Керек кеңестер

Демалыс күндерін қалай өткізген дұрыс?

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында және одан кейін адамдарға қатарынан бірер күн демалудың сәті түседі. Бұл күндерді Шымкенттің өзіндегі, Түркістандағы, облыстың курортты-шипажайлы жерлеріндегі демалыс орындары мен көрнекі жерлерінде өткізуге болады.

Шымкенттің өзінде көптеген сауда-ойын-сауық орталықтары, саябақтар бар. Бала-шағаны ертіп шығып, кез-келген ойын-сауық орталықтарында, саябақтарда уақытты көңілді өткізуге болады. Қызықты отырыстар, бас қосулар үшін жүздеген дәмханалар, караоке-барлар, мейрамханалар мен түнгі клубтар жұмыс істейді. Демалысты қызықты өткізу үшін қаланың тап-тұйнақтай саябақтарынан бөлек, әйгілі дендробаққа, хайуанаттар бағына баруға болады. Қысқасы, Шымкентте бір ауық сергіп, демалып, көңіл көтеріп алам десеңіз, сізге ондай көңіл-күй сыйлайтын жерлер жетеді. Тек қалтаңызда молынан қаржыңыз болсын.

Облыс орталығы мәртебесін иеленіп, соңғы жылдары қатты өзгерген Түркістанға да саяхаттап барып қайтуға болады. Түркістанда әйгілі «Әзірет Сұлтан» кесенесі, тарихи-мәдени мұражайы бар. Кейінгі кездері салынып, халықтың игілігіне берілген «Керуен сарай», «Ұшатын театр», «Сандық» мейрамханасы, «Шаңырақ» қымызханасы сияқты көптеген жаңа нысандармен жақын танысуға мүмкіндік туып тұр. Тарихи қаланы аралап, демалыс орындары мен көрікті орындарын тамашалап қайтуға болады.

Түркістан облысында әйгілі «Сарыағаш», «Манкент» шипажайлары бар, Төлеби, Түлкібас аудандарындағы демалыс орындарына да барып қайтуға болады. «Тау самалы», «Алма тау» сияқты шаңғы базасы, курортты аумақтарға барып демалысын өткізетіндер қатары да осы кездері арта түседі.

…Қысқасы, жаңажылдық демалыс күндерінде демаламын, серуен құрамын, саяхаттаймын дегендер үшін Шымкент пен Түркістан облысында қажетті қызмет көрсететін орындар көп. Ондай орталықтар тіршілігі қайнап жатқан қаланың ішінде жүздеп саналады. Ал олардың көрсететін қызмет ақылары туралы анықтау аса қиын емес, оны интернет арқылы біліп алуға болады. Ғаламторда қай-қайсының да көрсететін қызмет түрлері мен қызмет ақылары туралы деректер жарнамаланып, жазулы тұр. Қажет нәрсені онда көрсетілген байланыс телефондары арқылы да тәптіштеп анықтап алуға мүмкіндік мол.

Р. ҚАЛТАЙ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button