Керек кеңестер

Жақсы көретініңізді жасырмаңыз

Атақты психолог бір конференциясында «Кімді жақсы көрсеңіз, оған барып жақсы көретініңізді ашық айтыңыз» дегенді айтады.

Арада бір апта өткенде әлгі психологқа біреу телефон соғып, өз басынан өткен жағдайды баяндап беріпті.

«Өткен аптада, конференцияда айтқан сөзіңіз мені қатты ойландырды. Конференциядан шығып, жақсы көретін ешкім жоқ екенін үйге дейін ойлап бардым. Мен осыдан бес жыл бұрын әкеммен ұрсысып үйден кеткенмін. Сол кезден бастап бір-бірімізге тіл қатпайтын болдық. Тіпті отбасы бірге жиналған кездерден басқа сәттерде онымен кездеспеуге тырысатынмын.

Үйге жеткенде «Мен әкеме оны жақсы көретінімді айтуым керек» деп шештім. Шынымды айтсам, осындай шешімге келгеннен-ақ үстімнен ауыр жүк түскендей болды. Үйден шығып, ата-анамның үйіне бардым. Олардың есігін қағып, есікті әкемнің ашуын тіледім. Өйткені бірінші анамды көріп қалсам, жақсы көретінімді оған айтып, әкеме жолығуға батылым бармай қалады ма деп қорықтым.

Бақытыма орай, есікті әкем ашты. Табалдырықты аттамай тұрып, есіктің алдынан:

–  Әке, сізді жақсы көретінімді айту үшін келдім, –дедім.

Әкем бірден мүлдем басқа адам болып кеткендей көрінді. Жүзі жұмсарып, көзі жасаурады.

Мені құшақтай алып, басымнан сипалай берді де:

– Мен де сені жақсы көремін, ұлым менің! Осыны ертерек айтпағаным үшін кешір, – деді.

Екі күннен кейін әкем инфаркт болып, ауруханаға түсті. Әкеме жақсы көретінімді айтпай тағы жүре бергенімде… оған жақсы көретінімді айтып үлгермегенімде… не болар еді…»

Міне, көрдіңіз бе, сіз біреуге алғыс айтуды, оған өзіңіздің шынайы сезіміңізді, жақсы көретініңізді білдіруді ертеңге ысыра берудің қажеті жоқ екен. Себебі ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Сондықтан біреуді ренжітіп алсаңыз немесе өзіңіз біреуге ренжіген болсаңыз, онда уақыт созбаңыз. Онымен ашық сөйлесіңіз. Ал ата-анаңызға, туыс-бауырларыңызға деген ыстық ықыласыңызды күн сайын білдіріп отырыңыз.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button