Желідегі жазбалар

Қазақта ата-ананың аяғынан сүю деген салт жоқ

Қазақта аяқ сүйдіргенді қойып, дұшпанның өзін аяғына жығылтпаған. Дұшпанын да қорламаған қазақпыз.

Мысалы, қыз алып қашқан адам қыздың ата-анасына барып аяғына жығылып кешірім сұрау деген салт бар. Оның өзінде белін иіп қана аз-кем тұрады, ешқандай аяғына жабысып жата кетпейді, аяғына жығылды деген аты ғана.

Қазақ салтының қайнаған ортасынан, көшпенді өмірден шыққан баламыз. Жат секталардың қоқсығы біздің ұлтқа кіріп жатқан соң үн қатпасыма болмады.

Осы кездері тым опалы болып көрінгісі келе ме, ата-ананың аяғынан сүю немесе сап-сау адамның аяғын жуып беріп ерекше болғысы келіп жұртқа өздерін жарнамалап жатады.

Қазақтың ата-анасы баласына өз аяғын жудырып қоймаған. Баласының еңсесін тік ұстап, баласын өз аяғына иілтіп қоймаған, мүлдем халі болмай қалған кезде ұрпағы өздігінен жуып берген. Тіпті өлім алдында тұрған асыл қариялар өлер алдында бой жасап аз уақыт сергіген орайды пайдаланып өз дәретін өзі алып ұрпаққа ұятты болмайын деп тазаланып кеткен.

Сіз ата-ана болдыңыз делік, әдемі, ибалы қыз өсірдіңіз. Кімге келін болса да қартайған, бірақ дені сау, өз аяғын өзі жуа алатын қайын атасының аяғын жуып отырғанын мүлдем қаламас едіңіз. Қазақта мұндай дүние жоқ. Қазақ баласын қызметшісі ретінде емес, ең сенімді досы ретінде ақылдасып, бірге шешім қабылдап өсірген. Еңсесі көтерілмей, соры қайнайтын халық қана жаттың ерсі әдеттерін ізгілік деп үйренеді. Одан аулақ болуымыз керек.

Сіз де нағыз текті ата-ана болсаңыз келін түгіл, өз балаңызға аяғыңызды жудырып қоймас едіңіз. Мүлдем халыңыз кетсе амал жоқ.

Бұл діни секталардың таратып жүрген, келін мен ұлдың еңсесін түсіру, бір ұлтты құлдыққа жақындату үшін таратылған ізгіліктің әсіре түрі.

Алла берген асыл ұрпақты бағып-қағуға ата-ана міндетті. Бірақ оны қарыз санап, ата-ананың әсіре қылықтарға баруы ыңғайсыз. Қазақта ата-ана болған адам келіні жылы су дайындап берсе, соны мақтан тұтқан, қолым жылы суға тиді деп. Қазақта ата-ана болған адам аяғын жуып ерсілікке баруды басыма бермесін деп, Құдайдан аман-сау өз аяқ-қолымды өзім жуып, балаларыма қиындық түсірмей, еңсесін бүктірмей дүниеден өтсем екен деп тілек тілеген.

Діни секталардың бір түріне уланған ит ұлдар біреудің келін болып түскен қызына иттік жасап, опалы көрінгісі келіп ата-анасының аяғын жудыртып, күңдікке салып қоятын иттігіне қаным қайнайды.

Көкбөрі МҮБАРАК.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button