Ел ішіЖаңғырық

Жастарға неге жанымыз ашымайды?

Бүгінде көптеген жастарымыздың шетелдерге жақсы өмір іздеп кетіп жатқаны жайында жиі жазылып жүр. Негізі қазіргідей жағдайда оларды осы үшін жазғыра да алмайсыз. Кімнің жақсы тұрмыс кешкісі келмейді дейсіз?

Осындайда кейде ертеңгі күнің үшін аса уайымдай бермейтін кеңестік кезеңнің кей жақсы тұстары еске түседі. Мысалы, ол кезде студент жастарды жатақханамен қамту жағы жақсы еді. Оқу барысында олар өндірістік іс-тәжірибеге жіберілетін, оларға істеген жұмысы үшін тиесілі жалақы төленетін. Іс-тәжірибеден өту үшін оларға Қазақстанның ғана емес, одақтас басқа республикалардың өндіріс ошақтары мен мекемелеріне арнайы жолдама берілетін. Олар жолдамамен барған жерінде міндетті түрде жатақханамен, жұмыспен қамтамасыз етілетін. Жалақы алғанша деп оларға қайтарымсыз жәрдем ақша берілетін.

Жастар осындай өндірістік тәжірибеден көзі ашылып, біраз нәрсе үйреніп қайтатын. Ал оқуын аяқтағасын оларға жұмыс орнына жолдама берілетін. Мұнда да солай – барған жері жатақханаға, жұмысқа орналастырады, жәрдем-ақша береді. Одан бөлек, жас маман пәтер алуға үй кезегіне тұрғызылады. Жолдамада бекітілген үш жылда сол жерде еңбек еткен жас көп ұзамай-ақ бір бөлмелі пәтерге қол жеткізетін, бұл екі арада үйленіп, балалы болса, екі бөлмелі пәтер алатын еді.

Жастарға өмірге бейімделіп, аяққа тұрып кету үшін осындай қамқорлықтар жасалатын. Ал қалалардағы кәсіптік-техникалық училищелер мұндай жәрдемнен бөлек, ай сайын 75 рубльден стипендия төлейтін, үш мезгіл тегін тамақпен, киіммен қамтамасыз ететін еді. Осындай кәсіптік оқу орнын бітірген талай жастар кейін өндірісте еңбек озаты болды, білімін жетілдіріп, ұжым басқарды. Оған мысалды көптеп келтіруге болады.

Осының бәрі жастарға жасалған қамқорлықтың арқасында мүмкін болды. Ал қазір ше? Қазір осындай жүйе бар деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз ғой. Ол кеңестік кезеңмен бірге келмеске кеткен сияқты. Бүгінде жастардың басым көпшілігі білім алу мен жұмысқа орналасуда, баспаналы болуда өз қиыншылықтарымен бетпе-бет қалып отыр. Содан кейін олар жақсы өмір іздеп шетел аспағанда қайтеді?

Бүгінде еліміздегі жастардың басым көпшілігі тек ақшаның күшімен ғана «білім алып» жүргені жасырын емес. Көп студенттер үшін жай ғана реферат жазу, оны қорғау ақша тұрады, олар дипломды болса да сатып алады. Бұл туралы студенттердің аузынан жиі естиміз. Дипломды өз күшіммен қорғаймын деген балаға кедергі көп, сондықтан олар да «ақылды» болып алған, босқа жанды қинамайын, бәрібір сатып алуға мәжбүрлейді ғой деген тоқтамға келеді.

Ал «сатып алу» үшін ақша керек. Бала ондай ақшаны қайдан табады? Әрине, жұмыс істейді, косметика, «БАД» сатады, такси айдайды, мейрамханада даяшы, ыдыс жуушы болады, тағы басқадай ілінген жұмысқа жалданады. Осындай әрекеттің үстінде жүрген жас қайтіп толыққанды білім алады, одан қандай білікті маман шығады?

Р. ҚАЛТАЙ.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button