Маңызды мәселе

«Крем тоғыз», «сүт тоғыз» дегенді естуіңіз бар ма?

Денсаулық сақтау министрі той жасауға рұқсат берді. Алайда тойханаларға «Ашық» қосымшасы арқылы, яғни екпе еккізген, «қауіпсіз» адамдар ғана бара алады.

Енді Құдай қаласа, жұрт тойхананың артқы есігінен, жасырын кірмей-ақ, алдыңғы есігінен емін-еркін кіретін болады.

Рұқсат бермеген кезде жасырын тойларға барып, мобильді бригада келіп қалғанда жеп отырған тамақтарынан тыйылып, маска іздеп кеткен, музыканың даусын бәсеңдеткен кешегі күндер де естелік болып ел есінде қалары сөзсіз. Тойға жеткізсін, тапқанымыз тойға шашылсын деген тойшыл халықпыз ғой. Дегенмен өткен аптада бір жиында бейтаныс әйелдің айтқан әңгімесі ойландырып қойды.

Ол кісі өзі барған тойда құдағилардың әкелген «тоғыздары» мен «киттері» жайлы әңгімеледі.

«Бұрын құдалыққа «үй тоғыз», «ағайын тоғыз», «нағашы тоғыз», екі жақтың арасы тату-тәтті болсын деген мақсатта «кәмпит тоғыз» бен шуылдақ апарушы едік қой. Қазір осы «тоғыздарға» «нан тоғыз», үлкен кәрзеңкелерге әдемілеп жасалынып апаратын жеміс-жидектердің тоғызы қосылғанына да біраз уақыт өтті. Оны кім не мақсатта шығарғанын білмей де қалдық. Енді тойгершілік қой, үйленіп жатқан жастардың несібесі мол болсын, мәуелі болсын деген жақсы ниеттен шыққан шығар дедік те қойдық. Оған үйреніп кеткеніміз сондай, бұрыннан келе жатқан дәстүрдей қабылдап, шамасы келсін, келмесін, бәрі бірдей тура солай апаратын болды. Олай етпесе бірнәрсесі кем болып қалғандай өзін жайсыз сезінеді. Енді бұл тоғыздар аздай, тоғыздардың қатарына «крем тоғыз» бен «сүт тоғыз» қосылыпты».

«Естімеген елде көп» деген осы. Әлгі әйелдің әңгімесі осы жерге келгенде дастархан басында отырған әйелдердің бәрі елең ете қалды. Енді ұзатылған қыздың арқасынан киім-кешегін апарғанда жас келінге шешесі өзі пайдаланатын кремдері мен опа-далаптарын әдемілеп орап апарып жүргенін көріп жүрміз ғой. Бұл жолы бізді елеңдеткені, келін түсіргелі отырған құдағидың крем таратқаны болды. Бәріміз әңгіме айтып отырған әйелге қарадық.

Ол: «Құдағи сондай крем сататын бір компанияда жұмыс істеп директор болған ба, сондай көрінеді. Әйтеуір құда екеуі жиі-жиі шетелге шығып демалады екен. Сол өзі істейтін компанияның түрлі өнімдерін тоғызға қосып әкелген-ау дедік. Әйтеуір біздің жақтың қыз-келіншектері күшті компания ғой бұл деп, әкелген затының бәрін қуана-қуана бөліп алды. Маған жетпей қалып еді, жеңгем мені қыз ғой ренжіп қалмасын деді ме, қыздарынан тартып алғандай қылып, біреуін алып, қолыма ұстатқан.

Үйге келіп қыздарыма берсем, аяққа жағатын крем екен. Мен аяғым түгіл қолыма крем жақпайтын адаммын ғой. Оны қайтем?» – деп күліп алып, әңгімесін әрі жалғады: «Дұрыс қой, бар адамдарға не апарса да жарасады. Апара берсін. Бірақ «аттылыға ілесем деп жаяудың таңы айырылыпты» деп, бай-бақуат адамдар өздерінің байлығын көрсетейін деп осылай ойларына келгенін істей берсе, соған ілесем деп кедей сорлының да ыңыршағы айналмай ма деп ойландым. Бұлай ойға келгенді істей бермеу керек қой. Егер анық дүниесі тасып бара жатса, оны мақтаныш қылып елге жарияламай-ақ жасырын берсін. Жастардың жеке үй болып аяқтан тұрып кетуіне жағдай жасасын деп ойландым. Әркім өзі біледі ғой енді.

Тағы бірде бір ағайынымыздың сүндет тойына бардық. Тіпті ол той да емес еді. Немересін сүндетке отырғызғанына құран оқытып, оған келіннің де төркінін шақырған.Той жасауға жағдайлары жоқ. Сол құдайы тамақтың өзіне құдағи сүндетке отырған балаға қыздың көрпе-төсегін апарғандай етіп, кілем, төрт көрпе, төрт көрпеше, төрт жастық қаптағыштарымен қосып әкеліпті.

Бұл құдағидың дүкені бар, бақуат тұратынын білетінбіз. Сүндеттелген жиеніне әкелген көрпе-жастықтары мен киім-кешегін былай қойғанда, жоғарыда айтқан тоғыздарға «сүт тоғыз» қосып әкеліп жұртты таңқалдырды. Сүт тоғызына йогурт, биос, активиа дейсіз бе, сүттен жасалынатын тағамдардың жеті атасын қосқан. Соның бәрін кәрзеңкеге салып жасап, жан-жағына әдемілеп пакеттегі құрттарды қойып қойыпты.

Әдеттегідей бәріміз қуана-қуана бөліп алдық. Алғанды кім жек көрсін? Бірақ мұндайдың қайтарымы да бар ғой. Біз жақ «бұлай келеді деп ойламап едік, енді бұған не қайтарамыз?» – деп әлек болдық та қалдық. Біз осылай асып-сасып жатсақ құдағи: «Той жасасаңыздар әкелетініміз тағы бар», – деп қайқайып отыр.

Бұлай – жыртылып айырыла беру өзіміз секілді бір айлыққа күні қараған ортаңқол адамдарға қиын ғой. Елден қалмайын деп тыраштанып әлек боламыз. Жұрттың апарғанын апармасаң тағы ұят.

Тағы бір байқағаным, құдалықтарда ағайын тоғыз орнына құданың бар ағайынына киім кигізіп жатады. Бұл да оңай емес. Мысалы, біз өзіміз он екі ағайындымыз. Егер алда-жалда құдандалы болып жатсақ, он екі ағайынымызға тәуір киім алатын болса, шашының түгі қалмайды ғой. Екі-үш ағайынды болса бір сәрі екен. Одан қайта жаңағы айтқан мата тоғыздар жеңілірек қой, бөліп алыңыздар деп ортасына тастай салатын деп ойлаймын».

Бейтаныс әйел осылай деп әңгімесін аяқтағанда оған біз де ойланып қалдық. Сөзінің жаны бар сияқты. Салт бойынша үйленетін жігіттің ата-анасы қалың мал, киіт, сүт ақысы, әке күші деген сияқты қазақтың дәстүрлерінің  бәрін жасауы керек.  Қыз жақтың да жасайтын өз жоралғылары бар.

…Бүгінде ел ішінде жасы қырықтан асса да сүрбойдақ атанып үйленбей жүрген жігіттер мен отызға келсе де күйеуге шықпаған қыздар көп. Солардың шаңырақ көтермеуінің бір себебі осындай жөн-жоралғыларды орынсыз көбейтіп, қиындатып жіберуде жатқан жоқ па екен деген сұрақ көкейге келді. Кім біледі енді…

Г. ТҰРАРБЕК.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button