Желідегі жазбалар

Дүбәрә жүйені өзгерту керек

Он бір жасар үлкен ұлымның кітап оқуға ынтасы оянып, «Менің атым Қожаны» оқып тастапты. Қуанып қалдым.

Содан енді Шерхан атамыздың «Интернат нанын» оқымақшы боп, метіркесін арқалап, Жангелдин көшесінің бойындағы жаңа форматқа сай қайта жөндеуден өткен «Отбасылық кітапханаға» бармай ма, сөйтсе: «Сен бұл микрорайонда тұрмайсың, өзіңнің тұратын жағыңдағы кітапханаға бар», – деп шығарып салыпты.

Сонда деймін-ау, өзге микрорайонның баласына кітап бермейтіндей соншалық топырлаған оқырманнан қолдары тимей ме екен? Əлде расында сондай ережелері бар ма? Егер ондай болатын болса неге сол бəз-баяғы қатып қалған қағиданы бұзып, жаңа ережелер жасамайды? Басқа микрорайон түгілі, басқа қаладан оқырман кітап іздеп келсе де тауып бермей ме? Отырардан Бағдатқа білім іздеп барған Фарабилерге ол жақтың кітапханалары қалай ғана кітап берді екен деймін де?

Планшеттің тұңғиығына батқан мына кезеңде бір баланың кітапқа деген ықыласын ояту оңай шаруа емес екенін, енді сол қиындықтармен оянған баланың ықыласын табанға таптағандарын түсіне ме екен бұлар?

Қаладағы орталықтандырылған кітапханадар жүйесіне басшы боп барған Нұрила Жұман ханым, бұған не дейсіз? Кітапханаларды жаңа форматтандырып жатқан біздің құрметті мəдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенова əпке, сіз не дейсіз? Бюджеттен жүз миллиондап ақша бөлдіріп, сыртын əрлей бергеннен түк шықпайды, егер советтік кезеңнен қалған мына дүбəрə жұмыс істеу жүйесін өзгертпесе?

Біржан БАЙТУОВ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button