Керек кеңестер

Мерекеде қандай сыйлық ұсынған жақсы?

Жаңа жылда жақын туыстарға, достарға, әріптестерге қандай сыйлықтар жасауға болады?

Әрине, сыйлық жасаңыз, өйткені адам көңілі деген нәзік жіп сияқты, кішкене ғана ілтипат білдірудің өзі оның көңілін көкке көтергендей шаттыққа бөлейді.

Осы орайда астрологтардың бұған қатысты ұстанымдарын назарға алған да артықтық етпейтін сияқты. Олар, мысалы, Барыс жылында айна, тарақ, әмиян, жазу-сызу заттарын, қолдан жасалған кәдесыйларды, ыдыс, оттық, ішімдік, сүлгі, беторамал, сабын, әтір, сөмке, тиын-тебен жинайтын сандықша және тағы басқа да кейбір заттарды сыйлыққа беруге болмайды деп отыр.

Астрологтардың пайымынша, олар Жыл иесі – Барысқа ұсақтық қылатын заттар, Барыс оларды онша жақтырмайды, менсінбейді. Өйткені оның өзі – ірі, айбынды, маңғаз, үйірімпаз, еркіндіксүйгіш тіршілік иесі. Ендеше сыйлық та соған сай ауқымды, жарасымды болғаны дұрыс. Егер адамға сөмке, әмиян, сандықша тарту етер болсаңыз, онда оның ішіне міндетті түрде ақша салып бергеніңіз абзал.

Астрологтар егер адам Жаңа жылда жоғарыда аталғандардай сыйлықтар алса, оны пайдаланбай, тығып қоя салған дұрыс дейді. Ал Барыс жылының құрметіне жыл атына сай келетін, әдемі, мән-мағынасы бар сыйлықтар берген жарасады. Мысалы, әдемі картина, өнер жөніндегі кітап, ескіден келе жатқан құнды зат, адамның айналысатын хоббиіне қатысты, қажетті заттар (мысалы, балық аулайтындарға, аңшыларға дүрбі, сөмке, тағы басқа заттар) сыйға тартуға болады. Биді жақсы көретін бикештерге фитнес-клубқа, би курсына билет әперуге болады. Театрға, киноға, демалыс орнына, саяхатқа билет әпере алсаңыз, тіпті керемет! Спортқа, фитнеске қажетті заттар да – жақсы сыйлықтар қатарында.

Қажетті адамға қандай сыйлық тарту етсеңіз де оны әсем безендірілген әдемі қорапқа немесе орамаға орналастырып беріңіз.

…Әрине, бұл – астрологтардың пікірі. Жалпы алғанда сыйлық беруге қатысты әркімнің өз ұстанымы, өз талғамы бар. Сыйлық ұсынбақ адамыңызға нені лайық көрсеңіз, не нәрсе оны шын қуантады немесе не нәрсе қажетінің орын толтырады десеңіз, соны тарту етуіңізге болатын сияқты. Мәселе көңілде, пейілде ғой. Сыйлық иесі шын пейіліңіз бен ықыласыңызды түсініп, қуана қабылдаса, соның өзі жеткілікті емес пе?

Б. РЫСҚҰЛ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button