Бірінші байлықЕл іші

Вакцинация: жағдай қалай?

Бүгінде әлемде «Ковид-19» індетіне қарсы вакцина егу жаппай жүріп жатыр. Дегенмен оның барысына біржақты баға беру қиын. Бір-біріне қайшы келетін деректер көп.

63 миллион жапон «егілді»

Кешегі аптада Жапония елдегі тұрғын халықтың тең жартысы «Ковидке» қарсы егілудің екі сатысынан да толықтай өткені туралы мәлімдеді. Бұл елде 126 миллионнан астам адам тұратынын ескерсек, онда олдардың кемінде 63 миллионы вакцина салдырды деген сөз. Яғни қай іске болмасын мұқият қарайтын жапондар тәж-вирусқа қарсы вакцина егу мәселесін де ұқыпты жүргізіп жатыр. 2020-жылы бұл елде пандемияға қарсы Экономиканы қалпына келтіру министрлігі, сондай-ақ оған қатысты Комитетке бағынатын «Ковид-19» індетінің таралуына қарсы арнайы орталық штаб құрылған. Осы штаб жұмысты тиімді үйлестіріп отырған сияқты.

Орталық штаб алғашында денсаулық сақтау саласының мамандары мен науқастармен жиі қатынасатын адамдарға, одан кейін 65 жастан асқандарға, сосын созылмалы дерттен зардап шегетіндерге және қарттарды қамқорлыққа алған мекеме қызметкерлеріне екпе жасауды жоспарлаған. (Орайы келгенде айта кетейік, Жапония әлемдегі халқы жедел «қартайып» бара жатқан елдердің бірі. Яғни ондағы халықтың 23 пайыздан астамын жасы 65-тен асқан адамдар құрайды. Кейінгі деректерде олардың жалпы саны 36 миллион екені айтылып жатыр). Жапондар сондай-ақ семіздіктен зардап шегетін жандарды да алғашқылардың қатарында екпемен қамтитын болған.

Қысқасы, жапон үкіметі халықты вакцинамен қамтуға қатысты арнайы жоспар жасап, кесте түзіп, оны жергілікті атқарушы органдарға жіберген. Алғашқы болып биылғы ерте көктемде 40 мыңдай медицина қызметкерлері вакцинациядан өткізілген. Оларға вакцинаның екі дозасы арасына үш апта үзіліс салынып, бір ай ішінде егілді. Вакцинадан өткендер 7 апта бойы өздерін қадағалауы тиіс болды. Олар осы уақыт аралығында өз көңіл-күйі мен денсаулығындағы, ағзадағы өзгерістерге мұқият мән беріп, аңғарғандарын арнайы күнделікке жазып жүрді.

Міне, осындай ұқыпты жүргізілген жұмыстың нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданып, вакцина егу бекітілген тәртіп аясында жүріп отырды. Бірінші кезекте жоғарыда аталған санаттағы адамдардың барлығы (шамамен 50 миллиондай адам)  жүйелі түрде вакцинациядан өткізілді. Екпе жасау осылайша сатылай жоғарылай отырып, Жапония бүгінде елдің 63 миллион  тұрғынын вакцинамен қамтып отыр.

Жалпы, Жапония алғашында тек АҚШ-Германия біріккен «Пфайзер-Бионтех» компаниясы жасап шығарған вакцинаны ғана қолдануды мақұлдады. Оны егжей-тегжейлі тексеруден өткізді. Беріректе ғана «Астра-Зенека», «Модерна» вакциналары мақұлданды. Жапония осы үш вакцинаның 500 миллиондай дозасын алуға келісімдер жасауға қол жеткізген болатын.

Халыққа «Ковид-19» індетіне қарсы екпе жасау бұл елде биылғы ақпан айында басталған еді. Жарты жыл ішінде ел тұрғындарының тең жартысы екпемен қамтылды. Осы қыркүйек айының соңына қарай вакцина алғандар қатарын 60 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

…Жалпы, «Ковид-19» індетін жұқтырғандардың саны бойынша әлем елдерінің тізімінде Жапония бүгінде 25-ші орында тұр. Онда ауру жұқтырғандар саны 1 миллион 646 мың адамнан асқан, бұл дерттен 16 мың 864 адам дүние салған.

«Ковид» көбейіп кетті

Ал Монғолияда түсініксіз жағдай орын алды. Онда кейінгі бірер аптада адамдардың індет жұқтыру жағдайлары артып тұр.

Монғолияда бүгінде 3 миллион 350 мыңдай адам тұрады. Өткен тамыз айының орта тұсында бұл ел тұрғындарының 98 пайызы толықтай вакцинациядан өткені туралы жарияланған болатын. Ал қыркүйек айында онда түсініксіз жағдай орын алды, Монғолия бірер күннің ішінде ғана «Ковид» індетін жұқтырудан адам басына шаққанда әлемде бірінші орынға көтеріліп кетті. Мысалы, өткен 5-қыркүйекте, бір күнде ғана онда індет жұқтырған 7394 адам анықталды. Бұл халқы аз, жері үлкен, тұрғындары шашыраңқы орналасқан ел үшін үлкен көрсеткіш болып тұр.

Жалпы, Монғолияның көп уақытқа дейін «Ковидтен» таза болып келгені белгілі. 2020-жылдың наурыз айында сырттан жұқтырып келген 1 адам анықталғанымен жергілікті тұрғындар арасында індет жұғу оқиғасы өткен жылдың қараша айында ғана тіркелген еді. Ал карантин шаралары онда биылғы ақпан және сәуір айларында қолға алынған болатын. Карантин кезінде адамдарға 300 мың тугриктен (100 доллардан асады) бір реттік жәрдемақылар берілген.

Монғолияда тәж-вирусқа қарсы вакцина егу осыдан жеті ай бұрын басталған. Өткен маусым айынан бері 16 жастан асқандар да өз ерік-қалауы бойынша екпемен қамтылған. Сондай-ақ, ата-ана, қамқоршыларының келісімін ала отырып 12-15 жас аралығындағы балаларға да вакцина егу басталған еді. Тұрғындарды вакцинаға қызықтыру үшін оны толық ектіргендерге 17 доллардан сыйақы төленген.

Монғолия басқа елдермен шекарасын өткен 1-маусымда ашқан болатын. Бұл елдің тұрғындары АҚШ-қа, Түркияға, Грекияға, Тайландқа, Индонезияға, Бразилияға, Үндістанға, Мысырға, Біріккен Араб Әмірліктеріне саяхаттауға мүмкіндік алған. Бүгінде мамандар Монғолияда «Ковидтің» бұлайша бірден күш алып кетуін осы шекара ашылуынан болуы мүмкін деп болжап отыр. «Шетке шыққандар «дельта» штамын жұқтырып келген болуы мүмкін», – дейді олар. Яғни олар «дельта» штамын тәж-вирусқа қарсы егілген вакцинадан соң пайда болатын антиденелерге төзімді дегендей сыңай танытып отыр.

Дегенмен бұл түбегейлі тұжырым емес, болжам ғана. Жаппай вакцинациялаудан соң індеттің өршіп кетуінің негізгі себебі әзірге нақты анықталған жоқ, егжей-тегжейлі зерттеліп жатыр. Екпе алғандарда, егер адам оны жұқтырған болса, індет негізінен аса белгі бермей жүреді екен. Бұл да өз кезегінде оның кеңінен таралуына жол ашып отырған болуы ықтимал дейді мамандар. Яғни вакцина алғаннан кейін адамның қорғаныс қабілеті екі аптадай уақыт әлсірейді, сол кезде індет жұқтыру қаупі екі-үш есе артады екен.

…Ал тәж-вирус індетін жұқтырғандардың саны жөнінен Монғолия қазір әлем елдерінің қатарында 82-ші болып тұр. Бұл елде індет жұқтырғандар саны 257 мың 770 адамға жеткен.

Еврейлер үшіншісін ектіруде

Израильде «Ковид-19» індетіне қарсы жаппай екпе жасау 2020-жылдың соңын ала басталған еді. Олар «ұжымдық иммунитетке» өткен шілде айында-ақ қол жеткіздік деп жар салған болатын. Сонда елдегі 9 миллионға жуық тұрғынның 5 миллионнан астамы екпенің бірінші компонентін, 5 миллионы оның екінші дозасын да алғаны туралы айтылған.

Содан бері де бұл елде тәж-вирусқа қарсы вакцинациялау толастаған жоқ. Израиль тіпті әлемде бірінші болып 12 жастан асқан балаларға вакцина егуді қолға алған. Дегенмен бұл елде індет жұқтыру оқиғалары тыйыла қоймады. Қайта биылғы жаз соңын ала ауру жұқтырғандар саны артып кетті. Мамандар мұның сырын түсіне алмай қалды. «Сол себепті болуы мүмкін» дегендей бірер болжам айтудан ары аса алмады.

Қыркүйек айының басынан бері Израильде вакцинаның үшінші компонентін егу науқаны басталды. Екінші компонентін еккізгеніне 5 ай толғандардың барлығы да екпенің үшіншісін алуға міндетті. Егер вакцина алу мерзімі өтіп кетсе, олар бұрын екпе алмағандардың қатарына жатқызылады. Яғни олардың бұдан бұрын алған екпесі «күйіп» кетеді. Бүгінде бұл елде мамандардың алды вакцинаның төртінші компонентін егуді бастау жөнінде сөз қозғай бастады.

…Коронавирус жұқтыру жағдайы бойынша Израиль бүгінде әлемдік тізімде 32-орында тұр. Еврейлер елінде оны жұқтырғандар қатарын 1 миллион 184 мың адам құрап отыр.

Ресей ақшамен қызықтыруда

Жалпы, бүгінде әлемде «Ковид-19» індетін жұқтырған адамдар саны 232 миллионнан асты. Пандемия басталған 2019-жылдың күзінен бері 4 миллион 814 мыңнан астам адам тәж-жұқпадан айыға алмай көз жұмды.

Коронавирус жұғу көрсеткіші бойынша 200-ден астам елдер арасында АҚШ бірінші орында тұр. Онда індет жұқтырғандар саны 41 миллион адамнан асты. Үндістанда 33 миллионнан, Бразилияда 21 миллионнан аса адам осы індетті жұқтырды.

Бұл жайсыз көрсеткіш бойынша солтүстіктегі көршіміз Ресей қазір әлем бойынша 4-ші орында тұр. Ресейде індет жұқтырғандардың жалпы саны 13 миллион 837 мың адамнан асты.  Сондықтан бұл ел де «ұжымдық иммунитет» қалыптастыру үшін әрекеттеніп жатыр. Осы күздің соңына дейін екпе салдырған адамдар санын 90 миллионға жеткізбек ниетте. (Бұл елде қазір 146 миллион адам тұрады).

Ресейде бүгінде жұртты вакцина алуға ынталандырудың түрлі жолдары жасалып жатыр. Мысалы, кешегі аптада онда вакцинаның екі компонентін де алған адамдар арасында ақшалай сыйлықтар ойнатылды. 42 миллион адам үшін ел қазынасынан 100 миллион рубль қаржы бөлінген болатын. 1000 адамның әрқайсысы 100 мың рубльдік сыйлыққа қол жеткізді.

Ресей құрамындағы Башқұртстанда да осының алдында арнайы лотереялар жасалып, қалта телефондары мен бір бөлмелі пәтер ойнатылған болатын. Таяуда Мәскеуде вакцинаның бірінші компонентін алғандар арасында 5 автокөлік ойнатылған еді.

Індеттің беті қайтты ма?

«Індеттің беті қайтты ма?» деген бұл сұрақты біз өз елімізге қатысты айтып отырмыз. Өйткені кейінгі кезде Қазақстанда тәж-вирустың өршіп, көптеген адамның өмірін қиып кеткені белгілі. Қазақстан әлем елдерінің тізімінде бұған қатысты көрсеткіш бойынша біраз уақыттан бері 36-шы орыннан түспей тұр. Кешегі аптада жарияланған деректерде елімізде «Ковид-19» індетін жұқтырғандар қатары 915 мың 380 адамнан асқаны, Қазақстанда 15 мың 31 адамның осы індеттен қаза болғаны көрсетілді.

Бір көңіл демдейтіні – кешегі аптада еліміздің Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда тәж-вирус жұқтыру оқиғалары 35 пайызға азайды деген мәлімет берді. Яғни індетпен сырқаттану деңгейі төмендеп келе жатқаны жөнінде айтылды. Дегенмен әлі де болса «қызыл» аймақтағы өңірлердің саны «сары» және «жасыл» аймақтағыларды қоса алғандағыдан басым түсіп тұр.

А.Цойдың мәлімдеуінше, бүгінде еліміздегі вакцинамен оны алуға міндетті адамдардың 60 пайызы қамтылып отыр. Яғни оның бірінші компонентін 7 миллионнан астам, екінші компонентін 6 миллионға жуық адамның алғаны жөнінде айтылды.

Елімізде негізінен Ресейдің «Спутник V» вакцинасы және Қытайдың екі вакцинасы мен өзіміздің елде шығарылған «QazVac» екпесі егіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдап, тіркеуге алған «Пфайзер» сияқты батыстық вакциналарға да қол жеткізбек ниетте әрекеттеніп жатыр.

…Жарияланып жатқан деректерге қарағанда, бүгінде бірқатар елдерде мектеп оқушылары да жаппай «Ковидке» қарсы вакциналармен қамтылуда. Тіпті кей елдерде балабақшаға баратындарға екпе салынып жатқаны жөнінде де деректер бар. Бірқатар дамыған елдерде бұл індетке қарсы екпеден бөлек, арнайы препараттар шығаруға әрекет жасалуда. «Ковид» біржола құрып кетпейді, ол табиғатта ұзақ сақталады» деген жайсыз әңгіме көбейіп тұр.

Т. ТҰРАН.

Толығырақ

Ұқсас жазбалар

Back to top button