Керек кеңестер

Квас дайындап үйреніңіз

Күн ыстықта шөл басу үшін әрі аптапта тәбет қашқанда нәр болсын деп квас ішетініміз рас. Дегенмен оны дайын түрінде сатып алғаннан өзіңіз жасап үйренгеніңіз әлдеқайда жақсы. Ал дайындау әдісі мынадай:

1. Квасты үйде дайындау үшін ашытқы, кептірілген нан, қант керек. Ерекше дәм бергіңіз келсе жидек, жалбыз, алма, жүзім қоса аласыз. Оны қара бидай, тіпті қарақұмық, сұлы ұнынан да жасауға болады.

2. Ең бірінші қою негізді (нан немесе ұн, арпа, т.б.) сумен араластырасыз. Оған керегінше ашытқы мен дәм (қант, бал, жүзім, шырын), ароматтық қоспалар (жалбыз, имбирь, т.б) қосылады. Енді осы қоспаны ашыту керек.

3. Квас толық күші мен дәмі, емдік қасиетіне міну үшін шамамен екі-үш күн күту керек. Бірінші күні қоспаға қайнатылған жылы су құяды. Екінші күні бұл сұйықтыққа 10 литрге 1 кило есебімен қант қосасыз. Енді аздап ашыту үшін 12 сағатқа жылы жерге қойыңыз, бұл уақытта онда көп көбік пайда болады. Осыны шыны бөтелкелерге құйып, бетін жабасыз. Ол тағы 12 сағат тұрады да, содан кейін салқын жерге ауыстырыңыз.

4. Жақсы квастың құрамында көмірқышқыл газы көп болады, сондықтан қақпақты ашқан кезде дыбыс шығады. Ал жарамдылық мерзімі 4-5 күн, одан өтсе ашып кетеді, әрі пайдалы қасиеттерін жоғалтады. Дұрыс дайындалған квас жабық ыдыста, салқын жерде 2-3 айға жуық сақталады.

5. Квас – алкогольсіз сусын, сондықтан оны балалар да, қарттар да іше береді. Ол айран мен қымыз, ұйыған сүт өнімдері сияқты ас қорыту жүйесін реттеп, зиян және ауру туғызатын микробтардың пайда болмауын қадағалайды, адамның көңіл-күйіне жақсы әсер етеді, зат алмасуды, жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын жақсартады. Олай болса, газды сусыннан гөрі квас ішіп көріңіз. Ол шөлді де жақсы қандырады, көңіліңізді де сергітеді.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button