Керек кеңестер

Інісіне керемет кеңестер берген

Орыс әдебиетінің классигі Антон Чеховтың Николай есімді өте талантты інісі болатын. Бірақ Николай сонымен қатар жігерсіздігімен де ерекшеленіпті, ол ішкілікке тәуелді болатын. Інісінің болашағына алаңдаған жазушы оған үнемі қамқор болып, ақыл-кеңестерін беріп жүрген екен.

«Мен сені өте терең түсінемін, құрметтеп, сыйлаймын, – деп жазыпты Чехов бауырына. – Мені ешкім түсінбейді деп жаза бергенің дұрыс емес. Мәселе сенің өзіңде жатыр. Мен сені бойыңдағы ондаған жақсы қасиеттерді санамалап берер едім. Оған қоса сенде суретшілік дарын бар. Әлемдегі әрбір екі миллион адамға бір ғана талантты суретшіден келеді, яғни дарының сені мыңдаған адамдардан бөлек қояды. Отбасың да, ел-жұрт та сені осы талантың үшін сыйлайды, кешіреді. Сенде кемшілік біреу-ақ, ол – тәрбиесіздік. Талант сені зиялы ортаға апарады, ал тәрбиесіздік төменге тартады. Тәрбиесіздікті жеңу өте қиын…»

Інісіне осындай тұрғыда ақыл-кеңесін жеткізген әйгілі жазушы тәрбиелі адамның мынадай негізгі сегіз қасиетін тізбелеп көрсетіпті:

* Олар кімді де болса сыйлайды, әрқашан жұмсақ, кешірімшіл, әдепті, мәмілешіл. Не болсын соған шу шығармайды, біреумен бірге тұрғанын міндет қылмайды, кетер болса сенімен бірге тұру мүмкін емес дегенді айтпайды.

* Олар кембағал адамдар мен қаңғыбас ит, мысықтарға ғана емес, барлық әлсіз атаулыға, көріне бермейтін кей нәрселерге де аяушылықпен қарайды, көмек қолын созады.

* Олар өте шыншыл, сондықтан жалғаншылық, өтіріктен қатты қорқады. Арзымайтын нәрседе де өтірік айта алмайды. Өйткені өтірік тыңдаушының намысына тиеді, айтушының қадірін кетіреді. Олар ешқашан мың құбылмайды, іс-әрекеттері жасандылықтан ада. Олар көкезуленіп сөйлей бермейді, өзінен сұрамаса, сырын аша бермейді.

* Тәрбиелі адам өзгенің аяушылығын тудыру, жәрдем алу үшін өздерін төмендетпейді. Жағдайын жасау үшін өзгенің жұмсақтығын пайдаланып, жағымсыз қадамдарға бармайды. «Мені ешкім түсінбейді» деп жыланбайды.

* Олар көрсеқызар, жағымпаз емес. Белгілі адамдармен амандасып, табақтас болуды бақыт санап, есі кетпейді.

* Өзінде дарын барын білсе, оны сыйлайды, дамытуға күш салады. Бұл жолдан ішімдік, қыз-қырқын, қызықшылық көрінетін нәрсенің бәрін жиып қояды.

* Олар өздерінде әдеп қалыптастырады. Киіммен кез келген жерге ұйықтай салуға, кір-қоқыстан, ішімдік, темекі, тер иісі сіңген ауадан әркім қақырып-түкіріп тастаған жерден жиренеді. Тамақты лас жерден ішпейді. Олар қажет кезінде жыныстық елітушілікке де тұсау сала біледі, лас, анайы қатынастарға жоламайды. Олар өздерінің шошқа емесін біледі. Ішімдікті олар қол боста, орнымен, негіз болғанда ғана, онда да шамаға екшеп ішеді.

…Тәртіпті адам санатын осылайша тізбелеген жазушы інісіне жолдаған хатын: «Тәртіпке бой ұсыну үшін әдептілерге еліктеп, олардың ісін қайталау емес, үздіксіз, күндіз-түні еңбек, үнемі оқу, ерік-жігерді күшейту керек. Бұл істе әрбір минут қымбат. Өткенге батыл түрде түкір де, одан бірден қол үз! Арақ құйылған графинді қират та, бізге келіп кітап оқы. Тым болмаса өзің өмірі қолға алмаған Тургеневтің кітаптарын оқы», – деп аяқтапты.

Әйгілі жазушы талантын ішімдік пен қыз-қырқынның буына қор қылып жүрген інісінің осылайша көзін ашып, масқарашылықтан құтқарып қалған көрінеді.

М. СЕМБЕК.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button