Желідегі жазбалар

Мұғалімнің оқушыны ұрғаны дұрыс па?

Мұғалімнің оқушыны нұқып жібергені немесе кітаппен басынан салып қалғаны дұрыс па?

Біздің оқушы кезімізде бұл қалыпты жағдай еді ғой. Әсіресе, мұғалімнің қолындағы бормен жіберіп ұруы, ортаңғы саусағын бүгіп тұрып, төбеңнен нұқып қалуы, шапалақпен тартып жіберу, шымшып алу – сабақ оқымайтындарға қолданылып жататын.

Өз басым кіші сыныптарда сабақты жақсы оқитын, тәртіпті бала болдым. Мұғалімдер дәптерімді алып, өзгелерге парақтап үлгі ретінде көрсететіні есімде.

Ұру демекші. Гүлжан Елгезекова деген сынып жетекшіміз болды. Әкесі Дүнгенбай деген кісі де мұғалім. Әулетімен мектепте істейтін кісілер еді. Гүлжан тәтей оқушыларды қатты ұратын. Бірде сыныпта (2-3-сыныпта оқимыз) Гүлмира деген қыздың шашынан ұстап, тақтаға бір-ақ соқты. Ананың мұрнынан қан сау етті. Бар, жуып кел деп сыртқа шығарып жіберді. Ата-анасы келіп, мектепте шу шығарғанын естімедім. Мұғалім ұрса, ұрысса – ол сыныптың ішінде қалатын. Үйге айтып бармайтынбыз.

Бір күні сол тәтейіміз мені далаға шығып, шыбық сындырып әкел деп жұмсады. Біз жақта сөгеті ағаш дейді, оңтүстікте сәмбі тал дейді. Соның солқылдаған жақсысынан әкел деді. Сыныптағы сабақ оқымайтын бұзақылар маған жұдырығын түйді. Екі оттың ортасында қалсам да, барып алып келдім. Сол күні сабақ оқымай келген ұлын да, қызын да сабады-ау.

Сол Гүлжан тәтейімізді жақында көрдім. Алматыдағы «Жасқанат» деген шағынаудандағы мектепте сабақ береді екен. Сол бір кезеңдерді айтып, күліп алдық.

Қазір осы көріністі елестету қиын. Сотталып кетесің. Астанада бір мұғалім оқушыға қолындағы кітапты лақтырғаны үшін жұмыстан статьямен шығарылыпты. Директор өз қамын ойлап, жиналысқа да салмай жұмыстан босата салған көрінеді. Ал енді бүгін ата-аналар мен оқушылар 28 жыл еңбек өтілі бар ұстазды жұмысқа қайтадан алыңдар деп дау көтеріп жатыр екен. Осы жаңалықты оқығанда, жоғарыдағы оқиғалар есіме түсті. Совет заманында оқушы мен мұғалім арасында қарым-қатынас басқа еді.

Мұғалімнен таяқ жеп көріп пе едіңіз?

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button