Керек кеңестер

Әрдайым жымиып жүріңіз

Физиологтардың тұжырымынша, адам өзін неғұрлым жақсы сезінуі үшін онда эндорфин, серотонин, дофамин гармондары жеткілікті болуы керек екен.

Серотонин депрессияны жояды, ақыл-ойды ұштайды, ішкі ағза мүшелерінің жұмысын жақсартады. Дегенмен оның жұмысы мығым болуы үшін дофаминмен (ләззат гармоны) және босаңсуға жауапты гармондармен әрекеттесуі шарт. Осылардың бірінің ғана жетіспеуі адамның өзін жайсыз сезінуге әсер етеді. Ал олар жеткілікті болуы үшін жұмыртқа, майсыз ірімшік, құс етін жеп тұру керек. (Бұл серотонин үшін).

С витамині мол жеміс, көкөністер ағзаны дофаминмен қамтамасыз етеді. Гармондар жұмыртқа, қою жасыл түсті көкөністер, пісте, жаңғақ, картоп, банан жегенде көбейеді. Бақытты тек гармондар ғана емес, жақсы көңіл-күй, жағымды көзқарас, стрестің, үрей мен қайғының жоқтығы, психологиялық және физиологиялық жақсы ахуал да сезіндіреді.

Сондықтан адам өзін бақытты сезінуі үшін дұрыс тамақтанып, жоғарыда аталғандардан бөлек, мынадай жайларды да өмірлік қағидаға айналдырғаны жақсы:

* Өзіңізді өзгелермен салыстырмаңыз, көре алмаушылықтан аулақ болыңыз. Өзіңізде барды қанағат тұтыңыз, қажеттіге ұмтылыңыз. Өзгенің жетістігі сізді тек ынталандырып, алға ұмтылдыруы қажет. Әсіресе көре алмаушылық, іштарлық – бақыттың қас жауы.

* Жеткен жерде тоқтап қалмаңыз, алға жаңа мақсат қойып ұмтылып отырыңыз. Мақсат күн тәртібіндегі ұсақ-түйектен бастап, үй салу, шетелге саяхат жасау сияқты үлкен мәселелерге дейін қамтылсын. Әйтеуір мақсатсыз тірлік істемеңіз.

* Ешқашан өткенге өкінбеңіз. Ол өтті, кетті, болды. Қазіргімен өмір сүріңіз, ертеңгі күн үшін жұмыс істеңіз.

* Шешімді өзіңіз қабылдап, жауапкершілігін өзіңіз алыңыз. Өзгенің кеңесін алуға болады, бірақ өзіңізге қажеттісін ғана.

* Жұмыс, ақша деп сүрліге бермей, дұрыс тыныға, демала біліңіз. Жан мен тәнге аса қажет кезде түк бітірмейтін жалқаулық та дұрыс демалыс боларын біліңіз.

* Өкпе-ренішті кешіре, ұмыта біліңіз. Әйтпесе ол бірінші кезекте өзіңізді улайды.

* Дене жаттығуларын жасаңыз, серуендеңіз, шынығыңыз, спортпен айналысыңыз. Мұндайда миға оттегі көп барады, ағзада серотонин, дофамин жақсы түзіледі, олар көңіл-күйді кемінде төрт сағатқа көтереді.

* Денсаулығыңызға қамқор болыңыз. Кез келген сырқат ол – нашар көңіл-күй, қуаттың әлсіреуі, сондықтан алдын алған жөн.

* Дұрыс тамақтаныңыз. Фастфуд секілді зиянды тағамдардан бойды аулақ салыңыз. Дәмді, пайдалы, шектен асырмай ішкен тамақтың денсаулыққа өте пайдалы екені есіңізде болсын.

* Үнемі жымиып, күліп жүріңіз. Ол бұлшық ет тырысуын жойып, мидың жақсы көңіл-күйге жауапты бөлігінің жұмысын жақсартады.

* Төңірегіңізде тек қана жақсы адамдар, жарқын істер, жарқын көріністер болсын. Ішкі жан-дүние тыныш, өмірге разы болуы керек. Әрбір күнге, өзіңіздің дене мүшелеріңіздің түгел болғанына қуаныңыз, рухыңыз, сеніміңіз таза болсын. Бақытты сезіне біліңіз, сонда ол сізбен үнемі бірге болады.

М. СЕМБЕК.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button