаларын орындауға барлығымыз атсалысқанымыз дұрыс қой. Тапсырмалар орындалса, бұл қиыншылықтан аман-есен шығып кетерміз. Бірақ ол үшін басшылар берілген тапсырмаларды орындауы керек, орындай алмаса, орындауға құлқы болмаса, онда орнын босатсын, қызметтен кетсін, орнына істі дұрыс атқаратын адамдар келсін.

Еліміз халқының 40 пайызы ауылда тұрады, солардың мәселелерін шешу керек, ауыл шаруашылығы, жем-шөп, одан қалса, несие мәселелері шешілсін. Өйткені ауыл шаруашылығы несиемен ғана күн көріп отыр. Сол несиенің пролонгациясын жасауға да тапсырма берілген. Бірақ оны қазірге дейін ешкім де жасаған жоқ, ауыл шарушылығын қаржылай қолдау қорына «ҚазАгродан», «Агронесие» корпорациясына қаржы бөлу жөнінде бірде-бір бұйрық түскен жоқ.

Биыл диқандар дәнді дақылдардың 1 гектарынан 3-4 центнерден ғана өнім алып отыр. Олар кеткен шығындарын ақтамақ түгілі, өздері шығынға белшесінен батуда. Президент соны ескертсе де ешкім қимылдамай отыр.

Мал өсірушілердің де жағдайы қиын. Қазір мал азып жатыр. Малшылар көктемде төл ала алмады, енді несиелерін жаба алмауда. Осыны бірінші кезекте жергілікті басшылар көріп, жоғарыға ахуалдың қалай болып жатқанын жеткізіп отыруы керек қой.

Президент шетелге жем-шөп сатуды тоқтатыңдар деп те айтқан болатын. Оған қатысты жалған, өмірге бейімделмеген шешім ғана қабылданды, сенаж, силос, қара бидай сатуға болмайды деген қаулы шықты. Ал қарапайым халық малын сенажбен, силоспен, қара бидаймен емес, арпа-бидаймен, кебекпен асырап отыр ғой. Кебектің құны болса, қымбат. Ресей мен Белоруссияда оның килосы 50 теңге, Өзбекстанда 50-55 теңгеден болса, бізде көтерме бағасы 80 теңгеден, базарларда 100-120 теңгеден болып тұр. Бұл не деген масқара, не деген жауыздық?!

Осыларды анықтаған соң мен халыққа, Президентке арнап үндеу жасадым, барлығын да анықтап айтып бердім. Бірақ әзірге оған қатысты жауап та болмады, шешім де қабылданған жоқ», – дейді А.Садырбаев.

Ауыл шаруашылығының сарапшысы ретінде А.Садырбаев қазіргідей қуаңшылық жағдайында, мал азығы жетіспей, астық өнімі аз түсіп тұрғанда шетелдерге арпа-бидай сатудың барып тұрған ақымақшылық болатынын айтады. «Сыртқа астық пен жем-шөп емес, олардан алынған өнімді ғана сату керек. Арпа-бидай Өзбекстанға көп шығарылып жатыр. Олар көптеген диірмендер салып тастаған, малшыларына бидайдан ұн тартқаннан қалған кебекті 50 теңгеден береді. Ұнды Ауғанстанға, Иранға, Пәкстанға шығарады. Біз ақымақ саясаттың кесірінен бидай сатудамыз. Кезінде нарықтық жағдай солай етуге мүмкіндік берген шығар, бірақ қазіргідей қуаңшылық, жұт болып жатқанда, елде мал қырылып жатқанда шетке астықты, мал азығын сату деген не масқара?!» – дейді ол.

А.Садырбаев биыл диқандар егілген астықтың әр гектарынан 4-5 центнерден өнім ала алғанына да қуанып отырғанын айтады. Олар жоғарыға осылай деп ақпар беруде екен. Осы орайда ол Түркістан облысының алынған өнімді 11 центнер деп, Жамбыл облысының 10 центнер деп көрсетіп отырғанына да күмәнмен қарайтынын жеткізді. Айтуынша, егер Президент тапсырмалары дұрыс орындалмаса, онда малдың қыстан шығынсыз өтуі де қиын.

«Биылғы соқыр саясаттың кесірінен ондаған жылдар бойы жинаған малдан айырылып қалуымыз мүмкін. Жұрт малын өткен бағасына сатуда, өзбекстандықтар оны арзан бағамен әкетіп жатыр. Қазір ту қойдың құны 35 мың теңгеге дейін түсті. Сатылғаны сатылып, сатылмағаны қырылып, малдың көбінен бір-ақ қыста айырылып қалғалы отырмыз», – дейді ол.

Тәуелсіздік жылдарында біз мал басын КСРО кезіндегідей деңгейге жеткізе алмаппыз. КСРО ыдырамай тұрғанда Қазақстанда қой басы 36 миллион болған екен, қазір 20 миллионды енді төңіректеп тұр. Бұрын елімізде 10 миллион  сиыр болған болса, тәуелсіздік жылдарында оның басы 3-4 миллионды төңіректепті.

«Агросаясат үлкен үш аяққа сүйенеді, олар – генетика, менеджмент және мал азығы. Бізде не генетика, не менеджмент, не ветеринария, не малды сату, сою, мал азығын даярлау бағдарламалары орындалған жоқ. Шетелден мал әкелуді білдік, бірақ жем-шөп дайындау техникасы мен технологиясын әкеліп, қолға алған жоқпыз. Осы уақытқа дейін Алланың мейірімімен жаңбыр жауып, шөп өсіп келді, ал табиғи қиын жағдай туындай қалып еді, агроөнеркәсіп саласындағы қордаланған барлық проблемаларды айқын көрсетіп берді», – дейді А.Садырбаев.

…Елдің қамын күйттеп жүрген ұлтжанды азамат осылай дейді. Өкінішке орай, оның жанайқайына құлақ асушылар аз болып тұрған сияқты. Бұл жақсылықтың нышаны емес қой негізі. Астық пен мал азығын шетелге сатпайық, алдымен өзімізді қарық қылып алайықшы, ағайын!

Д. НҰРПЕЙІС.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button