Ел іші

Заңсыз байығандар жауапқа тартылады

Қазақстанда кірісі мен шығысының арасындағы айырмашылық 1 000 АЕК-тен (3 миллион теңге) асатын мемлекеттік қызметшілерге айыппұл салынады. Ал егер айырмашылық жылдық табыстан асса, мемлекеттік қызметтен үш жылға босатылады.

Жақын арада осындай заң қабылданады. Дұрысы – «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.

Егер ол мақұлданатын болса, онда шығысы кірісінен көп мемлекеттік қызметшілер қызметінен босатылады. Бірақ әрбір жағдайда мемлекеттік қызметшілерге шығындардың заңдылығын түсіндіруге мүмкіндік беріледі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың айтуынша, заң жобасында негізсіз баюға жауаптылық енгізу көзделген.

«Бұл норма жемқорлыққа қарсы күрес жүйесінің ең маңызды іргетасы деп айтуға болады. Жасыратыны жоқ, жемқорлықтың арқасында дүние жинап, оларды басқаларға тіркеп, активтерді жасыру схемасы бәріңізге мәлім. Ал осы жасырын байлыққа заңсыз жолмен ие болғанын дәлелдеу оңай емес. Сондықтан азаматтардың шығындары заңды табыстарынан негізсіз асып кетсе, тиісті шаралар қабылдау қажет», – дейді ол.

Осыған байланысты қолданыстағы заңнамада көзделген 10 пайыздық жеке табыс салығынан бөлек, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту ұсынылып отыр.

Атап айтқанда, шенеуніктердің шығысы мен табысының айырмашылығы 1 мың АЕК-тен (3 063 000 теңге) асып кетсе, фискалдық санкция қаралады. Яғни, айырмашылық сомасының 90%-і әкімшілік айыппұл ретінде тәркіленеді.

Алдымен мемлекеттік қызметшілерге шығындардың заңдылығын түсіндіруге мүмкіндік беріледі. Егер сол айырмашылық жылдық табыстан асып жатса және мемлекеттік қызметші оның қайдан шыққанын түсіндіре алмаса, мансаптық жаза қаралады. Яғни үш жылға мемлекеттік қызметтен босатылады.

Десек те бұл заң жуық арада жүзеге аспайды –  2027 жылдан бастап қана қолданысқа енгізілуі мүмкін. Оған дейін республиканың барлық азаматы 2025 жылы өз кірісінің мөлшері туралы есеп береді. Олардың шығысын кірісімен салыстыру процесі содан кейін – 2026 жылы басталады.

«Замана»-ақпарат.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button