Желідегі жазбалар

«Шаңырақ» үшін шайқас қалай болған?

Тұрғындардың наразылығын ескермей, ауылды тып-типыл етіп бұзып, сырып тастау бұған дейін «Бақай» ауылында 2006 жылдың 7-ші шілдесінде орын алды.

Бұл оқиға «Шаңырақ» тұрғындарын дүр сілкіндірді. Себебі өз ауылдарын да, яғни «Шаңырақты» да бірнеше күннен бері қоршауға алып, қаптап жүрген полиция қызметкерлерінің саны расында кісі шошырлық еді.

«Бақайдағы» оқиғадан соң «Шаңырақтың» тұрғындары қорғанысқа әбден дайындала бастады. Мен «Шаңыраққа» 8, 9, 10, 11 күндері бардым. Адамдардың өзара баррикадалар салып алып, жанғыш қоспасы бар бөтелкелер, таяқшалар, тастар дайындап жатқанын өз көзіммен көрдім. «Шаңыраққа» қиралып-сүрілген «Бақай» тұрғындары да келе бастады.

Мұның бәрін билік білмеді емес, білді. Мен де өз мақалаларымда «Шаңырақта» адамдар қамданып, қарсы әрекетке дайындалып жатыр, бұл қантөгіске әкеп соғады деп талай ескерттім де…

Ауыл тұрғындары ауылдың бұзу күнін біліп те алғанын айта бастады. 14 шілде күні таңғы сағат 03-те «Шаңыраққа» өрт сөндірушілер легі келе бастады. Бірақ оларды тұрғындар таспен қуып шықты.

Сонымен «Шаңыраққа» ең алғашқы шабуыл шамамен таңғы сағат 05-те басталды. СОБР ротасы ауыл адамдарының қарсылығын еш елемей, шеп жасап тұрған ауыл тұрғындарының арасына лап беріп, бұза кіріп, «Шаңырақ-1» орталығына баруға ұмтылды. Қырғын басталып кетті. Лезде қиқу-шиқу, ұрып-соғу, тас ату, бөтелке ату басталып кетті. Зарлаған ана, жылаған бала… ауыл азан-қазан болды да кетті.

Бір кезде жергілікті тұрғындар полиция қызметкері, рота командирін қолға түсіргендерін айтып, полициядан шабуылды тоқтатуын сұрады. Тұрғындар шабуылдың келесі бір жаңа әрекеттерін тоқтатуды талап етті. Бірақ билік басында полиция қызметкерін ауыл тұрғындарының «қолымызда кепілге полиция қызметкері бар» дегеніне сенбеді.

Содан СОБР сапқа тұра бастады. Тұрғанда ғана рота командирінің жоқ екені анықталды. Қоғам қайраткерлері Маржан Асфандиярова, Сәлім Оразалиевтер жүргізген келіссөздерден кейін тұрғындар ол полицейді биліктің «енді шабуыл болмайды» деген уәдесіне сеніп босатты. Бірақ билік өкілдері сөзінде тұрмады.

Таңертеңгі сағат 8-9-дарда оқиға орнына қаланың барлық полиция гарнизоны тартылды, шағын ауыл айнала қоршалды. Тұрғындар полициядан қорғанып, екі араға жанғыш қоспасы бар сынған бөтелкелер қойып, кейбір жерлерге бензин жаға бастады.

Екінші шабуыл таңғы 9-да басталды. Бұл шабуылда полицейлер көптеген арнайы техника, суатқыштар, жарық шуылымен гранаталары қолданды. Полиция шабуыл әдісін өзгертті. Бір уақытта лап беріп, енді бір шетінен ғана емес, бірнеше жағынан шабуыл жасады. Билік мақсатына жетті. Полицейлер ауыл ішіне тап берді.

Енді ауыл тұрғындары өз-өздері топ-топ боп, топтасып тұра қалды. Негізінен олардың дені жастар болды, бірақ арасында әйелдер мен тіпті жасөспірімдердің де барын байқадым. Тұрғындар енді өрт сөндіру көлігін өртеп, полиция көлігін қирата бастады. Көптеген полиция қызметкері жарақат алды, тұрғындардан да жарақат алғандар жетіп жатты. Адамдарға резеңке оқ атылып, резеңке шоқпармен соққы жасалып, жарық шу гранатасымен және көзден жас ағызатын газ қолдана бастады.

Бөтелке лақтырып, таспен атқылап, өздеріне қарсы атылған ауыл тұрғындарынан бір кезде полиция күші сасып қалды, көптеген полицей каскасын, қалқанын, резеңке шоқпарларын тастап, қаша бастады. Тұрғындар осының бәрін алып, өздері қаруланды. Сөйтіп жергілікті халық жабыла жүріп, үш полицейді қолдарына түсірді.

Үшінші шабуыл шамамен сағат 11-ге таман басталды. Осы қақтығыста полиция қызметкері Әсет Бейсеновтің өртке оранғаны анықталды. Бірақ тұрғындардың қарсы шабуылды тоқтата сала, қып-қызыл өртке оранған қызметкерді қауғалап, өртті сөндіруге бірінші ұмтылып, барынша аман алып қалуға тырысып-баққанын жоққа шығаруға болмайды.

Осы арада тағы бір атап, айтып өтетін жағдай: Осы 14 шілдеде сағат 12-13-терде «Шаңыраққа» көрші шағын аудандардан 5 мыңнан астам адам жиналған. Олар қалаға аттануға дайын болды. Жолдағы осы топқа тағы да ондаған мың адам қосылатын еді, егер Арон оларды тоқтатып: «Басты мақсат – үйлерді қиратудан қорғау және қаланы қиратпау!» – деп халықты баспаса…

Билік қоршауды тек кешкі сағат 18-19-дарда ғана алып тастады. Қоршау алынған соң ғана барып, тұрғындар соңғы полицейді босатты.

Бұл оқиғаға жауапкершілікті билік тек Арон Атабекке жүктеп, соның мойнына ғана ілген себебі – Арон бұған дейін де Алматының шетіндегі «Әйгерім», «Бақай», «Ұлжан» шағын аудандарында тұратын азаматтар мен қаладағы жатақханадан қуылған адамдардың құқығын қорғайтын қозғалыс ашып, белсенді күресіп жүргені бар және оның билікпен күресі бұған дейінде 86-дан басталып, тоқтаусыз 20 жылға созылғаны бар және Аронды қамаудың ең қолайлы сәті осы екенін, енді жіберіп алса, онсыз да халықтың арасында беделі жоғары Аронды тұсаулай алмай қалатынын біліп, дереу әрекетке көшіп, соның мойнына іліп жіберді. Бірақ Аронға қарсы қылмыстық істе «қасақана кісі өлтіру» айыбы тағылған жоқ.

Осы оқиғалардан кейін бір ай ішінде жүзге жуық адам қамауға алынды, 24 адам әртүрлі мерзімге сотталды. Сот процесі 8 айға созылды, 66 сот отырысы өтті, 137 адамнан жауап алынды. Нәтижесінде Алматы қалалық соты 2006 жылдың жазында «Шаңырақ» шағын ауданындағы жаппай тәртіпсіздік пен полицейді қасақана өлтіру туралы қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Сот – Арон Едігеевті (Атабекті) ОСЫ ТӘРТІПСІЗДІКТЕРДІ ҰЙЫМДАСТЫРУҒА КІНӘЛІ ДЕП ТАУЫП, оны 18 жылға бас бостандығынан айырды. Ал полиция қызметкерін өлтіргені үшін кінәлі деп танылған Құрманғазы Өтегеновті 16 жылға бас бостандығынан айырды.

Жаппай тәртіпсіздікке қатысқан қалғандар әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Атап айтқанда, тағы екі ер адам 14 және 15 жылға бас бостандығынан айырылды, екі әйел 1 жылға шартты түрде сотталды, қалғандары 3 жылға шартты түрде сотталды.

P.S. Осы оқиғаның басы-қасында болған бүгінде Ресейде тұратын оппозиция өкілі Айнұр Құрмановтың естелігінен алып, қазақшаға аударып салдым.

Ася АСЕТКИНА.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button