Желідегі жазбалар

Біз неге сүмелекпіз?

Саясатқа араласуға қорқамын. Себебі жүйкеге ауыр. Қарапайым ғана тіл мәселесі туралы ой қозғасам, бүкіл денем, миым қызынып кетеді.

Мен тіл жанашырымын. Ана тілімді сүйемін, құрметтеймін. Ана тілімде кез келгенді шайнап тастайтындай тілдік қорым да, сауатым да бар. Кезегенге безеймін. Алайда… өз ана тілін қор санайтын, намыстанатын қаракөздеріміз – қасіретіміз…

Өз елімде ана тілімде құқығымды қорғай алмайтыным мені бейшара етеді…

Құқығымды қорғау үшін бас сұққан мекемелерге қазақ тілінде сөйлесем, қыстырмайды, ықпайды, ал ресми тілде сөйлесем, қорқақтап, бас шұлғи бастайды. Солардың бәрі кімдер? Өзіміздің қаракөздер…

Неге өз ана тілімізде сөйлеген адамды менсінбейміз? Неге орыс тілінде сөйлеген адамнан құйрығымызды бұтқа қыстырамыз? Неге? Неге сорлы болдық? Неге сүмелекпіз әлі? Неге 500 қазақ жалғыз орысқа қотыр-қисық орысшамызбен шүлдірлейміз? Өйткені бейшарамыз! Құлдық сананың құрбанымыз!

Мен Қазақстанда өзбекше, орысша, түрікше, ағылшынша, татарша сөйлеуге міндетті емеспін!

Жалпы практикада өзге тілдерді сөздік қорымды жетілдіру үшін ғана қолданамын. Бір тілді білген – бір адам, екі тілді білген – екі адам принципімен. Бұл басқа мәселе…

Биліктегілер үшін «бір бала жақсы өкінішке орай» болып, тілге құрмет тұралап жатқанда, кім бізді сыйласын?!

Ана тілі ананың сүтімен келеді. Ана тілін білмеген ұлт тарихы мен дәстүрін қай тілде оқиды? Қай ел оның тарихы мен дәстүрін дәсірелеп өзге тілде жазып береді? Өз тілін білмеген оған құрметпен қарамайды, анасын сыйламаған адам ғана ана тілін білгісі келмейді…

Ақылды тактика мен намыс ту жамылып, статусқа қоюмен дәлелденбейді.

Алтыншаш БЕК.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button