Білгенге-маржанКерек кеңестер

Әйелді әдемі, ерді  қуатты етеді

Көкөніс, жеміс-жидектердің «қазан болатын» айы да келіп жетті. Бүгінде жұрттың алды «суықтық қылады» деп қауын-дарбыз жеуді азайтып жатыр. Ал шындығында олардың пайдасын қысы-жазы бірдей көруге болады екен.

Шопағына дейін шипалы

Негізі қауын-дарбыздың денсаулыққа пайдасы жөнінде біле жүрген артықтық етпейді. Олардың «еті» ғана емес, қабығы, шопағы да адам ағзасына оңды әсерін тигізеді екен. Бұған қатысты мамандардың жасаған мынадай тұжырымдары бар:

Қауын «С» витаминінің қоры жөнінен басқа бақша дақылдарынан көп алда тұр. Ал бұл витаминнің әсіресе суықтаудан болатын сырқаттардың алдын-алуда, одан емделуде көмегі көп. Қауынның құрамында одан өзге де түрлі витаминдер, минералдар, микроэлементтер мен басқа заттар бар. Олар адамды түрлі жұқпалардан, депрессиядан қорғайды, есте сақтау қабілетін арттырады, терінің, шаштың, тырнақтың күйін жақсартады. Ондағы фолий қышқылы мен темірдің әсіресе жүкті әйелдерге, іштегі шарананың жетілуіне пайдасы мол.

Қауын ішек жолдарын, бауырды, ұйқы безін зиянды заттардан, ауыр металдардан тазартады. Ол бүйректі де құм мен тұздан, зәр қышқылынан арылтады, оны тас түзілуінен сақтайды. Қандағы қант пен холестерин мөлшерін реттейді. Өт қабында іркілген өтті қозғалысқа келтіруде де ол жәрдемші бола алады. Ал қауынның құрамындағы цинк еркектерде сперматозоидтардың қозғалғыштығын, ұрықтың сапасын арттырады. Қауын құрамындағы пайдалы заттар әйелдің әрін келтіреді, сондай-ақ «айлық қонақ» келгенде аса жайсыздық сезінетіндерге де қауынның көмегі бар.

Жалпы, қауынның денсаулыққа бұдан басқа да пайдасы мол. Сондай-ақ оның шопағы да дәрмек ретінде қолданылады. Ал шопақты лақтырып тастамай, осы кездері молынан жинап, кептіріп алуға болады. Тек шала піскендерін алмау керек, сондай-ақ оның өніп кетуіне жол бермеген дұрыс. Өніп кеткен шопақтың зияны тиюі мүмкін. Жалпы, шопақты қуырмай жеген дұрыс, әйтпесе ол өзінің көп қасиеттерін жоғалтып алады.

Қауын шопағының қабынуды басатын, зат алмасуын ынталандыратын, ішек жұмысын жақсартатын, жаман холестериннен арылтатын, қан тамырларын нығайтатын қасиеті бар. Ол сондай-ақ қан қысымын, асқазан қышқылын қалпына келтіретін, қанды оттегімен байытатын, қанды сұйылтатын, қақырық түсіретін, ішті, зәрді, өтті жүргізетін де қасиеттерге ие. Қауын шопағы ағзаны зиянды заттардан, ауыр металдардан тазартады. Ол азықтық заттардың ішекке тез сорылуына жақсы әсер етеді. Қауын шопағы әсіресе балалар мен жүкті әйелдерге пайдалы. Өйткені онда «А», «С» витаминдері, «В» тобы витаминдері мол, каротин, магний, натрий, калий, кальций, темір, цинк, йод, фосфор, селен, марганец, антиоксиданттар, қартаюға себеп болатын еркін радикалдарды жоятын заттар бар. Ол миды тыныштандырады, зейінді, есте сақтау қабілетін арттырады, көзге пайдалы.

Қауын шопағы әйелдерді әрлендіреді, тері мен шаштың, тырнақтың жайын жақсартады. Әсіресе оның жүктілік кезінде көмегі көп. Ал еркекке пайдалы жағы – ол ұрықтың сапасын, ер-азаматтың бел қуатын арттырады.

Дегенмен қауын шопағын семіздіктен зардап шегетіндер, салмақ тастаймын деп жүргендер абайлап қолдануы керек. Өйткені оның калориясы жоғары, майы мол. Қауын шопағын балмен, сүтпен, алкогольмен бірге қолдануға болмайды, ондайда іш бұзылады. Асқазан, ішек жарасы, гастрит асқынып тұрғанда оны жемеген жөн. Жалпы, оны ашқарынға жеуге, шамадан тыс көп қолдануға болмайды.

Дарбыздың дауасы да кем емес

Дарбыз да қауын сияқты 92 пайыз судан тұрады, оның құрамында ағзадағы су тепе-теңдігін ұстауға қызмет ететін калий, магний, натрий көп, сондықтан ол шөл басуға өте қолайлы, әрі ол адамның ұзақ уақыт шөлдемей жүруіне де мүмкіндік береді.

Дарбыздың құрамындағы азықтық талшықтар асқазан-ішек жолдарына өте жайлы әсер етеді, ас қорытуға, зат алмасуына пайдалы. Ондағы ликолиннің қан қысымын қалпына келтіруге әсері бар, ол жүрекке жағымды, антиоксидант ретінде қабынуға қарсы да жақсы қызмет етеді. Ал ондағы холин иммунитетті ынталандырады, «А» витамині тері мен шашқа пайдалы. Дарбыз қан тамырларының жұмысын жақсартады, бүйректі тазалайды, ондағы тұздарды қуады. Ол семіздіктен зардап шегетіндердің салмақ тастауына де көмектесе алады.

Дарбыздың қабығы мен шопағы да пайдалы. Қабығын жұқалап алып тастап, қыртысын тосап жасауға, емге пайдаланады. (Мысалы, бас сақинасы ұстағандар оны самайына аз ғана уақытқа таңса, бас ауыруы сап тиылады деседі). Ал дарбыздың шопағын пісте шаққан сияқты қабығын аршып тастап жесе, ол жүрекке жағымды, бұлшық етке пайдалы, иммунитетті нығайтып, қуатты арттырады. Дарбыз дәні қан айналымын жақсартады, қан қысымын, қандағы қант көлемін қалпына келтіреді. Ол ағзаны ауыр металдардан, зиянды заттардан, артық холестериннен, радиация әсерінен арылтады, миға, көзге, теріге, шашқа пайдалы. Калориясы қауынның шопағынікінен аз болғанымен ол да ағзаға молынан шапағатын тигізеді. Дарбыз шопағы ағзаны басқа азықтарда аз кездесетін цинк, мыс, селен сиқты пайдалы элементтермен байытады. Ол ішек құрттарынан арылуға да көмектеседі.

Дарбыз дәні де әйелдердің әрін ашады, терісін жақсартады, сондай-ақ ол ерлердің бел қуаты қалыпты болуына да оңтайлы әсер етеді. Қауын шопағынан бір ерекшелігі – оның өнгендері де ағзаға пайдалы.

Дегенмен дарбыз шопағын асқазан-ішек, бүйрек-несеп жолдарында проблемасы барлар, қимыл-қозғалысы аз, семіз адамдар, әсіресе бүйрегіне тас байланғандар абайлап жегені дұрыс. Оны жүкті және бала емізетін әйелдер мен 3 жасқа дейінгі балалар тым тойып, жиі жемегені дұрыс. Өйткені ондағы цитруллин деген зат ағзаға түскесін аммиакқа айналады. Денсаулықта проблемасы барларға ол жайсыз әсер етеді. Сондай-ақ дарбыз шопағында «Омега-6» қышқылы мол, егер қандай да бір себеппен оның мөлшері ағзаға өзге азықтардан түсетін «Омега-3» қышқылының көлемінен артып кетсе, онда ағзаға минералдардың дұрыс сіңірілуіне нұқсан келеді.

…Баршамызға етене таныс қауын-дарбыздың пайдалы жақтары жөнінде мамандар осылай дейді. Ендеше «сезоны өтті» демей, оны азыққа мейлінше көбірек тұтынған дұрыс-ау. Сондай-ақ оның қыртысынан тосап қайнатып, «етінен» қауынқақ, қауынқұрт жасап, шопағын кептіріп жинап алу аса қиын шаруа емес қой. Есесіне олар сізге қыста витамин, минералдармен және басқа да қажетті заттармен қамтамасыз ететін азық болады.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button