Күн тәртібі

Суға суайттық жүрмейді

Биыл еліміздің бірқатар аумақтарында орын алған қуаңшылық көңілді күпті етіп қойды. Соның себебінен біраз өңірлерде малдың қырылғаны мәлім.

Табиғаттың мұндай жайсыздығы Түркістан облысында да бой көрсетті. Мысалы, Сарыағаш ауданының шөлейтті өңірлерінде, соның ішінде Әлімтау ауылдық округіне қарасты ауылдарда тақырға айналған жерлер көп. Біз бұл жөнінде газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде жазғанбыз. Әлімтаудың тұрғынымен әңгімелескенімізде ол бізге Шардараға, Арысқа, Келес ауданының шекаралас аумақтарына қарайғы жерлерде де осындай қуаңшылық орын алғанын айтып берген еді.

Ал кешегі аптада біз шардаралық Еркін деген азаматтан биыл «Шардара» қоймасы суының азайып тұрғаны туралы да жайсыз әңгіме естідік. Себебі Сырдариядан келетін су көлемі азайған. Ал аталған су қоймасында оңтүстік өңірінің көп жерлерін электр энергиясымен қамтамасыз ететін су-электр станциясы бар. «Шардараға» Сырдариядан құйылатын су азая берсе, онда бұл су-электр станциясының өндірістік қуаты азаюына апарып соғары анық. Су жетіспеушілігі өз алдына, бұл сонымен қатар электр энергиясының да тапшылығын тудыруы әбден мүмкін ғой.

Ендеше біздің басшылар бұл бағытқа мән беріп жатыр ма? Қызылорда жақтың адамдары да Сырдың суы тым азайып кетті деп дабыл қағып жүр. Жоғарыдағылар олардың үнін естіді ме екен? Естісе, қандай шаралар қолданып жатыр?

Су мәселесінде біздің ел Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты «бұлақтың басында отырған» елдермен қандай келісімдер жасаған еді? Сол келісім талаптары орындалып жатыр ма? Алдағы жағдай қалай болады?

«Шардарада» су азайды дегенді естігенде бізді осы сияқты сан сұрақтар мазалады. Өйткені су да жер сияқты стратегиялық аса маңызды тіршілік көзі ғой. Жеріміздің кей бөлігін қуаңшылық басып, шөп шықпай, мал қырылып жатса, қалай ойланбайсың? Бүгінде Маңғыстау, Қызылорда облыстарының шаруалары осындай күрделі мәселенің зардабын тартып отыр. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын халыққа қиын болды. Олар алдағы қысты ойлап, аман қалған малының көбін сатып жіберді. Енді қолда қалғанын қыстан қалай аман алып шығуды ойлап бас қатыруда. Осылай кете берсе мал шаруашылығының жайы не болады? Мал деген ол адамға сүт, ет сияқты азық беретін, шаруашылықты басқа да өнімдермен қамтамасыз ететін маңызды тіршілік көзі ғой.

Енді су тапшылығы орын алар болса, онда жағдай бұдан да күрделене түспек. Осы орайда ел басшылығының бұл мәселеге жіті қарағаны дұрыс қой. Сырдарияның, су қоймаларының суы жеткілікті болуына қатысты қандай шаралар атқарылып жатыр екен? Жұрттың осыны білгісі келеді. Бұл мәселе ел ішіндегі жұрттың екеуара әңгімесі төңірегінен аспай қалмауы керек деп ойлаймыз.

Жалпы, қызылды-жасылды құлпыртып іс-шара өткізе бергеннен гөрі осындай ауқымды жайларға көбірек көңіл бөлінсе дұрыс болар еді. Әйтпесе, қарап отырсаң жұрттың кейбірі елдің бір тұсында қуаңшылық болып, енді бір тұсында су жетіспей жатқанымен шаруасы жоқ, жағасы жайлауда жүргендей. Жалпы жұртқа аса қажет мұндай мәселелерді үнемі қаперде ұстап, алыстан ойлай жүрген абзал болады десек, мұнымыз артық кеткендік бола қоймас.

Н. ӘБДІ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button