Ел ішіЖаңғырық

Жемқорлардың ісіне таңқалмасқа шара жоқ

Қоғамымыздағы ең бір асқынып кеткен дерт – жемқорлық тыйылмай тұр. Қолындағы мүмкіндігін пайдаланып, өзгеден әйтеуір бірдеңе иеленіп қалуға тырысушылар қатары еш азайып жатқан жоқ. Олардың батылдығына таңқаласың.

100 миллион теңгелік келісім

Қызылорда облыстық экология департаменті басшысының орынбасары ұсталды. Бұл жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттік мәлімдеді.

Агенттіктің хабарлауынша, бұл азаматқа мұнай қалдықтарын өңдеумен айналысатын бір серіктестік басшысынан жұмыстарын қамтамасыз етіп, қамқорлық жасап отыруы үшін келісілген 100 миллион теңгенің жартысын, яғни 50  миллион теңге пара алған деген күдік келтіріліп отыр. Ол уақытша оқшаулау абақтысына қамалған.

Ал Қызылорда облыстық экология департаментінің басшысы міндетін уақытша атқарып жүрген Әбдіхалықов деген азамат биылғы ақпан айында 30 миллион теңге пара алу үстінде ұсталған екен. Таяуда сот үкімі шығып, ол 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

Сиырдың жарты етін талап еткен

Павлодар облысында криминалдық полицияның қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Оған параға ет алғаны үшін айып тағылған.

Сот материалдарында айтылғандай, полиция подполковнигі жылқы ұрлағаны үшін сотталып, түрмеде отырып шыққан бір азаматтан ет алу үстінде қолға түскен. Яғни ол жазасын өтеп шыққан адамнан тиісті қамқорлық жасап жүруі үшін соғым етін талап еткен көрінеді. Кейін бұл «сыйлық» көлемі 50-60 кило ет деңгейіне түсіпті.

Ал әлгі адам біраз ойланып, ақырында полицияның өзіндік қауіпсіздік бөліміне шағымданған. Сосын полиция берілетін еттің әр бөлігіне жай көзге көрінбейтіндей етіп «пара» деген жазу жазып, дайындап берген. Подполковник осы етті алып, көлігінің жүк салғышына салып жатқан жерінде ұсталған.

Дегенмен ол өзіне тағылған айыпты мойындамаған. «Ол маған ақша қарыз болатын, етті соның есебінен берді», – деп айтқан. Алайда сот оған сенбеген, подполковникке 1 миллион 300 мың теңге көлемінде айыппұл салған.

Параға қой алған болуы мүмкін

Бүгінде параны заттай алу тәсілі де «гүлденіп» тұрған сияқты. Олай деуімізге себеп жоқ емес.

Мысалы, таяуда Батыс Қазақстан облысында жол полициясының тергеушісі заң бұзушыдан оны жауапкершілікке тартпас үшін пара алған деген күдікке ілікті. Сондай-ақ тағы бір полицейге пара ретінде қой алған деген күдік келтіріліп отыр.

Жетімнің нәпақасын жымқырған ба?

Елордада жетім балалар үйіне азық-түлік алуға бюджеттен бөлінген қаржыны жымқырғандар анықталды. Бүгінде бұған қатысты тергеу-тексеру жүріп жатыр.

Жетім балалар үйінің қажеттіліктеріне деп 2019 – 2020-жылдары 130 миллион теңге қаржы бөлінген екен. Осының ішінен 26 миллион теңгеге жуық қаржы жоғалған. Тексеру кезінде мекеме директоры мен бас бухгалтердің заң бұзушылыққа жол бергені анықталыпты.

Жәрдемін 300 мың теңгеге бағалапты

Шымкенттегі перзентханалардың бірінің бөлім басшысына сот шешімімен 9 миллион 333 мың 333 теңге айыппұл салынды. Ол қызмет көрсетуде жіберген қателігі үшін жұмыстан шығарылу қаупі төніп тұрған медбикенің орнында қалуына көмектеспек болған екен. Яғни басшылықтың шешімін жұмсартуға ықпал етуге уәде берген.

Бөлім басшысы өзінің делделдық қызметін 300 мың теңгеге бағалапты. Ал медбике бұған қатысты тиісті орындарға шағымданып, соның нәтижесінде бөлім басшысы пара ретінде белгі қойылған ақшаны алу үстінде қолға түскен. Ол тергеу кезінде өзінің кінәсін мойындаған. Енді аталған сомадағы айыппұлды қараша айына дейін төлеп бітуі тиіс. Әйтпесе жазасы ауырлауы әбден мүмкін.

Маскаға бөлінген ақшаны жеп қойған

Алматы қаласында қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бірқатар қызметкерлерінің заңға қайшы істері әшкереленді. Оларға және бір кәсіпкерлік нысан құрылтайшысына мемлекетке 250 миллион  теңге көлемінде шығын келтірген деген күдік тағылып отыр.

Сот материалдарында айтылған жайға қарағанда, бұл азаматтар медициналық қабатталған маскаларға бөлінген қаржыға кәдімгі арзанқол маскалар әкеліп өткізген екен. Тексерген кезде олар контрабандалық жолмен жеткізілген болып шыққан. Яғни бұл азаматтар тиісті мақсатқа бөлінген қаржыны өз қалтасына басқан деген күдік бар.

900 мың теңге төлейді

Түркістан облысына қарасты Бәйдібек аудандық мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы міндетін атқарған азаматқа қатысты сот үкімі шықты. Оған алаяқтық жасаған деген айып тағылып, 900 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.

Бұл азамат бір кәсіпкерлік нысанның салыққа 139 мың теңге қарызы барын анықтаған екен. Сосын кәсіпорын басшысына телефон шалып, «қомақты көлемде айыппұл салынатынын, оның үстемесі өсіп отыратынын, кәсіпорынды жауып тастауы мүмкін екенін» айтқан. Кәсіпорын басшысы барып жолыққанда қауіптен құтқару үшін көмек қолын ұсынған, ол үшін 90 мың теңге сұраған. Ал ол адам бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметіне хабарлаған.

Дегенмен бас маманның салыққа қомақты қарызы бар адамды одан құтқаруға мүмкіндік беретін құзіреті болмаған. Сондықтан оның ісі алаяқтық деп бағаланып, айыппұл салынған.

«Моргты» табыс көзі етіпті

Шығыс Қазақстанда сот-медициналық сараптама орталығының басшысы сотталды. Сот оны  3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Орталық басшысы туысы қайтыс болған адамдардан марқұмның денесіне сот-медициналық сараптаманы тез арада жүргізіп бергені үшін 128 мың теңгеден пара алып келіпті. Ол сондай-ақ марқұмның денесін жууға және оны киіндіруге көмектескені үшін де тиесілі ақша алып отырған.

Бұл азамат өзінің «бизнесіне» қарамағындағы 4 адамды тартқан. Олар 1 жылдың ішінде ғана осындай жолмен 1 миллион 500 мың теңге пайда тапқан. Сот аталған орталық басшысына осы істе жәрдемші болғандардың да әрқайсысын 1 жылдан бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Р. ҚАЛТАЙ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button