Желідегі жазбалар

Жұмыс берушілер қазақты неге сыйламайды?

Қытайлық қандастың әңгімесі

– Үлкен бір қытайлық компанияның басшысының тілмашы (аудармашысы) ретінде Қазакстанға келдім. Мұнда жұмыс істейтін жергілікті ағайындар көп екен. Бірақ олардың бәрі дерлік қара жұмыстарда төменгі жалақымен жұмыс істейді екен. Келе-келе мен басшылардың жергілікті ұлт өкілдеріне, яғни қазақ бауырларыма өте дөрекілік танытатындарын аңғардым. Оларға аз жалақы төлейтіндеріне қарамастан артық уақыт жұмыс істеуге және ауыр жүмыстары атқаруға мәжбүрлейді екен. Онымен қоймай айқайлап, ұрысып сөйлеп, өз тілдерінде балағаттап жатады. Оқыған, сауатты үлкен басшының қарым-қатынасы да сондай. Көлікте келе жатқанда да менің көзімше жүргізушіге болмашы нәрселер үшін зекіп сөйлеп, дөрекілік көрсетіп отырады. Менің қолымнан келер қайран жоқ, тек іштей қынжылып отырамын. Егер оған сәл ғана наразылығымды білдірсем ол сол күні-ақ мені Қытайға қайтарып жіберетінін білемін. Одан кейін менің ол елде қайтып жұмыс тауып істеуім қиын болып қалады. Осылай іштен тынып жүре бердім амалсыз.

Бір күні көлікте жүргізушімен үшеуіміз ғана келе жатқанымызда бастығым маған бұрылып бір қарады да, кенеттен әңгіме бастады.

«Сен біздің бұл елдің халқын неге төмен санап, жек көретінімізді білесің бе?» – деді.

Мен: – Білмеймін, – деп жәй ғана жауап бердім. Ол ары қарай сөзін жалғастып сөйлеп кетті.

«Мен көп елдерде жұмыс істедім. Соның ішінде араб елдерінде де жұмыс атқардым. Ол елде жергілікті тұрғындар бізде жұмыс істемейді. Есесіне біздің әрбір жұмыс орынымызда олардың бір-бір адамы бақылаушы есебінде тіркеліп тұрады. Біздің барлық атқарған жұмыстарымыз сол адамның қол қоюынсыз бекітілмейді. Ал ол адам еш уақытта келіп, бізбен бірге жұмыста отырмайды. Оған телефон соғып хабарласа алмаймыз. Олар ешқашан бізден пара алмайды. Орындалған жұмыстарға қол қойдыру үшін біздер ол адамның жолын тосамыз, соңынан қалмаймыз. Мейрамханаға немесе қонақүйге тоқтайтын кездерін күтеміз. Сөйтіп шығып келе жатқан уақытын тосып, тоқтаса қол қойдырып аламыз. Кейде бізге қайырылмай көлігіне отырып кетіп қалып, қаладан ондаған шақырым жердегі тұрақ жайларына дейін соңынан еріп баратын кездеріміз көп болатын. Сонда барып тоқтап, көлігінен түсіп үйіне кіргенше қолын қойдырып алуға үлгеруге тырысатынбыз. Сол үшін біз олардың елін де, халқын да, ұлтын да сыйлауға мәжбүр болдық.

Ал мұнда бәрі басқаша. Ең алдымен үлкен басшылары осында келісімізбен біздің барлық жағдайымызды жасауға уәде беріп, үлкен мөлшерде пара алады. Ал одан кейінгі басшылары өздері осында келіп, ешқандай мағлұматтардың нақтылығын анықтамастан біздің қағаздарымызға қол қойып, парасын алып кетеді. Біздегі жұмыс істеп жатқан адамдарының жағдайы ешқайсысын қызықтырмайды да, ол жайында сұрамайды да. Ал халқы өз жерінде тұрып, өз байлығын өндіріп отырып осындай төмендетушілікке, кемсітушілікке мойынұсынып тіршілік етеді. Сондықтан біздер олармен тек осындай ғана қарым-қатынаста боламыз.

Мен сенің ұлтың үшін күйініп, жаның ауырып, қынжылатыныңды білемін. Бірақ біз бұндай елді, бұндай ұлтты сыйлай да, құрметтей алмаймыз. Басқалар да солай жасар еді. Сондықтан сен қолыңнан келсе оларға осыны түсіндіріп көр», – деді.

Мен сонда ғана бұл елдің қандай ауыр халде екенін түсінгендей болдым. Біздер сыртта жүріп, айдаһардың аузының алдында өмір сүріп отырып бұндай төмен халде емеспіз. Сіздер сол айдаһардың өңешінде, ары қарай жұтылып кететіндей жағдайда түр екенсіздер. Ертерек естеріңізді жиыңыздар.

Біз Сіздер үшін уайымдаймыз, алаңдаймыз.

Жәлел ҚҰТЖАН.
25.08.2018-жыл.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button