Желідегі жазбалар

Тектілік пен жағымпаздық

Бүгінде жұрт тектілік деген сөзді жиі қолданады. Тектілік – адам мінез-құлқының жоғары парасаттылық деңгейде қалыптасуы емес пе?

Әдетте мол өнімді дақыл өсіру үшін оның селекцияланған тұқымдарын іздейсің, етті, не сүтті мал тұқымын өсіргің келсе, қораңды асыл тұқымды ірі қараға толтырасың. Тектілік те сондай – жоғары сұрыпты адами қасиет.

Қазақ ұғымында текті деп генетикалық жолмен ата-бабасынан дарыған немесе өзін-өзі тәрбиелеу арқылы адамдықтың биік мәртебесіне жеткен тұлғаларға қатысты айтылады. Алайда бүгінгі таңда «текті» сөзі орынды-орынсыз жиі қолданылатын болып жүр. Тектілік ең алдымен иманнан көрінеді. Оны ең алдымен жүріс-тұрысынан, мінез-құлқынан, сөз саптауынан, адамдарға құрметінен, қанағатшылдығынан, айналасына қамқорлығынан бірден байқайсың. Тектілік өзі бірден көрініп тұрады.

Мысалы, хан Абылай жас күнінде Сабалақ атанып, Төле бидің түйесін бағып жүргенде бәйбішесі Төле биге байқағандарын айтатыны бар ғой: «Әй, осы бала басқадан ерекшелеу, отырғанда өзгелер сияқты топыраққа отыра кетпейді, үстіндегі сырт киімін шешіп, бүктеп астына төсеп отырады, сөзге де орынсыз араласпайды, тамақ берсең ашқарақтанып бас салмайды, қолын жуып, әдеппен шақтап ішеді. Ұйықтағанда да, бүрісіп жатпай кеудесін ашып, екі қолын екі жаққа созып тастап, мына дүниенің бәрі менікі дегендей ерекше ұйықтайды» деп.

Шынымен тектіліктің бойына адалдық, ынсапқорлық, қанағатшылдық, әдептілік, тазалық қасиеттер қатар сіңірілген, сондықтан жоғары бағаланған. «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» дейтіні де сондықтан.

Тектіліктің ұнамды болуы – текті адам өзін-өзі ұстаудың ерекше қалыптасқан жүйесі мен тәртібіне ие. Ол өсек, өтірік айтпайды. Ұрлық істемейді. Сөз тасымайды. Пара алмайды. Айтатын болса тек турасын айтады. Ең бастысы – текті адам ешкімге жағымпазданбайды! Жағымпаздық лакмус қағазы сияқты. Оны жасырып қалу мүмкін емес. Талай қадір тұтқан ағаларымыздың жағымпаздық пендешіліктерін көргенде тектіліктен мүлде ада жан екендігін көріп «әттеген-айлап» қарнымыз ашқан. Мұндайларды көресің, көресің де жиренесің.

Тектілік тек байларға дариды, кедейлерге дарымайды деген ұғым түбірімен қате. Керісінше, кедейлердің арасында текті, иманды адамдар көп. Ал өмірдің үлкен шындығы – қазіргі қоғамда билікке жағымпаз тобырдың арасында бірде-бір текті адам жоқ. Өйткені тектілер ешқашан жағымпаз болмайды. Биліктегілердің арасында да бәрін қосып алғанда бүгінгі таңда ындыны жарыған, текті адам барлығына зор күмәнмен қараймын. «Арлан бөрі қанша аш болса да иттен қалғанды иіскемейді» деуші еді…

Қазақ жұртында текті деп Дінмұхамед Қонаев, Тоқтар Әубәкіров сияқты өзінің азаматтығын жоймаған тұлғаларды айтуға болар еді деп ойлаймын. Сіздер бұл қатарға тағы кімді қосар едіңіздер?

P.S. Пост жарияланған соң бір тәуліктен кейін бұл қатарға оқырмандарым ұсынған Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Төрегелді Шарманов, Мекемтас Мырзахметов, Мұрат Әуезов, Ғалымжан Жақиянов, Алтынбек Сәрсенбаев, Мұхтар Жәкішев, Димаш Құдайберген сияқты тұлғаларды қостық.

Марат БӘЙДІЛДАҰЛЫ-ның Фейсбуктағы парақшасынан.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button