Желідегі жазбалар

Абай атамша айтқанда…

Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре – көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.

«Ұлағатты ұрпақ» жобасымен ел бағу,  қайырымдылық жасау, жұртқа көмектесу, жас ұрпаққа дұрыс жол бағыттау, ауылға көмек көрсету.

Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!

Айналып келгенде өз ауылыңның адамдары қолдамаса, қыруар малы бола тұра қаладан келіп сенің бір жақсылық орнатқаныңды күтіп отырса, саған ниеттес, тілеулес болудың орнына сені қашан сүрінер екен деп қызық көріп күтіп отырса, бетіңе күле қарап, былай айнала бере қырт сөз, қисық әңгімеге айналдырар болса өзің де шаршап тынады екенсің.

Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Ауылда тұрғанда бақпаған малды енді қалаға келгенде бағып масқараға ұшырар жайым жоқ. Мал өсірген адамның басым көпшілігінің малдан басқа айтар әңгімесі де қалмайтынын, әр малы бауырындай боп көрініп,  садақа тұрмақ зекетке қия алмайтынын көзімізбен көріп жүрміз. Оның үстіне бұл малмен мал болмайынша бұл мал шіркін өспейтін бір мақұлық.  Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.

Пьеса жазып драматург болу.

Жоқ. Не айтпақ болғанын өзі де білмейтін, ойы бұлыңғыр, не образ жоқ, не герой жоқ, не актерге ойын жоқ әлдекімдердің шимай шатпағын режисері де, сыншысы да талып түсіп  жабыла мақтап, сенің үңгір адамына да түсінікті, өзектілігі жоғары, айтар ойы атанға жүк болар пьесаңды көзге де ілмесе несіне жазасың?! Ініңдей боп жүрген худругың дүрілдеп тұрған пьесаңды себепсіз репертуардан алып тастаса, ағаңдай боп жүрген  худругың бір де бір пьесаңды қоюға шамасы жетпесе бұл елде кімге ренжисің, неменеге драматург болмақсың?

Саясатпен айналысып, партия ашып, билікке ұмтылу. Жоқ,  бұл да менікі емес. Аталас, жерлес ағаң Нұр Отанның обыстық бөлімін басқарып отырғанда  аудандық праймеризден өте алмай жүрген мен сорлыға  үлкен саясат не теңім?! Билікті ашық сынасаң өзін өзі үш рет атқызатын қоғамда үлкен саясаттан үш рет алыс жүрген абзал. Оның үстіне фейсбук деген құсықхана шыққалы тіпті жоламау керек. Саяси қарсыласыңның жалдамалы блогерлері  көріңді қазып, басыңа нәжістен белгі орнатып береді.  Ал халқыңа ақ екеніңді, адал екеніңді өліп қана дәлелдейсің.

Кәсіп ашып, бизнесмен болып, баю!

Жоқ. Бизнес деген күн сайынғы майдан, қатаң график, тынымсыз еңбек, тоқтаусыз жоспар. Оған қажырым жетпейді.

Біздің елде бизнес тек орыс тілінде жүреді. Әлбетте кадрларың орыстілділер болады. Солардың көңілін таппай, қазақ тілін тәрк етпей бизнес жасалмайды.

Оған менің нервім шыдамайды.

Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған софылық? Оның үстіне ҚМДБ көрсетіп берген дәстүрлі исламның өзімен жүргеннің өзінде айналаң,  туыстарың мен достарың уахабис деген шекеңнен кетпейтін мөр басып бергені неме керек?!

Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, қолдарындағы соткасын тартып ала алмаймын, ауладағы балалардан тағы бөліп ала алмаймын, тексіз қоғамнан алып қашып тауға апарып баққанның мәнісі жоқ, не деп бағайын.

Ақыры ойладым: осы көрген киноларымды өз түсінгенім бойынша жаза берейін, кәсіби сыншы болмасам да әлемдік және отандық киноларды талдап жазып  ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, осы арқылы қазақ көрерменінің талғамын мысқалдай болса да көтерілуіне ықпал етейін, сол арқылы қазақ киносының да дамуын үлес қосып, кино идеологиясы арқылы ұлттық идеологияның қалыптасуына үлесімді қосайын деп. Кімде – кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, сайттар өзіне көшіріп алсын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым.

Жәнібек ӘЛІКЕН.

(«Фейсбуктегі» жазбасы).

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button