Ел ішіЖаңғырық

Жезқазғанға жету де бір қиямет…

Осыдан біраз бұрын, өңіріміз «Ковид» індеті бойынша «қызыл аймаққа» енбей тұрғанда Жезқазған мен Алматыға қыз ұзату және келін түсіру тойларына барып қайтқан едік. Сол сапарда көріп, көңілге түйген жайлар жөнінде оқырман назарына ұсынуды ойға алғанбыз.

 Қызылордадан ары қарай жол қиын

Ел ішіне шыға қалсаң, көп нәрсе назарыңды аударады, ой салады. Жезқазғанға барар жолда және қаланың өзінде көрген жайлар да бізді біраз толғандырған еді.

Біз Жезқазғанға жеткізетін «Газельге» Түркістаннан отырғанбыз. Шымкент пен Түркістан, Қызылорда арасындағы жол тақтайдай тегіс, көліктер зырғып отырады. Ал Қызылорда мен Жезқазғанның арасындағы ұзақтығы 400 шақырымнан асатын жолдың аз бөлігі ғана асфальт жамылып жатыр екен, қалғанын ауыр жүк көліктері талқандап тастапты. Бұрын болған асфальт қалдықтары әр жерден көрініп қалады, басқасы әлдеқашан кәдімгі топырақ-тасты жолға айналып кеткен. Екі арада жүретін ескі «Газель» көлігі ойқы-шойқы жолда қойқалаңдап «ішіңді түсіреді». Кей тұста ұйысып, енді  бір тұста сирек өскен шөлейт дала өсімдіктері көсілген кең жазираға аздап рең беріп тұр.

Екі арада ешқандай да елді мекен жоқ. Кей тұстарда тамырын тереңге жіберіп, жерасты суынан нәр алатын жыңғыл ғана жасылданып көрінеді. Жан-жағыңның бәрі шегі жоқтай көрінетін мидай боз дала, алды-артыңа қарасаң, жайдақ жолда Қызылорда немесе Жезқазған бағытында кетіп бара жатқан бірен-саран көліктердің артынан ерген будақ-будақ шаң көзге шалынады. Апшыны қуырған аптап ыстықта қапырық ауамен тыныстап, «көлік бұзылып қалмаса екен», «су таусылып қалмаса екен» деп алаңдайсың. Өйткені ыстық күнде саялайтын көлеңкесі жоқ иен далада жарты сағат тұрып қалудың өзі адамды бір жақты етері анық.

Осы жолды неге асфальттап қоймайды екен? Бұдан бес жылдай бұрын да бұл жолмен жүргенде осылай ойлағанбыз. Қараша айында қар аралас жаңбырдың астында қалып бір әбіржіген едік. Топырағы шыққан тас жол лай-батпаққа айналып, Қарағандыдан Оңтүстікке көмір тасыған жүк көліктері майқандаған ойқы-шойқы жолдың бірер шұқырына түсіп кеткен «Газельді» жабыла итермелеп жүріп үсті-басымыз лаймен сыланған. Аяқ киімге баттасқан батпақ түнгі ызғармен тоң болып қатқан. Түркістанмен арадағы ары кетсе 12 сағаттық жолды бір тәулік жүріп Жезқазғанға әзер жетіп едік. Содан бері жолдың шұқырлары тас-топырақпен тегістелген сияқты, жаздың күні болғандықтан «буксовать» ету қаупі жоқ. Бұл жолы Жезқазғанға аса шаршамай жеттік әйтеуір. Шымкенттен бастап есептегенде 800-900 шақырымдай жол жүріппіз.

Жолда бір байқағанымыз, Жезқазған жақтан үстіне әлдене артқан ауыр жүк көліктері жекелеп те, екеу-үшеуден топтасып та бері қарай өтіп жатты. Олардың бұл жолмен жүріп жатқанына біраз уақыт болған сияқты. Өйткені жолдың екі қапталынан жарамсыз болғасын тасталған доңғалақтар көзге көп шалынды. Оларды жүздеп санауға болатын сияқты. Яғни ауыр жүк артқан көліктер жарылған доңғалақтарын ауыстырғасын жарамсыздарын жол шетіне тастап кете берген. «Сонда бұлар не тасып, қайда тасып жатыр?» – деген сауалымызға өзіміз отырған көлік жүргізушісі мандытып жауап бере алмады. Мүмкін Жезқазған кеніштерінен өндірілген шикізатты тасуда шығар деп топшыладық. Бірақ оны Қызылордаға, Түркістанға немесе Шымкентке жеткізердей бұл жақта кен байыту комбинаттары атымен жоқ қой. Қысқасы, бізді ойландырған бұл сұрақ жауапсыз қалды.

Аптасына 7 вагон таза мыс шығарылады екен

Орталық Қазақстан өңірі – темірдің де, көмірдің де сарқылмастай мол кені бар аймақ. Әсіресе Жезқазған жақта металдың түр-түрі өндіріледі. Бұл аймақты мекендеген адамдар металл өңдеуді ежелгі замандардан-ақ меңгерген екен. Қазақ елін Ресей отарлап алғаннан кейін орыс көпестері бұл өңірден металл өндіруді қолға алған, кейін тіпті Ұлыбританиядан ағылшын байлары да келіп, өндірісті жолға қойған. Қарсақпайда, Жездіде олардан қалған іздер жатыр. Кеңестік кезеңде де Жезқазған мемлекет қазынасын байытуға өлшеусіз үлес қосты. Қазір де ол тәуелсіз Қазақстанның атын шығарып тұр, «Қазақмыс» корпорациясы өндірген мыс әлемдік қор биржасына шығарғанда бірінші кезекте сатылып кетеді екен.

Шағын ғана Жезқазған қаласы тұрғындарының басым көпшілігі мыс өндіретін кен орындарында, шахталарда еңбек етеді. Олардың айлық жалақылары әрқалай. Орташа алғанда 200 мың теңге шамасында. Естуімізше, олардың ішінде 700 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жалақы алатындары да бар. Мысалы, жер қойнауына 1 шақырымнан аса тереңдікке дейін үңгіп барып жұмыс істейтін «проходчиктердің» жұмысы ауыр әрі оның қауіп-қатері көп. Біреулері кентасты бұрғылап, оған жарылғыш зат қояды, екіншілері оны жарып, ұсатылған тастарды вагонеткаға тиеп шығарады. Мұндай жұмыстар жылдар бойы, күні-түні жүріп, мыңдаған тонна жез өндіріліп жатыр.

Осындай жолмен өндірілген руда қаладағы кен байыту комбинатына жеткізіледі, онда түрлі технологиялық процестерден өтеді, кентастан мыс және басқа да элементтер ажыратылып, өңделеді. Біз әңгімелескен Ерлан деген азаматтың айтуынша, пластина түрінде сығымдалған тек мыстың өзінен ғана бір аптада әрқайсысы 120 тонналық 7 вагон металл шығарылады екен. Бұдан бөлек, цинк, марганец, алтын, күміс сияқты металдар да өндіріледі.

Бір кездері Жезқазғанға таяу тұстағы Сәтпаев қаласының маңында «4-ші шақырым», «Весовая» деп аталатын үлкен ауылдар болатын. Сонау 1996-жылдары тұрғындары астымызды үңгіп кен өндіріп жатыр деп мәселе көтеріп, мыс өндіретіндер оны мойындамай жүруші еді. Кейін ол ауылдардың шахталар үстінде тұрғаны рас болып шыққан. Сосын бұл ауылдың тұрғындарын миллиондаған теңге өтемақы төлеп, Сәтпаев және Жезқазған қалаларына көшірген. Қазір ол ауылдардың орны ғана жатыр, асты кеуленіп, кен алынған кей үйлер жер астына опырыла түсіп те кетіпті.

Бүгінде Жезқазғанда жұмыс істеп тұрған бұрынғы шахталар бар, мысты аймақтан жаңадан ашылып жатқан кен орындары да жеткілікті екен. Осынша алып өңірден өндіріліп жатқан металл таусылып қалмай ма, оның саудасынан ел қазынасына қанша табыс түседі екен деген ойлар көкейге келеді.

Жергілікті азаматтардан естуімізше, бүгінде ол жақта жұмыс істеп жүрген ресейліктер баршылық көрінеді. Көпшілігі басшылық жұмыстарда. Тіпті Ресейге күн сайын дерлік ұшақпен қатынайтындары да бар деседі. Жалақылары, әрине, жергілікті еңбеккерлердікінен әлдеқайда жоғары. Әсіресе жаңа кеніштерде қажетті құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп, өнеркәсіп орнын іске қосып берумен ғана айналысатын ресейліктер көп деп естідік.

…Қысқасы, қыруар металл өндіріп, экспортқа шығаратын бай Қарағанды облысы Жезқазған мен Қызылорда арасындағы жолды неге жөндетіп қоймайды деген сұрақ тағы да алдымыздан шықты. Ауыр жүк көліктері қысы-жазы тынымсыз зат таситын болғандықтан жөндеуге уақыт жоқ, ол әрі тиімсіз де шығар деп ойладық. Ал күнкөріс қамындағы қарапайым халық Оңтүстіктен Жезқазғанға әзірге осы жолмен барып жүр. Біз де туысымыздың қыз ұзату тойына, құдалығына осы жолмен барып, қайттық. Құда күтулер Жезқазғанның өзінде, оның іргесіндегі Кеңгір ауылында, сосын жұрт әлі күнге дейін «Рыбачье» деп атап жүрген елді мекенде өтті.

Жалпы аңғарғанымыз – жезқазғандықтар арасында «Қазақмыстың», оған қарайтын басқа да өнеркәсіп орындарының басқармаларында, кеңселерінде, кейбір жалақысы жоғары жұмыс орнында істейтіндердің болмаса, былайғы жұрттың тұрмысы жұпынылау болып көрінді. Кей адамдар күзетші болып істеп, 70 мың теңге жалақымен де күнкөріс жасап жүр екен. Жұмыста мертігіп, инсульт алып, балдаққа сүйеніп, аяғын сүйрей басқан бірер азаматпен тілдескенімізде көңілде ауыр ойлар қалды. Анда-санда көзге шалынып қалатын «Жигули», «Москвичтер», кезінде Екінші Дүниежүзілік соғыста қолға түскен жапон тұтқындары тұрғызған ғимараттар, салынғанына жарты ғасырдан әлдеқашан асып кеткен, көнеріп, тозығы жеткен екі қабатты үйлер «Совет заманынан» хабар беріп тұрғандай. Кей көшелердің шаңы шығып жатыр.

Дегенмен «жарқырап» жүргендер де аз емес. Жаңа типте салынған үйлерде тұратындар, шетелдік аса қымбат көліктермен жүйткіп жүргендер де бар. Мысалы, құны мыңдаған доллар тұратын шетел көлігімен жүрген азаматтың қызы мен күйеу баласында да сондай «темір тұлпарлар» барын көрдік. Қысқасы, жезді қала – Жезқазғанда біреулер шалқи өмір сүріп, біреулер «шықпа, жаным, шықпамен» тіршілік етуде десек болады.

12 коттеджін жалға береді

Сонымен Жезқазғандағы «миссиямызды» атқарып, біз бірер күннен соң қаладан 1300 шақырым қашықтағы Алматыға қарай жолға шықтық. Ол жақта жиен қарындасымыздың ұлы үйленгелі жатыр, соның құдалық-тойына арнайы шақырылғандықтан одан да бас тарта алмаған едік.

Мың шақырымнан асатын жолға жеңіл көлікпен шығуға тәуекел ете алмадық. Өйткені Балхаш жақта жол жөнделіп жатыр екен. «Зайчик» атануға тура келсе де әйтеуір пойызға ілігудің сәті түсіп, сол күннің ертеңіне Алматыға да жетіп алдық.

Жасыл желекке малынған Алматы көңілді бірден-ақ баурап алды. Сол күннің ертеңіне күндізгі уақытта мейрамханаға жиналып, құдалардың қыз ұзату тойына қатыстық, жиеннің үйіне үлбіреген келін түсірдік.

Ал қарсы құда күту Алматының бір әсем бұрышындағы кереметтей етіп салынған қос қабатты коттеджде өткізілді. Бір тәуліктік жал ақысы 170 мың теңге екен. Жертөлесінде бассейн, бильярд, тіпті моншаға дейін бар. Екі қабаттағы еңселі жатын бөлмелердің әрқайсысының «санузелі» ішінде тұрғанына қарағанда, әу баста ол осындай мақсаттарға арналып салынған сияқты. Күзетшісі әрі күтушісі болып отырған орыс әйелді сөзге тартқанымызда оның 200 мың теңге айлық жалақы алатынын білдік. Соның өзін азсынып тұрғаны сезіледі. «Қожайынның осындай тағы да 11 коттеджі бар», – дейді ол. Біз барар күннің алдында ғана онда бір топ жастар бас қосу өткізіпті. Коттеджді күнде болмаса да бірер күн аралатып жалға алатындар табылып жатады екен.

Сонымен не керек, Алматыда жалға алынған коттеджде өткізілген құдалыққа да қатысып, біраз нәрсені көріп қайттық. Жиылған көпшілік арасында астанадан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл, Түркістан облыстарынан барған адамдардан бөлек, Швейцарияда жұмыс істеп жүрген, Францияда оқып жатқан, Түркияға барып қайтқандар да болды. Бірақ олармен жеке әңгіме-сұхбат құрудың сәті түспеді. Шақырған жерден қалмағанымызға, баруға мүмкіндік болғанына, осындай қызықшылықтарды көруді нәсіп еткеніне қуандық.

…Иә, қалай десек те қым-қуыт тіршілік өз әуенімен жүріп жатыр. Былтырғы жылы індет ортамыздан жұлып кеткен бауырымыздың артында қалған жалғыз тұяғы – қызын ұзатып, құтты жеріне қондырғанымызды көңілге медеу еттік, жиеншардың да шаңырақ көтерген қуанышын бөлістік. Бұған да тәубе! Еліміз аман болсын, халықты ауру-сырқау індеттен сақтасын, адамдар тек қызықшылық-қуаныштың ортасында жүрсе екен дейміз. Асты-үсті байлыққа толы Қазақ елінде ешкім де таршылық көрмей, уайым-қайғыға батпай, жайлы өмір сүрсе екен!

Д. ӘБДІЛЛА.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button