Керек кеңестер

Спорттың қатерлі жағы да бар

Спортпен шұғылданамын деген кісіге бүгінде мүмкіндік мол. Бірақ спорттың адам ағзасына қауіпті жақтары да бар екенін біле жүрген жөн.

Мысалы, ағзаға артық салмақ түсіретін спорт түрлерінің зияны, өмірге қаупі бар екен. Әсіресе жан қинайтын жаттығулар мен жарыстар бірінен кейін бірі жалғасып жатса қауіпті. Өйткені мұндайда ағзада токсиндер көп жиналады, уақтылы сыртқа шығарылмайды, сондықтан оны улайды. Мұның соңы түрлі дерттерге, жарақаттар алуға, тіпті өлімге соқтыруы да мүмкін. Әсіресе жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі жұмыстың бұзылуы қауіпті. Статистика бойынша кәсіпқой спортшылардың өмір жасы мен денсаулық күйі орташадан төмен болып келеді екен.

Бұл спортпен айналысуға тіпті де болмайды деген сөз емес. Спортпен айналысуға болады, тек ағзаға тым жиі артық салмақ салмау керек.

Жалпы, адам ағзасына токсиндер түрлі жолдармен түседі. Дегенмен қалыпты жағдайда ол түрлі органдардың жұмысы арқылы залалсыздандырылып, сыртқа шығарылады. Ал спортшы ауыр жаттығуларды жиі жасаған кезде ағзадағы зат алмасуы жылдам жүріп, бөлінген улы заттар уақтылы сыртқа шығарылмай қалады дейді мамандар. Міне, осы токсиндер ағзаны ақырындап улай береді. Алғашында бұл созылмалы шаршау, үнемі ширығып жүру, салмақтың азаюы, сосын сүйек сынуы, байланыстырушы ұлпалардың үзілуі, жарылуы, буындардың шығуы, невроз, депрессия арқылы білінеді. Ең қатерлісі – жүрек-қан тамырларының жұмысы бұзылып, адам кенеттен өліп кетуі де мүмкін. Спорт тарихында мұндай оқиғалар көп болған, бүгінгі күндері де болып жатыр. Әсіресе спортпен айналысатын 39-55 және 40-60 жастағы ерлер мен әйелдерде бұл өте қауіпті дейді мамандар.

Жалпы спортшылар арасындағы кенеттен болған өлімнің нақты себебін дәл анықтау қиын. Ол кенеттен туындаған аритмия, құрысып-тартылып қалудан, миокард бүлінуінен, жүрек бұлшық етінің қабынуынан, жүрек құлақшаларының істен шығуы, жүректің ишемиялық бүлінуі, жүрек жетіспеушілігі сияқты қалыпсыздықтардан туындауы мүмкін. Әсіресе жүгіру, футбол, хоккей сияқты ағзаға көп салмақ түсіретін спорт түрімен айналысқандар мұндай қатерге ұрынбас үшін, біріншіден кардиологиялық тексеруден уақтылы өтіп тұрғаны абзал. Сондай-ақ суықтап, ауырып жүрген кезде де спортпен айналысуға болмайды. Жарысқа, жаттығуға сырқаттан айыққасын 2-3 аптадан соң ғана қатысқан дұрыс. Әсіресе жұқпалы вирустық дерттен айыққан күннің өзінде миокардит (жүрек бұлшық етінің қабынуы), аортит, коронаркт (жүрек тамырларының қабынуы) қаупі сейілмейді, ол миокардтың жиырылу қабілетін, оның қанмен қамтылуын төмендетеді, жүрек жетіспеушілігіне соқтыруы, аритмияға ұрындыруы мүмкін. Тағы бір қауіптілігі, мұндай қалыпсыздықтар білдірмей дамуы мүмкін.

Спортпен ыстық күндерде айналысу да қауіпті. Бұл кезде жүрек жиырылуы қалыптан жиі болып тұрады. Сол сияқты темекі шегуден де бойды аулақ ұстау керек. Өйткені никотин коронарлық артериялық құрысуын тудырады.

Кейде адамның жаттығуға, жарысқа барғысы келмей қалатын кездері болады. Бұл ағзаның жағдай қауіпті екеніне берген дабылы болуы әбден мүмкін. Сондықтан бұған да құлақ сала жүрген абзал.

Міне, осындай қауіптерден сақтану үшін қажет кезде кешенді тестілеуден өту де артықтық етпейді. Қанның жалпы жәнебиохимиялық сынамасын тапсыру керек. Дисгностикалық салмақ тестін тапсырған, эхокардиографиядан өткен жөн. Ол жүрекке түсетін салмақтың мүмкіндік шегін анықтап береді.

Сондай-ақ ультрадыбыстық ангиосканерлеуден өткен дұрыс. Ол тамыр ішіндегі кедергілерге дейін анықтайды. Аневризмді (тамырдың қабырғасы жұқара отырып кеңеюі немесе онда қақ (тромб) тұруы) де осындай тексеру арқылы анықтайды. Ал бұлардың спортпен айналысу кезінде кенеттен туындайтын аса аңуыр жағдайға себепкер болуы әбден мүмкін.

Кез келген физикалық белсенділік жүрек жиырылуын жиілетеді, артериялық қан қысымын арттырады. Ағзаға тым артық салмақ сала берсе, кенеттен көтерілген қан қысымы гипертониялық кризге ұрындыру қаупі жоғары. Мұндайда бас айналады, адам талып қалуы мүмкін. Оның инсульт, инфарктке ұрындыру қаупі де жоғары.

Сол сияқты, ауыр салмақ көтеретін спортшылар да жиі тексеріліп тұрғаны жөн. Әсіресе кей-кейде белі ауыратындар магнитті-рехонанстық томографиядан өткені дұрыс. Ол қабыну процестері, ісік, жарық пайда болса, оны анықтауға мүмкіндік береді.

Б. РЫСҚҰЛ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button