Керек кеңестер

Балмұздақ жасау қиын емес

Жаздың көпшілік жақсы көретін дәмінің бірі – балмұздақ. Оны балалар ғана емес, үлкендер де сүйсініп жейді. Өйткені күн күйіп тұрғанда мұзды кәмпит салқындатып қана қоймайды, ағзаңызды витаминмен де толықтырады. Сүттен дайындалған балмұздақта А, В, Д, Е, ал жеміс-жидектен жасалған балмұздақта С витаминдері мол болады. Ал оны үй жағдайында жасау тіпті де оңай.

Балмұздақ жасау үшін 500 грамм қаймақ, мүмкін болса қолдың қою қаймағы болса жақсы, кілегей, 100 грамм қант пудрасы, ванилин немесе ваниль таяқшасы керек.

Енді 50 грамм қант пудрасын қаймақпен араластырып, миксерлеп аласыз, сосын кілегейді жақсылап былғайсыз. Ол үлкейіп, көбік тәріздес болады. Оған қалған 50 грамм қант ұнтағын қосасыз да, қаймақ пен ванилинді араластырып, бәрін былғай отырып тоңазытқышқа саласыз. Мұздап, қатып қалғанда балмұздақ та дайын дей беріңіз.

Жаз мезгілінде әлем бойынша әрбір үш секунд сайын бір балмұздақ сатылады екен. АҚШ-та жыл сайын әрбір азамат орташа есеппен 20 келі балмұздақ сатып алады деген дерек бар. Ал алғашқы балмұздақ осыдан 5 мың жыл бұрын пайда болған.

Жеміс-жидек шырынының дәмі бар балмұздақ жасау үшін жоғарыдағы қоспаға өзіңіз таңдаған дәмдеуіш ұнтағын немесе шырынды қосасыз. Қалған ереже сол қалпы сақталады.

Негізі балмұздақ өндірісінде де дайындау технологиясы осындай. Тек тиісті қоспалар араластырғаннан кейін арнаулы ыдыста 63-70 градус температураға дейін қыздырылып, зияны жойылады. Қоспа қос дискілі қабаттан сүзіледі. Қоюлығы біркелкі болуы үшін қоспа гомогенизатор арқылы арнайы қысымнан өткізіледі. Одан кейін салқындатылады.

Дайын балмұздақтың сапасын тексеру үшін 12-18 сағат сақталады. Сыртын вафли немесе шоколадпен қабаттау осыдан кейін жасалып, тағы да 10 минут тоңазытқышта сақталады.

Г. ӘШІРБЕКОВА.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button