Керек кеңестер

Үйді қалай салған жөн?

Ежелгі Шығыс ілімінде үй болып, отау тіккен жастарға енші берілмей жатып баспана таңдаудың тоғыз тәртібі ерекше түсіндірілген екен.

Үйді сол ережеге сай таңдаған жастар бақытты да ұзақ өмір сүріп, үбірлі-шү­бірлі болады деседі.

  1. Тауға апаратын жол бойынан баспана сатып алуға, үй салуға болмайды. Мұндай аймақ география­лық жағынан аса қауіпті, автокөлік, жолаушылардың шуына да толы болмақ. Адамдар серуендейтін, көп жүретін жерлерде бұзақылық, қылмыс, әдепсіздіктер де жиі болып тұрады.
  2. «Т» бейнесінде тоғысқан жолдар мен көшенің қиылысынан баспана сатып алғандардың бизнесте жолы болмайтын көрінеді.
  3. Тығырыққа (тупикке) тірелген аймақтардан, көшелердің соңынан баспана сатып алу, үй салу да тіршілік, денсаулық үшін қолайсыз. Өрт болған жағдайда тығырықтағы үйге өрт сөндірушілердің келуі қиын. Баспанасы тығырыққа тірелген аймақтағы ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы да жиі-жиі тығырыққа тіреліп, олар көп жанжалдасады, араларында түсінбеушілік жиі болып тұрады деген түсінік бар.
  4. Жеке үйіңіздің сыртқа шығатын есігінің алдына емен тәрізді ағаштарды отырғызбаңыз. Мұндай ағаштар өздеріне жағымды қуаттарды тартып алады да, жағымсыз қуат үйге енеді екен. Найзағай да көбіне жалғыз, биік, жуан ағаштарға түседі.
  5. Есіктің алдына жеміс бермейтін ағашты да екпеген жөн. Шығыстық сенім бойынша, жеміс бермейтін ағаш отбасын кедейлікке ұшыратады, қарт адамдарға кері әсерін тигізеді. Егер аулаға жеміс беретін ағаш көшетін отырғызсаңыз, көп ұзамай табысқа кенеліп, ісіңіз жемісті болады дейді.
  6. Үйдің солтүстік-батыс бөлігінде ағаштар жайқалып өсіп тұрса, мұндай үйдің иелері бақытқа бөленеді, қайғы-мұңсыз өмір сүреді. Бұл ағаштарға жиірек су құйып, күтіп-баптап, солып, қурап қалмауын қадағалау керек.
  7. Үй салатын жер көршілерден оңаша, биік қыр болмағаны дұрыс. Одан үй адамдардың назарына айрықша ілініп, олардың жақсы, жаман сөздері отбасы бірлігіне әсер етеді.
  8. Шығыс ілімі бойынша отбасында аяғы ауыр әйел болса, ол босанғанша жаңадан үй салуға асықпауды ұсынады. Мұндайда тұрып жатқан үйін, пәтерін де жөндемейді. Олай жасаса, екіқабат әйелдің түсік тастауы мүмкін.
  9. Жататын бөлме терезесін үйдің оңтүстігіне немесе солтүстігіне қаратып салған дұрыс. Бөлмеге күн сәу­лесінің көп түсуі қолайсыздық туғызады.

Міне, Шығыс ілімінде баспана жайлы осылай делінген. Бұл кеңесті де біле жүрген жөн сияқты.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button