Желідегі жазбалар

Біз неге осылай ойнамаймыз?

Швейцарияның ерлігін менсіз де жазатындар көп. Мен басқа нәрсені жазғым келді. Жеңімпаздарды емес. Жеңімпаздарды менсіз де мақтайтындар жетерлік.

Франция мен Хорватия елдеріне қайтты. Жай қайта салған жоқ, бірі Швейцарияға, екіншісі Испанияға айтарлықтай қарсылық көрсетіп бақты. Жеңілгендеріне күйінбеймін (екі туып бір қалғаным деймісің), өмірдің өзі жеңілістерден тұратынын олар да жақсы білетін шығар.

Футболды осылай ойнау керек. Хорваттар мен швейцариялықтардың жанталасқан қимылын көріп, өз тепкен добына өздері жете алмай, алқынып қалатын «жәдігерлеріміз» есіме түсті. Біз неге осылай ойнамаймыз? Олардан қай жеріміз кем? Оларда бар екі қол біздікілерде де бар. Оларда бар аяқ… Бізде де бар. Неге солар секілді жанталасып, өліспей берілмейміз? Құлап жатса да қайта орнынан тұруға ұмтылып, допқа қарай тырмысып жатқан футболшыларды көргенде еріксіз сүйсінесің. Азамат деп риза боласың.

Әрине, футболдан әлем немесе Еуропа чемпионы атануды армандамаймыз, олай армандауға да ұяламыз. Тым құрығанда мына хорваттар секілді болуға неге тырыспаймыз? Жұмысың доп тебу болғаннан кейін, соған бола миллион теңгені алып жатқаннан кейін, футболшыларымыз азанды-кеш дайындалып, неге өсуге әрекет жасамайды?

Месси туылғаннан допты иіріп әкеткен жоқ. Роналду да туыла салып топырлатып гол соққан жоқ. Бойындағы шеберлікті барынша дамытты, өздерін өздері алға сүйреді, тынбай тер төкті, биікке жетуге ұмтылды. «Жетістіктің бір пайызы ғана талант, 99 пайызы еңбектен тұрады» демей ме? Ал біздің футболшылар жарқ етіп шығады да, бір-екі жылдан соң жоқ боп кетеді.

2007 жылы футболшыларымыз Бельгиямен 2:2 есебімен тең ойнады. Сол кезде әйгілі Маруан Феллайни, Венсан Компани, Томас Вермален, Мұса Дембеле, Ян Вертонген секілді футболшылар да алаңда болды, бірақ анау айтқан жарқырамады, жас еді. Арада жылдар өтті, біздікілер сол күйі өспеді. Ал жаңағы аты аталғандар қандай биікке көтеріліп, әлемді мойындатты! Тіпті әлі күнге дейін жоғары деңгейде доп теуіп жүргендері де бар. Өйткені олар тынбай жаттықты, бейнеттенді, өздерін аямады, еңбекқорлықтың арқасында шыңға шықты. Бізде де жақсы футболшылар бар, бірақ уақыт өте келе өз өзінен жоқ боп кетеді.

2008 жылы Жамбыл Көкеев Уэмблиде гол соқты деп мақтандық. Сол Жамбыл кейін қайда кетті? Жасы дәл биыл 32-де. Жұрттың 32 жасар футболшылары әлі атойлап жүр, ал Жамбыл осыдан 10 жыл бұрын-ақ көзден таса болды. Үш жыл алдын Мажарстанға гол соққан Еркебұлан Сейдахмет ше? Болашағынан үлкен үміт күттік. Қазір қайда жүр? Өз басым білмеймін, өзіміздің «Қайратқа» да тұрақтамай жүргенге ұқсайды. Шау тартты дейін десең, жасы 21-де ғана. Ал… сол кезде бізден ұтылған Мажарстан да едәуір өскенін кеше көзімізбен көрдік. Германияның өзімен қорықпай айқасты.

«Футболдың керегі жоқ» деп жатыр көп жанкүйерлер. Шынымды айтсам, Қазақстанда футболды мүлде тоқтата салса өкінбеймін. Бірақ биліктегілер тоқтатпайды. Футбол елімізде өткізіле береді. Футболшылармызды таяқтап немесе қорқытып болса да ойнататын қаталдық керек сияқты. Мына жүріспен анау тұрған тауға бұл ғасырда жете алмаймыз…

Мықтыбек ОРАЗТАЙҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button