Желідегі жазбалар

Әйелін ұрып өлтірді

Қалай? Қалай?! Қалай өз әйелін ұрып өлтіруге болады? Кеше ғана бетіне тіке қарауға именіп, сөз салып, ғашық болған сүйгені емес пе? Бұлар да жас болып қосылып, болашақты бірге армандады емес пе деееп баяғыда журналистиканы жаңа бастағанда бір әйелге қатты жаным ашып ойлап ем. Содан бері қанша жыл өтсе де санасыз еркек те, заң да өзгерген жоқ!

Түркістан облысы, Ордабасы ауданында 43 жастағы еркек 37 жастағы әйелін балалардың көзінше өлімші етіп сабап, қатігездікпен ұрып өлтірді. Байқұс балалар шырылда-ап полицияға 4 рет хабарласқан. Соңғы рет келгенде бәрі де кеш еді…

Қанға бөккен анасын құшақтап, кәмелет жасқа толмаған 4 бала отырды.

Байқұс әйелдің бүкіл тісі қағылған, езілмеген ішкі органы қалмапты. Күйеуі үстіне шығып секірген.

Ең соңында қылмысын жасырайын деді ме, өлі әйелінің аузына коньяк құйған қазір қатыгез күйеу қамауда.

4 баланы екі жақтың үлкендері 2-ге бөліп бақпақшы. Енді оларға қанша қамқорлық көрсетсең де анасы қайтпайды. Туған әкесінен таяқ жеп, көз алдарында үзілген шешесінің бейнесін жүректерінен кім жазады???

Полиция «Бұл отбасы жайлы осыған дейін ешқандай шағым түспегенін» айтады. Отбасылық кикілжің бүгін ғана орын алды дегенге кім сенеді?

Қазір әкімдік жанында әр ауданда тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес орталығы (бөлімі) бар. Құрғақ статистиканы қаттап отырғанша, осындай әйелдермен байланыста болуы тиіс! Мектептегі психолог пен әлеуметтік педагог балалар жүрегіне неге үңілмеген?

Марқұмның туыстары әйел күйеуге тиген 17 жыл бойы таяқ жеп жүргенін айтады. Кім үшін жүрді, не үшін тиранмен өмір сүрді?

Сол баяғы ажырасты деген жаманатты болмайын, ұят деп…

Айналайын, қыздар! Күйеуіңнің тиран екенін білсеңіз ешкімнен ұялмаңыз!

Балаларға әркез ана қажет!!!

Өкінішке қарай, еліміздегі тірі жетімнің саны тағы 4 балаға көбейді.

Гүлмира ӘБІҚАЙ.

(«Фейсбуктегі» жазбасы).

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button