Күн тәртібі

Ескімен қоштасыңыз, жаңамен достасыңыз!

Мінеки, Ұлыстың ұлы күні  Наурыз мерекесі де келіп жетті. Жаңа жыл басталды, ағайын! Ал жыл басы  барша тіршіліктің жаңаратын кезі, алға жаңа мақсаттар қойып, жаңа жоспарлар түзетін кезең. Ендеше, сіз де жаңарыңыз, өміріңізге жаңалықтар ендіруге тырысыңыз!

Халқымыз күн мен түннің теңелетін, барша тіршілікке нәр беретін көктемнің бастау алатын бұл кезеңін қай кезде де зор қуанышпен, мол үмітпен қарсы алған. Теңелу күнінде қолға алған бастамалардың сәтті шығатынынан, оңынан болатынынан үміт күткен, оған көз де жеткізген. Сондықтан да жұрт бір-біріне: «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!»  деп ізгі тілек білдіріп жатады. Халық алдағы болар жақсылықтарды сезініп, қуанған, Жаңа жылды қарсы алуға әзірленіп, өзінің ойын, бой-басын, үйін, ауласын таза ұстауға тырысқан. Наурызға деп сақтаған азық түрлерімен дастарханын жайнатқан, жеті түрлі дәннен қосып наурызкөже пісірген, жыл молшылығын ала келсін деп ырымдап басқа да ғұрыптарды іске асырған. Көңілі көтеріңкі, шат-шадыман күйде, жақсы тілекте жүрген, барлық ескі атаулыдан арылуға, бәрін жаңадан бастауға тырысқан. Бұл ізгі амалдар ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатыр.

Ендеше біз де ойымызды, бойымызды, үйімізді, ауламызды қажетсіз, зиянды, ескі атаулыдан арылтуға тырысайық, жаңа атаулыға орын босатайық. Құдай баршамызға осыны іске асыруға ынта-жігер, қуат берсін!

Біз Сіздерді Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Жайсыз әсер еткен, уайымға салған жайлар болса, олар артта қалсын, алда тек көңіл жадыратар жарқын күндерді нәсіп етсін. Елімізде бейбіт өмір гүлденіп, ынтымақ артсын, молшылық болсын, әркімнің алдан күткен ізгі армандары орындала бергей! Жаңа жыл құтты болсын, ардақты ағайын!

«Замана».

Толығырақ
Back to top button