Маңызды мәселе

Арық мал қыстан аман шыға ала ма?

«Замананың» өткен нөмірінде еліміздің мал шаруашылығы саласында орын алып отырған күрделі жағдай жөнінде жазған едік.

«Шопан ата» қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаевпен болған әңгімені жариялағанбыз.

Ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы А.Садырбаев тектен-текке шырылдап жүрген жоқ. Ел ішіндегі ахуал шынында да күрделі. Әсіресе қуаңшылық орын алған өңірлердегі шаруалар күйзелуде. Жерге ылғал жеткілікті мөлшерде түспегесін шөп өспей қалған, шөп болмағасын малдың күйі нашарлаған. Осының салдарынан кей жерлерде тіпті мыңдаған мал шығыны орын алды. Ал осындай кезде астық және мал азығын саудалаушы кей компаниялар өзімізге ауадай қажет өнімдерді шетелге сатып жатыр. А.Садырбаев осыны айтып жұртшылыққа, ел Президенті Қ.Тоқаевқа арнап үндеу жариялаған болатын.

А.Садырбаев көтерген бұл мәселеден ел тұтқасын ұстап отырғандар қандай нәтиже шығарады? Ол енді көп ұзамай белгілі болып қалар. Ал дәл осы кезеңде ел ішінде малын қалай аман алып қалуды уайымдап, өз күшімен шама-шарқынша әрекет етіп жүрген шаруалар өте көп. Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау ауылында тұратын Лесбек Бабатаев та – сондай жандардың бірі. Кешегі аптада біз ол кісімен хабарласып, жағдай сұрасып едік.

– Биыл Сарыағаш ауданының кей аумақтарында қуаңшылық орын алып, шөп өспей қалғаны туралы естіп жатырмыз. Жағдайларыңыз қалай болуда, қандай әрекет жасап жатырсыздар?

– Қуаңшылық орын алғаны рас. Біз жақта да биыл шөп өспей қалды. Сондықтан шамасы жеткендер малын «Көксарай» су қоймасы жаққа қарай әкеткен. Ол жақта шөп бар.

Атырау, Ақтау жақтарда жұт болып жатыр деп әлеуметтік желіге сурет, видеолар жүктелді ғой. Оларды да көріп отырмыз. Кейбірінде өлген малдың төңірегінде шөп өсіп тұрғаны көрінеді. Соған қарағанда ол жақтарда мал негізінен суға жете алмай өлген сияқты. Өйткені шөлейтті жер ғой, су көздері тартылып қалған. 60-70 шақырым қашықтағы суға жете алмай қаталап өлген сияқты.

Ал біз жақта жағдай шынында да қиын. «Су бар, от жоқ» дегендей ахуал туындап тұр. Құдықтан, скважинадан шығатын су бар, бірақ шөп жоқ. Малды жайылымы бар жерлерге төңіректете алмайсың, олардың өз қожайындары бар, жақындатпайды.

– Негізі Сарыағаш ауданынан да еліміздің батыс өңірлеріне шөп жіберіліп жатқан жоқ па?

– Ол ауданның сулы өңірлерінде ғой. Біздегі осындай қарама-қайшылыққа орай: «Сарыағаш ауданынан Ақтау-Атырау жаққа шөп артылып жатыр ғой, сендерде қалай шөп болмайды?» – деп таңқалып жатқандар бар. Ал шындығында біздің жақта, Шардарадан бері қарай, Келес ауданының Бозай, Жамбыл ауылдары төңірегі, Арысқа дейін жердің топырағы шығып, қарайып жатыр.

– Жалпы, өз ауылдарыңызда қанша үй бар? Жұрт немен айналысады?

– Әлімтау ауылында 150-дей үй бар. Негізі біздің өңір шөлейтті болып келеді, сондықтан бірдеңе егіп өсіру қиын. Жұрт тек мал асырап қана күнін көріп отыр.

– Жаңа шамасы жеткендер малын «Көксарай» жаққа әкетті дедіңіз. Ал шамасы жетпегендер ше, олар қайтіп күнелтіп отыр? Олар мал басын қалай сақтауда?

– Малын ол жаққа әкете алмағандар лаждап күн көруде. Мысалы, біз бірнеше жүз уақ мал, сиыр, жылқы ұстаймыз, малды ауыл сыртындағы, 10 шақырым қашықтағы өзімізге қарасты аумаққа жаямыз. Шөптің тамырын қаужай ма, әйтеуір қылтиған атаулының тіске іліккенін жеп жайылып келеді, шілдеден бері оларға бір мезгіл қыстағыдай шөп, жем берудеміз. Шақтап, шамалап береміз, өйткені жем-шөп бағасы қымбат. Мал басын қысқа дейін ықшамдап, негізінен аналықтарын алып қалсақ деп отырмыз. Ары қарай бір мәнісі болар деп үміттенуден басқа амалымыз болмай тұр.

– Ал мал азығының бағасы қандай болып тұр?

– Қазір жоңышқаның пресін 1200 – 1300 теңгеден, кебектің килосын 100 теңгеден алудамыз. Жантақ, сабан әкеп сатып жатқандар бар. Жантақтың пресі 70-80 теңгеден. Бір машина сабан пресі 70 мың теңге болып тұр.

Суармалы жері барлар шөп тауып бере алады, пұлың жетсе, сатып аласың. Бірақ қазіргідей қымбатшылық жайлаған заманда ақшаны қайсы бір керегіңе жеткізесің? Мал асыраған ағайын осындай пұшайман күйге түсті қазір. Былтырғы жылғы «запастан» түк те қалған жоқ, нөл болды. Қыстан әупірімдеп шығып, жайымыз енді оңала ма дегенде мынадай күйге ұрындық. Жұрт бірнеше мәрте тасаттық жасап, құдайы берсе де биыл жаңбыр жаумай қойды.

– Ал малдың бағасы ше, қазір оның бағасы қандай болып тұр?

– Малдың құны түсіп кетті. Мысалы, бұған дейін 60 мың теңгеге сатылып келген қойлардың бағасы 30 мың теңгеге дейін төмендеді. Бүгінде қолдағы малдың кемінде 30-40 пайызы сатылып кетті. Алыпсатарлар аңдып отыр ғой, малдың арзандағанына қуанып.

– Малды қай жақтың адамдары сатып алып жатыр?

– Негізінен өзіміз төңіректегі базарларға апарып жүрміз. Малды шөпке қатысты проблемасы жоқ, суармалы жері бар жақтың адамдары да келіп сатып алуда. Жамбыл, Алматы облыстарынан да келеді.

– Басшылар жағдайды біле ме? Жағдайды реттеу үшін олар тарапынан қандай шаралар қолға алынып жатыр?

– Біледі. Бірақ шаруаның жағдайын жеңілдетейін дейтін ниет, әрекет байқалмай тұр. Бүгін аудан орталығында осы мәселеге қатысты жиын болды, соған әр ауылдан адамдар барып қатыстық. Шаруалар жем-шөпті субсидиялау мәселесін көтеріп еді, оған басшылық тарапынан мандытып жауап берілген жоқ. Лажы болса, проблеманы айтпай, дымың ішіңде жүргенін қалайды, жұртты дүрліктірме, айтпай-ақ қой дейді. «Мал өліп жатқан жоқ қой», – дейді. Субсидия бөлінуі үшін мал қырылып, төтенше жағдай орын алуы керек сияқты. Іші қабысып,өлейін деп тұрған малдың суретін, видеосын көрсету керек сияқты. «Қаймаққа – жаймақ» болар деп субсидияға құжат өткізейін десең, қабылдамайды. Негізі үкімет биылғыдай қуаңшылық жағдайында шаруаларды демеп, мал азығын субсидияласа дұрыс болар еді. Шаруа субсидияны жыл сайын сұрап отырған жоқ қой, тек қазіргі қиын жағдайдан шығу үшін амалсыздықтан жалынуда. Бірақ әзірге одан оңды нәтиже шығып тұрған жоқ, бәрі құр сөз жүзінде ғана қалуда.

…Мал баққан шаруа осылай деп шырылдайды. Бүгінде бұл бір ғана ауылда емес, еліміздің көптеген ауылдарында орын алып жатқан жай. Шаруалар қысқа деп жем-шөп жинап алмақ түгілі, қолдағы малына қазірдің өзінде азық таппай күйзелуде. Ал күздің алғашқы айы болса ортасынан ауды, күн салқындап келеді. Қазірден қамданып, қажетті жағдайын жасап алмаса, шаруаның алдағы ахуалы қандай болмақ? Елдің ырыс-құты, берекесіне балаған малының күйі не болмақ? Құдай сақтасын дейік, аш-арық малды, ол бейшараны асырап-баға алмай, сатайын десе, арзан бағаға да өткізе алмай, құр сүлдері қалған малды өзінің қажетіне де жарата алмай отырған адамды көзіңізге елестетіңізші… Сұмдық қой! Басшылар қайда қарап отыр? Осындай кезде шарасыздық танытуға, бұл күрделі мәселеге немкетті қарауға бола ма? Ел болып жұмылып, әрекет жасайық та, ағайын!

Р. ҚЫДЫР.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button