Желідегі жазбалар

Ескерткіш орнату еріккеннің ермегі болмауы керек

Шымкент қаласында соңғы бір айдың ішінде орнатылған ескерткіштер туралы өз пікірімді білдіру – азаматтық және кәсіпқой сәулетші ретінде тікелей борышым деп білемін.

Қырық жылдық шығармашылық өмірімде қаламызда, басқа да өңірлерде орнатылған ондаған ескерткіштердің сәулеттік жобаларын жасадым. Бағасын халық берер, дегенмен ескерткіш орнатудың өзіндік ережелері мен канондары бар. Ең бастысы – қандай ескерткіш қайда орналасуы керек, қоршаған ортаның табиғи бөлігіндей сіңісіп кете ме, соған айырықша көңіл бөлу қажет. Бұл мәселе жеке орындаушы мен әкімнің ғана шешімімен емес, көп талқысынан өтіп, арнайы комиссияның ұсынысына сәйкес қала әкімі немесе мәслихаттың шешімімен жүзеге асырылады. Орналасу орыны қаланың бас сәулетшісімен бекітілуі тиіс. Өйткені қаланың бас жоспарын тікелей қадағалаушы және өзгерістер енгізуге жауапты адам –сол.

Шымкентте жақында орнатылған ескерткіштердің осы тәртіппен орнатылғанына күмәнім бар. Өйткені қала әкімі жанындағы Сәулетшілер кеңесі жойылған. Жер комиссиясына Сәулетшілер қауымдастығының төрағасын қосу туралы әкімнің орынбасары М.Айманбетовке жазған хатымыз жауапсыз қалды. Ескерткіштерді орнату жөнінде комиссия құрылғанын естімедім. Нәтижесінде жалпы халықтың көңілінен шыға бермейтін дүниелер көбеюде. Мемлекет қайраткері Ө.Жәнібековке, Алаш көсемдеріне орнатылған ескерткіштерді құптаймын. Өте дұрыс, тарихымыз үшін де, болашағымыз үшін де. Алайда белгілі мемлекет қайраткерлеріне ескерткіш қоюдың өз ерекшеліктері болуы тиіс. Әдетте саябақтар мен гүлзарларға өнер адамдарының ескерткіштері орнатылады. Бір немесе бір жарым «натурада», тұғырсыз немесе орындықта қойып жатамыз. Ал ел басқарған тұлғалар, мемлекет қайраткерлері, қолбасшылардың мүсіндері үлкен алаңдар мен көшелердің көрнекті жерлеріне, тұғырға орнатылуы тиіс деп есептеймін. Қалай болғанда да, жобалау жұмыстары көппен, әсіресе тиісті мамандармен ақылдасып барып шешілсе дұрыс болады.

А. МАМЫРБАЕВ,

«Шымкент қалалық Сәулетшілер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

(«Фейсбуктегі» парақшасынан).

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button