Ел ішіТосын жай

Жұмысын істетеді, айлығын бермейді

Киелі Түркістанның көз алдымызда көркейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Зәулім ғимараттар мен көп қабатты үйлер еңсесін тіктеп, қаланы жасартып, жаңартып жіберген. Әрине, мұның артында қаншама адамдардың табан ақы, маңдай тері жатқаны белгілі. Алпауыт құрылыс компаниялары ешкімге ақысын жегізе қоймас. Ал солардың қарамағындағы қарапайым жұмысшылар ше? Олардың ақысы дер кезінде төленіп жатыр ма?

Өткен аптада біз Түркістанға барған сапарымызда бір құрылыс компаниясында жарты жылға жуық жұмыс істеп, еңбек ақысын ала алмай жүрген жігітпен сөйлескен едік. Оның айтуынша, бірнеше айдан бері айлығын ала алмай жүрген өзі ғана емес, мұндайлар Түркістанда өте көп.

«Қазір жақсы өмірді аңсамайтын адам бар ма? Балаларымызға тәуір киім әперсек, жақсы білім берсек, жақсы көлік мінсек дейміз бәріміз. Бір қарағанда бұл қарапайым тұрмыстық нәрсе. Оның еш қиындығы жоқ. Дегенмен бүгінде осының өзіне қол жеткізу қиынның қиыны болып тұр.

Өзім дипломы бар жоғары білімді маманмын. Тек мамандығым бойынша жұмыс табылмай, құрылыс саласында еңбек етіп жүргеніме біраз жыл болды. Тәуір жалақы іздеп Қазақстанның қай жерінде болмадым дейсіз? Тіпті Ресейдің солтүстік жағына да барып, жарты жылдай жұмыс істеп келдім. Шекара асып жұмыс істеу де оңай емес. Бірге бара жатқан серіктеріміздің арасында сақал қойған бір жігіт үшін жеті сағат шекарадан өте алмай тұрған кездеріміз де болған.

Сөмкелерімізді әуелі итпен тексеріп, кейін аузын ашуымызды сұрап, әр затымызды мұқият қарап, ішінде кітап болса, оны оқып, мағынасын тексеріп, әбден әуреге салғаны есімнен кетпейді.

Сондай қиындықтардан өтіп барғанымызда 60 000 рубль жалақыға жұмыс істедік. Сол кезде теңгеге шаққанда 320 000 теңге болатын. Біз үшін бұл көп ақша саналғанымен жалақылары миллионның үстіндегі байбатшалар оны тек түскі асына ғана жаратса керек. Тағы бір күйетінім, Қазақстанда орташа жалақы 200 000-250 000 теңге деп көрсететіндері ғой. Ондай айлық алсақ, 320 000 теңге үшін жылы ұямызды тастап, шекара асып неміз бар?

Сол Ресейде жұмыс істеп жүргенімде қордаланып қалған біраз қарыздарымызды жауып, үйге керек заттарымызды алып, жағдайымыз бір көтеріліп қалған. Жататын жері, тамағы тегін. Жақсы жұмыс істеп, көзге көрінсең емтихан алып, қызметіңді өсіріп, жалақыңды да көбейте береді. Мен солай екі рет емтихан тапсырып, айлығым 250 000 теңгеден 320 000 теңгеге өсті. Бірақ суығына шыдай алмай қайтып кеттім. Бүйрегіме суық тигізіп, ауырып қалдым.

Атырау, Ақтау, Нұр-Сұлтанда да жұмыс істеп келдім. Өйткені Түркістан бұрын өте арзан қала болатын. Бұл жерде барлық заттармен қатар құрылыс жұмыстары да өте арзан бағаланатын. Түркістан облыс болғанда мен секілді тәуір жалақы іздеп, сыртқа кететін жігіттер қатты қуандық. Себебі құрылыс жұмыстары басталып, біз секілді құрылысшыларға жұмыс табылатыны белгілі. Үйіңнен кіріп-шығып, бала-шағаңның қасында жұмыс істегенге не жетсін?! Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Бірнеше құрылыс компанияларында жұмыс істедім. Бәрі жұмысты бастап жатқан кезде айлықты жақсы береді. Ай сайын, жұмысыңды бітіп, наряд жаптың ба, айлығың есепшотыңа түсіп отырады. Бірақ объект бітуге тақағанда бәрінің арты сұйылып кететін әдеті бар. Неге бұлай болатынын түсінбедім.

Биылғы жылдың сәуір айынан бастап атағы дардай бір құрылыс компаниясында үш жігіт бірге жұмыс істедік. Біздің міндетіміз – көп қабатты үйлердің сыртына фасад жасау болды. Үш үйдің сыртын істедік. Құрылыс жұмыстарының оңайы жоқ қой. Жаныңды қинап барып бітеді жұмыс.

Осылай еңбектеніп істеген жұмысымыздың ақысын ала алмай жүргенімізге үш айдан асты қазір. Сұрап барсақ «қайда барып арыздансаңдар да өздерің білесіңдер, біз бере алмаймыз», – дейді. Бере алмаса жұмысшыларды неге жалдайды? Мұндай жұмысты мойындарына неге алады?

Бұл компаниядан ақысын ала алмай жүрген бір біз емес, ішкі жұмыстарын істеген жігіттер де ала алмай жүр. Сонда бұлар сонша адамның еңбек ақысын жайдан жай жеп кете бермек пе? Біздің әрқайсысымыздың ай сайын төлейтін кредитіміз бар. Өзім айына 200 000 теңге көлемінде төлеймін. Істеген жерлерім осылай еңбекақымды бермей кете берсе, қарызымнан қалай құтылам? Банк айлығыңды бергенде төлерсің деп күтіп отырмайды ғой. Бұлар неге соны ойланбайды?

…Сосын жақында құрылыс объектісінде биіктіктен құлап бір үйдің екі баласы қайтыс болды. Жазым шығар. Өлшеп берген өмірі сол болған шығар деп көңіл жұбатамыз ғой. Дегенмен құрылысқа пайдаланылатын құрылғылардың бәрі ескі. Соның кесірінен өледі адамдар. Мұны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Әлгі екі

жігіттің де артында жылап-сықтап әйелдері мен өрімдей жас балалары қалды. Әрине, құрылыс компаниясы өтемақысы ретінде екеуіне екі пәтердің кілтін ұстатыпты. Алайда пәтер деген зат қой. Ол тірі адамның орнын толтыра ала ма? Балаларға әкесін, жесір қалған әйелдерге күйеулерін қайтарып бере ала ма?»

Рас, Түркістанды көркейтуге үлес қосқаны үшін шен-шекпен алып жатқандардың қарасы көп. Ал қарапайым момынның еңбекақысы жайлы еш жерде айтылмайды. Ақысы желінген жұмысшы компаниялардың атын атап, түсін түстеп айтуға «байтал түгіл бас қайғы» болып кетпейік деп жасқаншақтайды. Соны білгесін болу керек, әлгілердің мұртын балта шаппайтыны. Әйтеуір «күштінің артын диірмен тартқан заман» ғой. Қарапайым халықтың мұңын кім мұңдап, жоғын кім жоқтайтынын…

Г. СҰЛТАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button