Маңызды мәселе

Ашыққан малды аман алып қалайық!

Биыл Маңғыстауды қуаңшылық жайлап, мал жұтап жатқаны жайлы газетіміздің өткен нөмірлерінде жазған болатынбыз. Бұл проблемадан қалай шығуға болады? Малды жұттан аман сақтап қалудың жолы қандай? Елдің ертеңіне алаңдайтын әр адамды дәл қазіргі уақытта осы сұрақтар мазалайды десек артық айтқандық емес шығар.

Өткен аптада әлеуметтік желілерде шымкенттік Құрмет Болатхан есімді азаматтың елдегі жігіттерді асарға шөп оруға шақырған видеосы тараған еді. Осыған орай біз Құрметке хабарласып, сөйлестік.

«Өзімнің әжептеуір табыс түсіріп тұрған кәсібім бар еді, – дейді Құрмет. – Қазығұрттан таудың таза қымызын әкеліп, Қызылорда, Тараз, Алматы, Семейге апарып сатып жүргенмін. Табысым да жақсы болатын. Алайда батыстағы қуаңшылықтың салдарынан тістерге шөп таппай жатқан жылқы мен түйені көргенде қара басымның қамын күйттеп жүре бергенім жарамас деп ойладым.

Ондағы кейбір кісілер мал шаруашылығымен айналысу үшін жаңадан қожалық ашып, бар қаражатын жұмсап қойған. Солар қазір шөп тауып бере алмай, малдары қырылып, өте қиын жағдайда тұр. Оған ортадан ақша шығарып, шөпті престеп сатып алып жіберуге де болар еді. Бірақ оның өзі жетпейді. Әрі кетсе бір-екі айға ғана жеткізетін шығар. Әрі қарай осы проблема тағы басталады. Сондықтан Оңтүстік, Орталық, Шығыс Қазақстанның сулы жерлеріндегі шөптерді қысқа қалдырмай орып алсақ, батыстағы және Аралдағы жұтқа ұшыраған төрт түлікті қыстан аман алып шығар едік. Егер аз ғана шөпті сатып алып жіберіп, «көмектестік, болды» деп қарап отырсақ, мал қырылып қалады. Сол үшін бұл іске жұмыла кірісіп, ел болып атсалысуымыз керек деп ойлаймын.

Өзімнің бастап орып жатқаныма бүгін үшінші күн. Әзірге жаман емес, жан-жақтан жігіттер келіп қосылып жатыр. Шымкенттен жиырма шақты, Сарыағаштан он бестей жігіт, Жетісай мен Түркістаннан отыз-қырық жігіт келе жатыр. «Оңтүстік Қазақстан» газетінен де жігіттер келіп қосылды. Шымкенттіктер өздерімен ас-суын, шалғы, орақтарын бірге ала келіпті. Тіпті Батыс жақтан және Шымкенттен қыздар да хабарласуда. Біз тым құрығанда сіздер орған шөпті жинауға көмектессек дейді. Айналайын қарындастарымның пейілдеріне рахмет! Сонау Батыстан жолға қаражат шығындап, қиналып қалады ғой.

Әзірге алдын-ала 40-80 мың престей шөп жіберсек деп жоспарлап отырмыз. Біз орып жатқан жерде қамысы көптеу екен. Біз оны ұсақтап турап, арасына жоңышқа, тағы басқа шөптерден араластырып, престеп жібереміз деп отырмыз. Соған ортаға қаражат салып, атсалысып жатқан жігіттер бар. Солтүстік Қазақстан облысының жігіттері 7-8 фура жүк көлігін жіберіп жатыр. Сонымен қатар олар да шөп орып, престеп жіберетін ойлары барын айтты. Жамбыл облысынан да хабарласып жатқан азаматтар баршылық. Ендігі ойым, онлайн-режимде оқып жатқан студент жігіттер де келіп атсалысса екен деймін. Жанашыр адамдарға батыс өңірлердегі қуаңшылық себебінен ашығып жатқан малды құтқаруға атсалысуға, ағайындарға қол ұшын беруге шақырамын».

Құрмет осылай дейді. 24 жастағы балаң жігіттің әрекетіне іштей риза болып қалдық. Үйінде жатып алып, тілінің жеткен жеріне дейін басқаны сынап-мінеп, кінәлай бергеннен ештеңе де өзгермейді. Осылай әр адам шамасы келгенше атсалысса, әрекетке берекет беріп, малды қыстан аман-есен алып шығуға болар, бәлкім? «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген емес пе?

Г. СҰЛТАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button