Керек кеңестер

Дастарханда ет тағамы мол болсын

Жаңа жылды жұрттың дастарханды барынша жайнатып қойып күтетіні мәлім. «Отбасылық мереке» деп жыл ауысатын уақытта өз үйінде, бала-шағасының ортасында қарсы алуға тырысады.

Осыған орай дастархан мәзірінің қандай болуы тиістігін айтып, кеңес беріп жататындар да баршылық. Біз солардың біреуіне көз жүгіртіп көріп едік. Онда төмендегідей жайлар айтылыпты.

Барыс негізінен жыртқыш аң болғандықтан ол етті жақсы көреді. Сондықтан Жаңа жыл дастарханында қойдың, күрке тауықтың, тауық пен үйректің етінен жасалған тағамдардың болғаны жақсы. Негізі етті өз алдына пісіріп, турап қойған дұрыс. Оны асуға да, қуыруға да, буға пісіруге де, отқа қақтауға да болады. Сондай-ақ етті басқа тағамдармен бірге пісіруге де рұқсат.

Дегенмен, бұл ақыл-кеңес берушілер үстелге сиыр етін, балықты, «холодецті», сондай-ақ газдалған сусындарды жолатпай-ақ қойыңыздар дейді. Жыл иесі жаратпайды-мыс.

Жалпы, бұл күні дастарханға қойылатын тағамдар өте сапалы болғаны, олар үстел үстінде көз тартардай тәртіппен орналастырылғаны жөн. Өйткені Барыс әдемілікті, мүлтіксіз шеберлікті ұнатады.

Дастарханда балғын күйдегі, сондай-ақ пісірілген, бұқтырылған көкөніс, жемістердің де тұрғаны жақсы. Олар негізінен сарғыш, қызғылт-сары түсті болғаны дұрыс. Ал пісірілген кейбір тағамға тиісті түс беру үшін оған куркума немесе шафран қосқан жөн.

Дастарханда түрлі салаттар тұрсын. Барыс табиғи заттарды ұнатады, сондықтан сусындардың, морс, нәрсулардың да табиғи болуына мән беру керек. Олар қолдан жасалғаны жөн. Олардың түсі де сары, қызғылт болғаны дұрыс.

Ал үстелге жайылған дастархан түсі барыспен реңдес болып, шет жақтарына немесе әр жеріне алтын түстес жолақтар жүргізілген болса, тіптен жақсы. Барыс мұны ұнатады дейді.

…Жалпы, кім де болса Жаңа жыл дастарханын хал-қадерінше жайнатып қоюға тырысады. Расын айтқанда оған «ананы қоюға болмайды», «мынаны қоюға болмайды» дегендей тыйым аз. Тапқаныңызды қойыңыз. Құдайдан елдің амандығын, ас-ауқаттың молдығын, тірліктің игілігін тілеңіз. Тілек көп қой, қаншасын тізсеңіз де артықтық етпейді. Құдай тілеулеріңізді берсін!

Р. ҚЫДЫР.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button