Желідегі жазбалар

Бір әйелдің екі еркекпен тұрмыс құруына бола ма?

Өткен аптада психолог Серікгүл Сәлидің «Бір әйел екі күйеуге шықсын» деген бір ауыз сөзі әлеуметтік желілер мен әртүрлі сайттарды шулатып жіберді.

Бұл сөзді ол Нартай Аралбайұлының «Ютуб» каналындағы «Қазақтың еркектері тоқал алуы керек пе, жоқ па?» деген тақырыпты қозғаған подкастында айтқан болатын. Бір сағат жиырма жеті минутқа созылған бұл подкасты біз де тыңдап көрдік. Сөйтіп оған қатысқан  спикерлер – шымкенттік Әмір Мәуленов есімді азамат пен астаналық психолог Серікгүл Сәлидің айтқан біраз әңгімесін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Оқып көріп, кім дұрысын айтты, кімдікі бұрыс болды, оны өздеріңіз саралай жатарсыздар.

Әмір Мәуленов: «Қазақ бүкіл әлемде екі-үш әйел алуымен даралануы керек. Осыны бренд ретінде қалыптастыру керек. Себебі бұл қазақтың тарихында да, қанында да бар. Мысалы, кей адамдар біле бермейді. Ризық-несібе жеті атасында қайдан келді дегенде біреуде саудадан, біреуде ұсталықтан, біреуге басқадан келді. Сол кәсіппен айналыспаса жолы болмайды. Сол сияқты қанда бар нәрсені тұмшалау қасірет».

«Екі әйел алуды брендке айналдырамыз деуді қалай түсінуге болады?» деген журналист сауалына Әмір Мәуленов: «Қазір екінің бірі Дубайды айтады. Отыз жылдың ішінде не деген байып кетті дейді. Бірақ соның байлығы қайдан келгеніне көңіл бөлмейді негізі», – деп жауап берді. «Әйелден келді ме?» деген сұраққа: «Әйелден емес. Негізі біздің елде айтсын, айтпасын өзің де біліп отырсың, біреу некелеп алды, болмаса көңілдес етіп алды, әйтеуір ол бар. Бірақ жасырын тұр. Қазіргі қазақтарда екі-үш әйелден бар. Одан бөлек, зинақорлық тұр. Енді соны жою үшін мұны заңдастыру керек».

Нартай Аралбайұлы: «Бұл кісі бірінші зинақорлықты жою үшін дегеніне қарағанда бірнеше себептері бар шығар. Бірінші зинақорлықты жою үшін қазақтың жігіттері минимум екі әйел алу керек дейді. Серікгүл ханым, сіз қалай ойлайсыз?»

Серікгүл Сәли: «Енді мен бұған келіспеймін, әрине. Өйткені көңілдес табу, басқа жаққа бару тек қана қазақта болып жатқан нәрсе емес. Араб елдері төрт әйел алатындарын брендке айналдырып танымал болған жоқ. Олар егер  соның арқасында байып жатса, онда баяғыда Америка, Европа үш әйел, төрт әйелден алғызып, сол заңды қабылдатқызар еді. Қазіргі замандағы ең басты заңдылық не? Бұл – әйел теңдігі. Әйел мен ер тең деп саналады. Әлем осы теңдікті ұстап дамып жатыр. Әйел өз теңдігін жүз жыл бұрын алды. Енді қайтадан кері кетіп, әйелдер тең емес, сендер үшеу-төртеу болсаңдар ғана бір еркекке тең боласыңдар деген көзқарасты ұстау ескіге қарай кеткен болады. Қазір парламентке, басқару жағына неге әйелді кіргізіп жатыр? Оларды кіргізбейінше басқару, даму әрі қарай дұрыс жүрмейтінін, көп елдердің қатарына сай келмейтініміз дәлелденді ғой».

Нартай Аралбайұлы: «Сіздіңше бір еркектің екі немесе үш-төрт әйелі болуы бұл әйел құқығын таптау ма?»

Серікгүл Сәли: «Әрине».

Нартай Аралбайұлы: «Неге? Қалай?»

Серікгүл Сәли: «Өйткені әрбір әйел еркек сияқты жеке тұлға. Егер бұл жерде үшке немесе төртке бөлінсе қарым-қатынас сапалы болмайды. Бұл жерде полигамия, моногамия деген бар. Мен оны білемін психология жағынан. Сондықтан қандай мінезге тән ер адам бар, сол мінезге пара пар әйел адам да бар. Мұны қазір әлем мойындады».

Әмір Мәуленов: «Сіз бұлардың дәлелін қайдан алып отырсыз? Әйел адам бару керек, еркекпен тең тұру керек деген дәлелдерді қайдан алып отырсыз?»

Серікгүл Сәли: «Сіз әйел әкімдер бар екенін білмейсіз бе?»

Әмір Мәуленов: «Үш-төрт әйел алу әйелге еркіндік береді қайта. Бізде, қазақта қалай? Жасы жиырма бес, отызға келеді. Жағдайын жасайды. Сосын әйел іздейді. Бірінші әке-шешесінің көңілінен шығатын, одан кейін бала туатын әйел іздейді. Одан кейін үйде отыратын әйел іздейді. Бәрі емес, көпшілігі. Сонда бір әйел бір, екі, үш, төрт әйелдің рөлінде тұрады».

Серікгүл Сәли: «Тура осылай әйелдер де іздейді ғой. Отбасын асырайтын еркек іздейді, ақша табатын, тағы бір жағын қамтамасыз ететін еркек іздейді, жан-дүниесін түсінетін, рухани жағынан қолдау көрсетіп, не айтатынын түсінетін еркек іздейді. Ондай да бар ғой».

Нартай Аралбайұлы: «Екінші әйел алуды заңдастыруды неге қолдамауымыз керек? Екінші әйел боп жүргендер заңды түрде өзін әйел сезіну үшін, мынау менің күйеуім деген құжаты болу үшін Әмір мырза көп әйел алуды заңдастыру керек дейді. Ал сізде қандай довод бар? Заңды қабылдаса не өзгереді?»

Серікгүл Сәли: «Онда мынадай заңды да қабылдау керек. Әрбір әйел екі еркекке де күйеуге шыға алады деген заңды бірге қабылдасын».

Әмір Мәуленов: «Сіздің табиғатыңыз қалай ма соны?»

Серікгүл Сәли: «Менің табиғатым оны қаламайды. Мен әйелдердің психикасын солай қорғағым келіп тұр».

Әмір Мәуленов: «Екі еркекке күйеуге тигісі келетіндер бар ма?»

Серікгүл Сәли: «Әрине. Бір еркек оны қамтамасыз ете алмайды. Жан-жағынан. Материалдық тұрғыдан. Ол туып жатқанда еркектің оны асырауға шамасы да келмейді. Үйде жатады, жатыпішер жатқан. Ажырасып кетейін десе елдің сөзі бар. Сондықтан тигісі келетіндер бар шығар. Оларға да мүмкіндік беру керек.

Әмір Мәуленов: «Енді сол екі еркекке тиген әйел екеуін бірдей қамтамасыз ете ала ма?»

Серікгүл Сәли: «Мен білмеймін, заңды айттым».

Әмір Мәуленов: «Жоқ нәрсені қалай айтасыз?»

Серікгүл Сәли: «Өйткені сіздердің қабылдатқыларыңыз келіп тұрған заңдарыңыз да тура осындай жоқ нәрсе».

…Осылайша тоқал алуды заңдастыру керек пе, жоқ па деген сұрақтың айналасында екеуі тағы да қырық минуттай айтысады. Біз оның бәрін жазып жатуды жөн көрмедік. Тек жұртты шулатқан әңгіме қалай, неден шыққанын жеткізу мақсатында ғана біраз сөздерін жазып шықтық. Әлеуметтік желілерде өре түрегеліп, психологты жерден алып, жерге салып жатқандар сұхбатты бастан-аяқ тыңдамағандар болса керек. Себебі бастан-аяқ қарап шыққан адам бұл сұхбаттан ештеңе өзгеріп кете салмайтынын, ол жай сөз қуған адамдардың ерегісінен шығып кеткен әңгіме екенін саралар еді.

Сұхбатты тыңдап болғаннан кейін біз психолог Серікгүл Сәлидің әлеуметтік желідегі парақшасынан ол кісінің психология және педагогика ғылымдарының магистрі, 12 жылдық тәжірибесі бар практик екенін білдік. Психологияға келмес бұрын сегіз жылдай университетте физика пәнінен дәріс беріпті. Бірақ өмірлік миссиясын психология ілімінен тапқанын жазыпты.Аналар үйінде жалғызілікті аналармен, сосын қиын балалармен жұмыс істеген. Психологияға келуі де қызық. Кішкентайы ауырып, бір жылда он екі рет ауруханаға түскенде еден жуушы орыс әйелдің мүмкін бәрі сенің психологиялық ахуалыңа байланысты шығар. Баланың денсаулығы анасының психологиялық саулығына байланысты болады деген сөзінен кейін үлкен ізденіске түсіп, психология саласындағы білімін жетілдірген екен.

Ал Әмір Мәуленов тоқал алуды заңдастыруды қорғап жүрген азамат. Өзінің екі әйелі, он баласы бар. Ол тіпті кей сұхбаттарында өз қыздарын да тоқалдыққа беруге қарсы емес екенін айтқан. Қазақ жігіттері тоқал алатын болса, үй әперетінін айтып, жігіттерді тоқал алуға шақырып жүрген жайы бар. Ол тоқал алуды заңдастыру арқылы елдегі біраз мәселелерді шешуге болады, соның ішінде зинақорлықты жойып, педофильдердің де жолын кесуге болады деген сенімде.

Г. СҰЛТАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button